20.06.2022, 17:00
Оқылды: 50

Жастарға рухшылдық жетіспейді

Биылғы жыл Қазақстан халқы үшін өте ауыр оқиғалармен басталғаны бәрімізге мәлім. Еліміз «Қасіретті қаңтар» оқиғасын басынан кешірді.
Өкінішке қарай, бүлікшілердің, қарақшылардың, лаңкестердің кесірінен қаншама азаматымыз қаза болды.

WhatsApp Image 2022-06-20 at 16.44.19
Қара халық үрейленіп, қалай қорғанарын білмей қалды.
Бейбіт тұрғындар кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін біле алмай, теріс пиғылды адамдардың қолшоқпарына айналды.
Өкінішке орай, бұл оқиғаға дер кезінде тойтарыс бере алмау кесірінен бірнеше күнге созылып кетті.
Тізбектеп жазар болсам, өкінішті тұстары көп. «Неге олай болды? деген сұрақтың да бірнеше жауабы бар. Ал мен бір-ақ жауап айтар едім – біздің жастарымыз бұған мүлдем дайын болмады, себебі мұндай жағдайға біз оларды дайындай алмадық. Бұл - менің жеке көзқарасым.
«Тәуелсіздік ұрпақтары – жастар», «Біздің болашағымыз – жастар», «Қазақстан – дарынды жастар мекені», «Жастар – мемлекетіміздің мәртебесі» және тағы басқалар. Осындай сынды атойлаған ұрандар көп. Бірақ іске келгенде әттеген-ай дерлік тұстары да көп.
Қазақта «Өткен күннен алыс жоқ, келер күннен жақын жоқ» деген сөз бар.
Өткен күнге көз жүгіртсек, өз мемлекетінің баға жетпес символдық капиталы саналған әрі сол елдердің халықаралық аренада тиімді ілгерілеуіне септігін тигізген тұлғаларымыз баршылық.
Ұлы дала әл-Фараби мен Яссауи, Күлтегін мен Бейбарыс, әз-Тәуке мен Абылай, Кеңесары мен Абай және басқа да көптеген ұлы тұлғалар шоғырын дүниеге әкелді. Осындай ерекше атауға ие тұлғаларымыздың бірі – алмағайып заманның заңғарлары болған Алаш азаматтары еді. Олардың барлығы сол кезде тым жас-тұғын.
«Дүниенің төріне тырмысқандар төрден орын алады, тырмыспағандар есікте қалады. Есікте қалмай, төрге тырмысалық!» - деп барша қазақ жұртына үндеу тастаған Алаш қайраткерлері алмағайып замандарда саналы ғұмырларын ұлт жолына бағыштады.
1905 жылдың 9 қаңтарында «Қанды жексенбі» атанған Ресей бейбіт шаруа қозғалысы Петербордағы Патшаның қысқы сарайына басып кірген толқуынан соң қазақ жастары ұлт-азаттық жолына түскен еді. Қазақ жастарының бұл саяси қадамы – ренессанстық сипатқа ие болды. ХХ ғасырдың басы қазақ ұлты үшін – шын мәнінде ояну ғасыры болатын.
1905 жылы оқыған қазақ жастары Қоянды жәрмеңкесінде бас қосып, «Қарқаралы құзырхатын» жазып, Патша үкіметіне жолдап, қазақтың мүддесін қорғайды. Не бәрі 30 жастағы Ә.Бөкейхан өзінің үзеңгілес сенімді серіктерімен Ордасы құлаған қазақ мемлекетінің іргесін нығайтып, өз алдына дербес автономия қылу қамына белсене кірісті. Алаштың аймүйіз азаматтары – «түзу қалам – қисайған, өткір қалам – мүжілген» қиян-кескі тірліктің тезінен өтіп, қара бастарын ұлт бостандығы үшін қатерге тігіп, асыл идеялары мен елшілдік ұстанымдарына адал болды.
Түрлі тарихи дүмпулер мен толқулардың қақ ортасында болған да сол жастар. Бірінші дүниежүзілік соғыс, ақпан һәм қазан төңкерісі, азамат соғысы...
1917 жылы ұлт-азаттық қозғалысына қатысқан тағы сол жастар.
Бертін келе 1986 жылы желтоқсан көтерілісінде бас көтерген сол бір жастар. Қайрат Рысқұлбековтің жасы 20-да ғана болыпты.
1991 жылы қыркүйекте Оралдағы казактар сепаратистік ұрандарды ашық тастап, Урал автономды облысын құру идеясын айтып, оған Орал, Гурьев және Ресейдегі Қалмық автономиясын енгізуді көздеп, Оралда жиналғанда, олардың бұл пиғылының быт-шытын шығарған да сол бір қазақ жастары. Осы қозғалысқа қолдан көк туды жасап алып, өліспей беріспеуге тырысқан оралдық жігіт Мұнайдар Балмолда не бәрі 22 жаста болыпты.
