Орал қаласындағы Жастар мәдениет сарайында ассамблея жастарының қатысуымен жиын өтті. Шара аясында Батыс Қазақстан облысы бойынша «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің филиалына жаңа төраға тағайындалды.

Жас көшбасшыларды біріктіретін және олардың бастамаларына қолдау көрсететін «EthnoTalks 1.0» жастар ұйымы 2021 жылдан бері қызмет етіп келеді. Қазіргі таңда ұйым еріктілерінің бастамасымен қайырымдылық, экология, мәдени мұраны сақтау, әлеуметтік қолдау, мемлекеттік тілді үйрету және
медиасауаттылықты арттыру бағытында бірқатар жоба жүзеге асуда. Атап айтқанда, «Таза орта», «Ел мұрасы», «Қасиетті парыз», «Social-Assambly», «Бірлік тілі» және «JastarMedia» секілді бағдарламалар жастардың белсенділігін арттыруға бағытталған.
Іс-шара барысында облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Дархан Қадыралиев ұйымның бұрынғы төрағасы Дулат Мақатовтың еңбегіне жоғары баға беріп, облыс әкімінің алғысхатын табыстады. Бұдан соң «Қоғамдық келісім» КММ директоры Нұрғали Жолдасқалиев жаңа төраға қызметіне бұған дейін ассамблея жанындағы еріктілер қозғалысы орталығының жетекшісі және «Бірлік» әзербайжан этномәдени бірлестігінің төраға орынбасары қызметін атқарып, белсенділігімен көзге түскен Элькун Жаналиевтің тағайындалғанын айтты.
Жиында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО бойынша департаментінің басшысы Мұрат Байсалов жастарға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған Президенттік жастар кадр резерві туралы кеңінен әңгімеледі. Бұған қоса, кездесуде сөз сөйлеген ұйым мүшелері, соның ішінде филиал төрағасының орынбасары Залина Әлиева, Дулат Мақатовқа бірлескен жұмысы үшін алғыс білдіріп, жаңа төрағаға сәттілік тіледі. Шара соңында қатысушылар арасында интеллектуалды ойын ұйымдастырылып, жастардың білім деңгейі мен логикалық ойлау қабілеті сынға түсті.
Аружан Аманжол,
«Орал өңірі»