Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде Политехникалық институт оқытушыларының ұйымдастыруымен «Өз болашағыңды сақта!» атты кездесу өтті.

Шараға облыстық АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығының эпидемиолог дәрігері Алтынай Ашигалиева қатысып, АИТВ және ЖИТС жұқпалы дерттері туралы ақпарат берді. Дәрігер маман мұндай дерттерді таратушылар қалада ғана емес, ауылдық жерлерде де кездесетінін жасырмады. Әсіресе, жастар арасында аталған вирустық инфекцияны жұқтыру қаупі жоғары екенін айтып, статистикалық мәліметтермен таныстырды.
– АИТВ – адамның иммун тапшылығы вирусы. Бұл вирус адамның ағзасына енгеннен кейін АИТВ инфекциясының дамуына әкеліп соқтырады. Ал ЖИТС – жүре пайда болған иммундық синдром, бұл – алдыңғы инфекцияның соңғы сатысы. АИТВ адамның иммундық жүйесінің жасушаларын бірнеше жыл бойы бұзады, нәтижесінде иммун тапшылығының дамуынан адам ағзасы кез келген инфекцияға төтеп бере алмайтын жағдайға жетеді. Жұқтырған кезден бастап АИТВ инфекциясының алғашқы көріністеріне дейін үш-төрт аптадан – бір жылға дейін уақыт өтеді. Науқас ұзақ уақыт бойы ауру белгілерін сезінбей, толыққанды жұмыс істеп, белсенді өмір сүріп, отбасын құрады.

Яғни, жұқтыру белгілерін сырттай анықтау мүмкін емес. Себебі АИТВ-ға тән ерекше симптомдар жоқ, оның клиникалық көрінісі әртүрлі болуы мүмкін, – деді эпидемиолог дәрігер Алтынай Есболқызы. Бұл індетті жұқтырған науқастар туралы дерек құпия түрде сақталатынын жеткізді. Сонымен қатар дәрігер жастарға есірткілік заттардан да сақ болу қажеттігін ескертті.
Кездесу барысында тақырыпқа сәйкес бейнеролик көрсетіліп, ақпараттық парақшалар таратылды.
БҚАТУ баспасөз қызметі