Азаттық жолында кілең жастар ғана жүріп өтіпті.
Ал, қазіргі жастар ше? Оларды тіпті сол бір кездердің жастарымен салыстыруға келмейді. Қазіргі заман батырлары қайда? Қаңтар оқиғасында бүгінгінің Махамбеттері мен Исатайлары неге шықпады? Бүгінгі Қайраттар мен Мұнайдарлар неге атойлатпады?
Бұл бүкіл жастарға күйе жағу емес. Бірақ «бір кем дүние» болғаны рас.
Қазіргі жастар қайда жүр? Осы сұрақты өзіме қойып, бірнеше күн жауап іздеп, жүйрік ойға аттандым.
Жастардың бірқатары әнші, биші, күйші боп кетіпті. Оның ішінде таланты бар-жоғына қарамастан, сахнада өзінше «жұлдыз» көп. Біреуі туды қорласа, екіншісі қымбат көлігі мен зәулім сарайын көрсетіп, мақтанып әлек.
Енді бір тобы өздері түсінбейтін дәстүрлі емес дінге бет бұрыпты.
Шетелде оқып жүргендері қалайда сол жақта қалуды көздеп жүр.
«Қайтсем дәулетті боламын, оңай олжаға кенелемін?» деп бос лауазымдарды кадрлармен толтырып жүргені қаншама?
Енді біреулері «солақай» блогер атанып, өзінше тренинг өткізіп, телефоннан түспей, сериалдардағы сөздерге цензура жасап мәз.
Ең сорақысы, ЛГБТ мен біржынысты болып, әлеуметтік желіні жарып жүргендер де бар.
Бүгінгінің жастары қолына қару алып, содырлардың көзін жоймақ түгілі, кейбірі айтар ойын жеткізе алмайды, сөйлер сөзін саптай алмайды. Бұл – жастардың бәріне бірдей күйе жағу емес. Бірақ, шындық.
Бұған билікті, қоғамды, заманды кінәлауға болмас. Өйткені билікте отырған да, қоғамды құратын да, сол заманда туатын да – ол адам баласы. «Қалауын тапса, қар жанар» демекші, әр нәрсенің шешу жолдары да бар.
«Жас келсе – іске». Жалпы жастардың энергиясы көп, ал қабілеті өте жоғары. Оларды тек бағыттау керек. Жастарға рухшылдық пен патриотизм, батылдық пен өжеттілік жетіспейді.
Дегенмен де көкірегі ояу, көзі ашық бүгінгі жастарымыз бар екен, алайда саусақпен санарлық. Әлеуметтік желідегі бір топ қазақ жастарының мемлекетке үндеуін көріп, өте риза болдым. «Біздің тамырымызға тамызылған у бойымызға дендеп жайылып кетпей тұрғанда күштік құрылымдар өз құзыретімізді пайдаланып, теріс пиғылды адамдардың бетімен кеткен әрекеттеріне тыйым салуды талап етеміз» дейді намысты қазақ жастары. Бір ұққаным – үндеу айтқан жастарымның манағы дүдәмалдардың теріс әрекетіне ызасы от екен. Ендеше, біз сол жалындаған отты өшірмей, керісінше оларға барынша қомақты қолдау көрсетіп, жастарды тәртіпке салуға атсалысуымыз керек. Олар бұл жолда білектің күшіне жүгінсе де, екі ұшын қарап, әділдік танытуды ұсынамын.
Жоғарыда мен тізбектеп айтқан жастарды қалай сипаттасам екен деп ойлағанда, күні кеше, 16 маусымда өткен Ұлттық құрылтайда Мұхтар Шаханов ағамыздың қолын сермеп тұрып айтқан бір шумақ өлеңі дөп келе кетті:
Шындық кейде қалың арпа ішіндегі бір бидай,
Неге әділдік күресінде жұрттың көбі «Тымпибай»?
Ұлтсыздыққа, рухсыздыққа кім батылдық көрсетпесе қырғидай,
Ондайлардың бүгінгі аты «Ырбигүл» мен «Жырбибай».
Келісті ұйқастар, астарлы ақиқаттар. Ұлдарымыз жырбибайлар, қыздарымыз ырбигүлдер боп кетіп барады екен.
Ал, «Мен жастарды кім ретінде көргім келеді? деген сұрағыма, «Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйінерге жарар ол!» деген ұлы Абай хәкімнің ұлағатты сөзіне лайық образда көргім келеді» деп өз-өзіме жауап бердім.

Болатбек Нұрғожин,

БҚО Полиция департаментінің ресми өкілі,

полиция полковнигі 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале