Міне, ескірмес естеліктерін тарих еншісіне қалдырып, Тышқан жылы қыр асқалы да көп уақыт өте қойған жоқ. «Туған ай туралған ет» дегендей, жаңа күнтізбенің алғашқы парақтарын ашқанымызға да жарты айдай болып қалыпты. Былтыр облысымыздың ауыл шаруашылығы саласында нендей істер тындырылды, қол жеткен жетістіктер қандай? Аман-саулығының өзін «Мал-жан аман ба?»-дан бастайтын қыр қазағы қыс қаһарын қалай еңсеруде? БҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллинмен әңгімеміз осы сауалдар төңірегінде өрбіді.
Өмірдерек
Жасұлан Халиуллин 1985 жылы Сырым ауданында дүниеге келген. Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетін экономист-бухгалтер, Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетін құқықтану мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын Сырым аудандық қазынашылық бөлімінде маман болып бастаған ол 2007 жылдан бері облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында еңбек етіп келеді. Бас маман, бөлім басшысы, басқарма басшысының орынбасары болған Жасұлан Жолдыбайұлы өткен жылдың 30 қыркүйегінде басқарма басшысы болып тағайындалды.
Жанұялы, екі ұлдың әкесі.
– Тіршіліктің күре тамыры теңге ғой. Алдымен, өткен жылы сіздің сала бюджеті қандай болғанын білсек...
– Жасыратыны жоқ, әр жылдың өз тарту-таралғысы, қиындық-қызығы болатыны белгілі. Жалпы алғанда, біздің сала үшін өткен жыл табыссыз болған жоқ.
Оны әңгіме ауанына қарай тарқатып айтармыз. Алдымен, бюджет жайына келсек: былтыр облысымыздың ауыл шаруашылығы саласын қолдауға мемлекет қазынасынан 20,4 млрд теңге қаралса, соның ішінде, өсімдік шаруашылығына 498,5 млн теңге, мал шаруашылығына 8433,3 млн теңге, инвестициялық салынымдарды субсидиялауға 4705,8 млн теңге, нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға 3943,1 млн теңге, несиелер мен лизингтің пайыздық мөлшерлемелерін субсидиялауға 2335,6 млн теңге және басқа да шараларды өткізуге 461,6 млн теңге бөлінді. Сондай-ақ ауыл шаруашылығын қаржыландыруға шаруашылықтармен 19 млрд теңгеден астам несие ресурстары тартылып, лизинг бағдарламасы арқылы 6 млрд 69 млн теңгеге 783 дана ауыл шаруашылығы техникалары мен қондырғылары сатып алынды.
Ал енді жыл бойғы ауыл шаруашылығының жалпы өнімі мен көрсетілген қызметі 184989,6 млн теңге болса, негізінен өндірілген өсімдік шаруашылығы өнімі 74123,2 млн теңгені, мал шаруашылығы өнімі 110451,7 млн теңгені, ал түрлі қызметтер 414,6 млн теңгені құрады. Статистикалық ақпарат бойынша нақты көлем индексі 2019 жылдың сәйкесті кезеңімен салыстырғанда 100,1%-ға артты. Тартылған инвестиция көлемі де алдыңғы жылғыдан екі есеге ұлғайып, 19440 млн теңгеге жетті.
– Өңірімізде соңғы жылдары мал басын арттыру мен оны асылдандыру жұмыстары қалай жүруде?
– Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы саласында табысты еңбек етуге толық жағдай бар екенін ешкім жоққа шығара қоймас. Әрі сала мамандарының жүйелі жұмыстарының нәтижесінде төрт түліктің саны мен сапасы қатар өсіп келеді. Қазір ірі қара – 637,7(108,1%), жылқы – 216,2 (114,4%), қой – 1049,7 (102,3%), ешкі – 205,3 (105,7%), түйе – 2,2 мың басқа (103,0 %), ал, құс саны – 1470,0 мыңға жетті. Облыс бойынша былтырғы желтоқсан айына дейін 83,5 мың тонна тірілей салмақта мал және құс еттері өндірілсе, сүт өндіру тиісінше 226 мың тоннаны, жұмыртқа 173,7 млн дананы құрады.
