Тасқала ауданының тұрғыны Латиевтер отбасы түрлі бизнеспен айналысады. Шағын ғана үйдің ауласынан орын тепкен кішкентай цехта қысы-жазы жұмыс қайнап жатады. Әсіресе, жаз кездерінде тапсырыстың көптігінен ерлі-зайыпты Серік пен Бақыт таңға дейін жұмыс істеп, тапсырыс орындайды. Кішкентай цехтың бір бұрышында қаз-қатар кір жуатын автомат машиналар, енді бір бұрышында жастықты жаңартып беретін аппарат, тағы бір бұрышында тігін машинасы мен қажетті құралжабдықтар орналастырылған. Ең алғаш монша жағып, кәсіп бастаған жұбайлар жыл сайын бизнес түрін кеңейтіп келеді.
– Осыдан біраз жыл бұрын ең бірінші монша салып, бизнес бастадық. Ол кезде ауылда ешкімде монша жоқ еді. Заман талабына сай, душымен салынған моншаға адамдар көп келе бастады. Кейбірі құрылысы қалай салынғанын қарап, қызығып сұрайды. Содан ауылда монша көбейе бастады. Кейіннен кір жуатын машина алып, кір жуатын орын аштық. Іссапарда жүрген немесе жұмыс барысымен осы ауданда еңбек ететін салт басты жігіттер киімдерін бізге жудыратын. Бұл қызмет аудандық полиция бөлімінің уақытша еркіндікті шектеу изоляторындағыларға қолайлы болып, олармен де келісімшарт бойынша жұмыс істедік. Шекарашылар көп келеді бізге. Ауылдағы жеке адамдар да қысқы, қалың киім-кешектерін, ауыр пледтерін бізге жуғызып алады, – деп әңгімесін бастады Серік Латиев.
«Ақ мамық» – тәтті ұйқыға кепілдік
Ерлі-зайыпты кәсіпкерлер «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы несие рәсімдеп, көптен ойда жүрген ескі көпшіктерді жаңарту ісін қолға алған. «Ауданда жоқ қандай қызмет түрін қолға алсам екен?» деп үнемі ізденіс үстінде жүретін отағасы Серік көкшетаулық кәсіпкердің көпшік тазартатын аппаратын сатып жатқанын көріп қалады. Хабарласып, бірден алып келеді.
– Әр үйде біраздан келе жатқан әбден тозығы жеткен жастықтар болады. Соны әбден тазартып, жап-жаңа қылып береміз. Бірнеше жылдан бері келе жатқан жастықтардың тігісін сөккенде ішінен шықпайтын нәрсе жоқ. Өлген бақа, үйректің басы, ине, қайшы тағы басқа заттар шығады. Иелері шошынып жатады. Біреулер көпшіктің сыртқы қабын алмастан қаптай берген. Кей жастықтан 14 қапқа дейін шыққан кездер болды. Жастық – адамның жұмыстан шаршап келгенде демалатын төсегі ғой. Сондықтан көпшіктің құрғақ, жағымды иіс шығып тұрғанының жөні бөлек. Аппарат құр тазалап қана қоймай, арнайы жарықшамы арқылы дезинфекция да жасайды. Тапсырысты алғанда көпшікті қымбат маталармен өзіміз тігіп, дайындап береміз, – дейді әңгімеге араласқан отанасы Бақыт.
«Ақ мамық» цехын іске қосқалы тұтынушылар қатары көбейген. Жаз мезгілінде аппараттарын арқалап, Орда, Сайқын ауылдарын аралап, жұртшылықтың жастығын жаңартып, алғысына бөленді. Әр тұтынушысына ерекше мән беретін кәсіпкерлер ең көп көпшік әкелген, ең көп тұтынушы жіберген клиенттерін әркез назарда ұстап, арнайы сыйлық беріп, марапаттап отырады.
Қолы қалт еткенде іс машинамен қажет дүниелерді өзі тігіп алатын кейіпкеріміз Бақыт соңғы жылдары көпшіліктің сұранысымен арнайы сөмкелер, тойбастар кәделер, оған қоса киім-кешек тігіп, сата бастаған. Қазіргі күнде тасқалалықтар Бақыт шеберханасына жиі тапсырыс береді.
«Бақыт» шеберханасы
– Еліміз бойынша қолөнермен айналысатын қыздар жиналған чатқа қосылдым. Ол жерде мықты шеберлер жиналған. Солардан көп нәрсені үйрендім. Қазіргі күнде ұлттық нақыштағы шоппер сумкалар, тақиялар, түрлі принттермен жасалған шағын жастықтар тез өтеді. Көбіне тойбастарға, құда-құдағайларға беруге тапсырыс беріп жатады. Ұлттық нақыштағы оюлар, принттер, түйме қадайтын түрлі аппараттардың бәрін Қытайдан тікелей тапсырыс беріп алдырттым. Өзім киім сатып алмаймын. Соңғы сән үлгілерін қарап отырып, көйлек-кофталарды тігіп аламын. Балаларға да сапалы матадан спорт костюміне дейін тігемін. Бұл нарықтағы бағамен салыстырғанда әрі арзан, әрі ақшаға үнем. Өйткені балалар тез өседі. Қымбат бағаға алған бір жейде санаулы айлардан соң сыймай қалады. Сондықтан қолдан келсе, өзің тігіп алған әлдеқайда тиімді, – дейді бізбен ой бөліскен Бақыт.
Отағасы Серік, негізінен, вахталық әдіспен жұмыс істейді. Қолы бос кезінде үйдегі жұмыс жетерлік. Одан бөлек үйді еурожөндеу, құрылыс бойынша тапсырыс алады. Отанасы Бақыт –
Тасқала колледжінде оқытушы. Күндіз жұмыста жүретін Бақыт тапсырыстар бойынша жұмысын кешкілік бастайды. Оған дейін кейіпкерлерімізбен бірге тұратын ата-енесі тапсырыстарды қабылдап алып, қолғабыс етеді.
– Кешкі алтыдан кейін екінші жұмысым басталады. Көпшік тазартамын. Кір жуамын. Іс тігемін. Өзімнің сүйіп жасайтын жұмысым болғандықтан, шығар, уақыттың қалай өткенін байқамаймын. Кейде бір күнім екінші күнге жалғасып кетіп жатады. Көктемде бастауыш сынып оқушыларына монтье тігетін болдым. Өзім үлгермей, жұбайымды оятып алып, түнімен отырып, бітіріп бердік. Тапсырыс көп түседі. Тұтынушыларға арналған арнайы дәптерім бар. Соған бәрін жазып отырамын. Көпшілігімен кері байланыс жасап, тазалап берген жастығымыздың жағдайын сұрап тұрамыз. Ондағы мақсат – біздің тараптан кеткен кемшілік болса, түзетейік дейміз ғой. Аллаға шүкір, бірде-бір тұтынушымнан шағым түскен жоқ, – дейді бұл күндері өз ісінің шеберіне айналған Бақыт.
Бақытын еңбектен тапқан ерлі-зайыпты кәсіпкерлердің алға қойған арман-мақсаты көп. Қазіргі күнде олар аула ішіндегі цехты кеңейту жұмыстарын жүргізуде. Әрдайым ізденіс үстінде жүретін кейіпкерлеріміз соңғы кездері әлеуметтік желідегі инстаграмм парақшасын дамытуға ерекше мән беріп жүр. Олар «Тасқала көпшік тазарту» парақшасында өздерінің соңғы жаңалықтарымен бөлісіп тұрады.
– Ауылда жұмыс жоқ дегендермен келіспеймін. Ерінбей еңбектеніп, көзін тапқанға ауылда жұмыс көп. Қазір кәсіп бастаймын деген ауыл адамдарына мемлекет тарапынан да қолдау бар. Алдағы уақытта мемлекеттік бағдарламалар арқылы кәсібімді одан әрі кеңейтуді жоспарлап жүрмін, – дейді кейіпкеріміз Серік Ерболатұлы.
Әркез бір-біріне қолдау көрсетіп, өздері бастаған кәсіптің қиындығына шыдап, қызығына қуанып жүретін жұбайлардың отбасында үш перзент өсіп келеді. Олардың үлкені Орал қаласында студент, әрі қосымша жұмыс жасайды. Екеуі мектеп жасында. Қарашаңырақты қазынаға айналдырып отырған Серіктің ата-анасы да немерелеріне қарасып, жас кәсіпкерлерге әрдайым қолдау көрсетеді.
Кейіпкеріміз Бақытқа ауылдағы мектептерден «Көпбалалы аналарға көмек көрсетсеңіз» деп жиі хабарласады екен.
– Біздің кәсіп бастағанымызға көп бола қойған жоқ. Сондықтан бөліп берердей мол қаражатымыз да жоқ. Бірақ сол көпбалалы аналарға бала киімдерін қалай тігу қажеттігін, қандай мата таңдау керегін үйретіп, шеберлік сағатын өткізе аламын. Алла бұйырса, цехымды үлкейтіп алған соң, ауылдағы көпбалалы аналарды жинап, олармен білгенімді бөліскім келеді, – дейді Бақыт.
Гүлжамал Жолдығали,
«Орал өңірі»