Бүгін Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында ақпараттық дәріс өтті.

Дәріске Батыс Қазақстан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өкілдері қатысып, бірінші курс студенттеріне вейптер мен дропперліктің қауіптілігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Департамент мамандарының айтуынша, бүгінде оқу орындарының білім алушылары – қауіп-қатер тобына жататын азаматтардың қатарында. Сондықтан бұл шара жастардың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған. Сонымен қатар дәріс барысында ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің өндірісінде болған қылмыстық істер бойынша практикалық кейстер мен пайдамалы бастамалар ұсынылды.

– Қазіргі кезде алаяқтардың айласы құрық бойлатпай тұр. Олар жалған сайттар жасайды, тұрғындарға банк немесе мемлекеттік орган қызметкерлері атынан хабарласады. Сондықтан әрбір жас өз құқықтарын қалай қорғау керектігін біліп жүруі тиіс. Олардың алаяқтарға алданып қалмауы үшін үнемі осындай ескерту және түсіндіру жұмыстарын жүргізу өте маңызды деп есептейміз. Жалпы біздің агенттіктің тәжірибесіндегі қылмыстық істерден мысал келтіретін болсақ, Алматы және Астана қалаларында жеңіл ақша таппақ ниетпен дропперлікпен айналысқан студенттер қолға түсті. Олардың үстерінен қылмыстық іс қозғалып, тергелуде, – дейді БҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің бөлім басшысы Нұрлыбек Жақсығалиев.
БҚАТУ баспасөз қызметі