Сауалыңыздың бір тармағы мал тұқымын асылдандыру бағытында болды ғой. Қолдағы бар мәлімет бойынша өңірімізде 374 асыл тұқымды шаруашылық тіркелсе, оның 304-і ірі қара, 38-і қой, 31-і жылқы және біреуі түйе өсірумен айналысады. Олардың бағымында 61,2 мың ірі қара, 31,7 мың қой, 10,7 мың жылқы және 265 түйе бар. Барлық санаттағы асыл тұқымды мал ба-сының үлес салмағына келсек, ірі қара малы 10,4%-ды, қой 3,5%-ды, жылқы 5,4%-ды, түйе 11,6%-ды құрайды. Асыл тұқымды селекциялық жұмыстарды жүргізумен қатар, тауарлы малдың аналығына асыл тұқымды аталық қосу арқылы оның өнімділігі мен сапасын арттыру да негізгі міндет болып отыр. Қазіргі күні облыста ірі қара аналығын тұқымдық түрлендіру барлық аналық малдың (167,2 мың бас) 57,2%-ына жетсе, бұл – республика бойынша ең жоғары көрсеткіш.
– Облыс аумағында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мен ірі инвестициялық жобалардың іске асырылу барысын да айта кетсеңіз?
– Ауыл шаруашылығы саласында өткен жылы қайта өңделген өнім өндірісіне тоқталсақ, ол 71,9 млрд теңгені құрады. Нақтырақ айтқанда, 21,6 мың тонна макарон, 8,1 мың тонна шұжық, 5 мың тонна ұзақ сақталатын кондитерлік өнімдер, мұның сыртында 5,5 мың тонна ет және 3 мың тонна балық қалбырлары шығарылды. Сондай-ақ 97 мың тонна ұн мен 21,3 мың тонна түрлі нан өнімдері дүкен сөрелерінен орын алды. Осы жерде былтыр облысымыздан 2088 тонна ет және ет өнімдері экспортқа шығарылғанын да айта кеткен артық болмас.
Мемлекеттің қолдауы арқасында қолға алынған инвестициялық жобалар да жоқ емес. Жалпы, агроөнеркәсіп кешені саласында құны 107 млрд теңгені құрайтын 20 жоба жүзеге асырылуда. Облысымыздағы етті қайта өңдеуші ірі кәсіпорындардың бірі «Кублей» өндіріске толық циклды қалдықсыз технологияны енгізіп, ауысымына 600 дана ірі қара және ұсақ мал терілерін қайта өңдеу цехын (жоба құны 886,8 млн теңге) іске қосқанын өздеріңіз желтоқсан айында жаздыңыздар. «Орал жылыжай комбинаты» ЖШС-ы болса, жылына 3 мың тонна көкөніс шығаратын жылыжай кешенінің құрылысын (жоба құны 6,0 млрд теңге) аяқтай келді. Жылына 7,7 мың тонна сүт шығаратын Бөрлі ауданындағы «Аманат» шаруа қожалығының жаңа сүт фермасы да – былтыр іске қосылған ірі жобалардың бірі. Оның өзіндік құны – 2,5 млрд теңге.
– «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының шаруалар үшін артықшылығы неде?
– «Еңбек» бағдарламасы бойынша ҚР республикалық бюджеттен оған 3880,0 млн теңге бөлінген-ді. Бүгінде осынау қаржы толықтай игерілді. Нақтырақ айтсақ, «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ-ның облыстағы еншілес ұйымдарының филиалдары, несие серіктестіктері мен микроқаржы ұйымдары арқылы 1054 микрокредит берілді. Оның 490-нын жаңадан құрылып, өз істерін бастауға талпынғандар алды. Бұл бағдарламаның бір артықшылығы – қарыз алушыларға несиенің жылдық жарнасы 6 пайыз болса, аз қамтылғандар мен көп балалы отбасылар үшін оның мөлшері 4 пайыз ғана.
– Енді облыс көлеміндегі кооперативтердің жәй-күйін де аз-мұз біле отырсақ?
– Құрылған ауыл шаруашылығы кооперативтерінің (АШК) нақты саны – 202. Оның 131-і тұқымдық түрлендірумен, 27-сі тұқымдық түрлендіру және мал бордақылаумен, 27-сі бордақы-лаумен, 5-еуі сүт қабылдаумен, 12-сі көкөніс және дәнді дақылдар өсірумен айналысады. Оларда 4112 мүше бар. Мұндағы мал басы 76922 болса, тіркелген жер көлемі – 69437 гектар. Өткен жылдың үшінші тоқсанындағы көрсеткіш бойынша осынау кооперативтермен 3817 тонна сүт, 437 тонна ет және 21,0 тонна жүн өндірілді. Айтпақшы, тіркелген АШК-ның алтауы модульді мал сою, төртеуі модульді сүт қабылдау, біреуі қой қырқу пункттерімен және екеуі рефрижератормен жабдықталған.
