21.09.2021, 9:20
Оқылды: 62

Жастарға үлкен мүмкіндік

Кәсіби білікті, талабы мен таланты қатар ұштасқан жастың қанатын қағып, көкке самғауына мүмкіндік беретін тың жоба  –  Президенттік жастар кадр резерві.  2019  жылы  іске  қосылған  бастаманың жастарға берері мол. Бұған  дейін 300 жас кадр резервінде болса, биыл  50 адамды қабылдау көзделіп отыр.  Президенттік жастар кадр  резервіне іріктеу 1 қыркүйекте басталды.

резерв10092019

Конкурсқа 35 жастан аспаған, жоғары білімді, кемінде 5 жыл жұмыс өтілі бар және мемлекеттік тілді орта деңгейде меңгерген Қазақстан Республикасының азаматтары жіберіледі. Осы іріктеудің үлкен жаңалығы – үміткерлер  мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін растау қажет. Ұлттық стандарттарға сәйкес мемлекеттік тілді меңгеру орта В1 деңгейінен төмен болмауы керек. Яғни резервке үміткер адам тірек сөздерді қолдана отырып, мәтін құрастырып, өз пікірін қарапайым сөйлемдермен дәлелді түрде жеткізе алуы шарт.

Президенттік резервтегі азаматтарды саяси лауазымдарға, «А» корпусының лауазымдарына және «Б» корпусының басшы лауазымдарына тағайындау көзделеді. Айта кетейік, азаматтар резервте  3 жыл тұрады.

Үміткерлердің құжаттарын қабылдау 1-30 қыркүйек аралығында өтеді. Артынша  мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілеті бағаланады. Бұл кезең биылғы 2-9 қазан аралығында өткізіледі. Үшінші кезеңде жағ-даяттарды шешуге байланысты тапсырма беріледі. Бұл 12-17 қазанда өткізіледі деп жоспарланған. Кейін үміткердің құзыреттіліктері тексеріліп, сараптамалық комиссия өкілдері қатысушылармен әңгімелесу өткізеді. Осы кезеңнің қорытындылары бойынша ең жоғары нәтижеге жеткен кандидаттар резервке іріктеудің келесі кезеңіне жіберіледі.

«Құзыреттерді бағалау» кезеңі екі блоктан тұрады: ассесмент-орталық биыл 25 қазан мен 15 қараша аралығында оффлайн форматта, ал  құзыреттер бойынша сұхбат  20-28 қарашада онлайн өтеді.

Балдық көрсеткіш жиынтығында іріктеудің алдыңғы кезеңдері бойынша ең жақсы нәтижелер көрсеткен қатысушылар резервке іріктеу жөніндегі сараптау комиссиясының мүшелерімен әңгімелесуге шақырылады. Сараптау комиссиясының отырысы биыл  3-10 желтоқсан күндері  өтеді.

Сараптау комиссиясы әңгімелесу қорытындысы бойынша резервке алуға ұсынылатын ең жоғары нәтижесі бар қатысушылар қатарынан кандидаттардың тізімін қалыптастырады. Тізімді Кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссияның қарауына жібереді.

Конкурстың қорытынды кезеңін Кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссия биыл 13-25 желтоқсан аралығында өткізеді. Онда сараптау комиссиясы ұсынған ең үздік кандидаттар қаралады. Комиссия отырысы қорытындысы бойынша кандидаттарды Президенттік резервке алу туралы шешім қабылданады.

2019 жылғы іріктеу қорытындысы бойынша конкурсқа қызығушылық білдірген 13 мың адамның 300-і резервке алынды, оның 184-і жұмысқа орналастырылды. Президенттік жастар кадрлық резервіне іріктеу – жаңа буынның жас және талантты кәсіпқойлары үшін ашық конкурс.

Көшбасшылар қатарына кіру мүмкіндігін жіберіп алмаңыз!

Ғалым Тұрсынбаев,

ҚР Мемлекеттік қызмет  істері агенттігінің БҚО бойынша департамент басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале