Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің 4000-нан астам студент мен магистранты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Тәуелсіздіктің ұрпақтары» атауымен өткен Жастар жылының салтанатты ашылуын тікелей эфирде тамашалады. Онлайн көрсетілім университеттің барлық факультеттері мен мәжіліс залдарында ұйымдастырылды.
Президенттің айтуынша, жастар өз тарихын білуі және мақтан тұтуы қажет. Бүгінгі жас ұрпақ өз елін жоғары биіктерге жеткізе алады деген нық сенім білдірген Елбасы «Қазақстанның болашағын жастарға сеніп тапсыруға болады деп ойлаймын. Біз текке жұмыс істеген жоқпыз. Біз дұрыс ұрпақты тәрбиелей алдық деген сенімдемін. Еліміздің болашағы үшін алаңдамаймыз. Сендер Қазақстанды дамыған 30 елдің қатарына шығара аласыздар», - деп атап көрсетті. Талантты жастар үшін зор мүмкіндіктерге жол ашыларына «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты Жастар форумы тағы бір дәлелдегендей. Президент өз сөзінде жастарды қолдауға арналған шараларды толықтай қамтитын шаралардың ауқымды платформасын қалыптастыру қажеттігін айтқан болатын. Ал бүгінгі форум жастар бас қосқан ашық идеялар алаңы боп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашар, талантын шыңдап, жетістікке жетем деген жастар үшін мотивация болғаны айқын.
«Терең білім – тәуелсіздігіміздің тірегі, ақыл-ой – азаттығымыздың алдаспаны» деген Елбасы атап өткендей, терең білім мен ақыл-ойды қару еткен Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студент жастары үшін де Жастар жылы жасампаз істермен дәлелдер мерейлі жыл болмақ.
Рита Сұлтанғалиева,
М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың баспасөз қызметі
Фото: Рафхат Халелов