– Жасұлан Жолдыбайұлы, келесі әңгіме ауанын жиын-терім жұмыстарына қарай бұрсақ, былтыр Табиғат-ана жомарт пейіл танытты ма?
– Сауалыңыздың төркінін түсіндім. Жалпы, облыс бойынша былтыр ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы – 549,7 мың гектарды құрады. Өткен жылдың өнімі үшін егілген күздікті қоса алғанда дәнді дақылдар егісінің көлемі 234,4 мың гектар болса, осы мерзімдегі майлы дақылдар алқабы – 123,3 мың гектар. Соңғысы бұрнағы жылмен салыстырғанда 47,3 мың гектарға (162,2%) ұлғайып отыр. Сонымен, орылған 227 мың гектар дәнді дақылдар егістігінен 292,3 мың тонна (орташа түсім 12,9ц) өнім жиналса, майлы дақылдар алқабының өнімі 63,1 мың тонна болды. Енді 4200 га көлеміндегі алқапқа отырғызылған картоптан 64,3 мың тонна, көкөністен 52,4, бақша дақылдарынан 24,4 тонна өнім өндірілді. Маусымаралық кезеңде батысқазақстандықтарды жаңа піскен көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында салынған 97 жылыжайымыз және бар (жалпы ауданы 69,5 мың шаршы метр). Олармен бірінші дақыл айналымында 64 жылыжайға немесе 44,4 мың шаршы метр алқапқа көкөніс дақылдары отырғызылып, 423,9 тонна жаңа піскен өнімге қол жетті. Екінші дақыл айналымында 49 жылыжайдан немесе 35,5 мың шаршы метр алқаптан 307,2 тонна өнім түсті. Сондай-ақ биылғы жылдың қамы үшін өткен күзде 95,2 мың га күздік дәнді дақылдар егілгенін, ол 2019 жылғы алқаптан 13,2 мың гектарға немесе 16,1%-ға артық екенін де айта кетейін. Күздік егістің артуына Ауыл шаруашылығы министрлігі мен облыс әкімдігі арасындағы 2021-2025 жылдарға арналған ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алқаптарын әртараптандыру меморандумы себепші болып отыр. Әрі өңірімізде жаздық дәнді дақылдардың шығымдылығы да төмен. Мәселен, өткен жылы жаздық дақылдардан гектарына – 7,1 центнер, күздік дақылдардан гектарына 23,3 центнер өнім алынды. Мұның сыртында 118,9 мың га майлы дақылдар алқабының орташа түсімі 5,3 центнерден айналып, 63,1 мың тонна өнім жиналды.
– Соңғы сауал, қаһарлы қыстың да нақ ортасына келіп қалдық. Шаруа баққан қыр қазағының бүгінгі таңдағы тыныс-тіршілігін басқарма басшысының көзімен бір шолып өтсек...
– Иә, қыс – қатал сыншы. Бұл мезгілдің өзіндік қиындығы мен жауапкершілігі мол екені белгілі. Қазіргі күні 2245 қыстақтың 1544-інде мал қолға қарады. Әзірге жемшөп қоры жетіспейтін және жол қатынастары қиындық туғызып отырған елді мекендер жоқ. Облыс бойынша қыстаққа қажетті 1616 тонна шөп артығымен (103,6%) дайындалып, межелі жерлерге тасылып алынды. Әрине, өткен жаздағы жауын-шашынның аздығы мен көлтабандарға қажетті көлемдегі судың түспеуі кейбір аудандар үшін елеулі қиындықтар туғызды. Яғни ол өңірлерде шөп шығымдылығы өте төмен болды. Десек те, осынау түйінді мәселенің тіні уақтылы тарқатылып, Ақжайық, Жаңақала және Казталов аудандары 137,6 мың бума немесе 55,9 мың тоннадан астам мал азығын облысымыздың Бәйтерек, Қаратөбе, Сырым, Тасқала, Теректі және Шыңғырлау аудандарының жерлерінен дайындап алды.
Тағы бір айта кететін жәйт, біздің өңір табиғаты өте құбылмалы. Сондықтан сындарлы сәттен сүрінбей өту үшін және науқан барысын қырағы бақылауда ұстау мақсатында арнайы штаб құрылды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары М.Манкеев төрағалық ететін аталмыш штабтың алғашқы отырысы желтоқсан айында өтіп, онда да біраз мәселелер жан-жақты талқыланды. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, ендігі кезекте ортақ іске барша шаруа адамы бірлесе атсалысып, кез келген қиындықтың алдын алуға күш салсақ, бәрі де ойдағыдай болады ғой деген сенімдемін.
Сұхбаттасқан Бауыржан Бисенов,
zhaikpress.kz