Жаңа оқу жылының басталып, студенттердің қалаға ағылғанына да екі айдан асып кетті. Осы орайда қалың көпшілікке етене таныс «Студент» арнайы бетін қайта жандандыруды қолға алдық. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз – табиғатқа жан бітіруді, кеңістікті әсемдік пен үйлесімге келтіруді мақсат еткен жас. Ол Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің 3-курс студенті, Президенттік шәкіртақы иегері Макка Жолдықайыр.

2005 жылы Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданындағы Шағырлой ауылында дүниеге келген қыздың балалық шағы ауыл табиғатымен, кең даламен, жусан иісімен біте қайнасып өтті. Мектеп табалдырығын «Абай мектеп-бөбекжай балабақша кешенінде» аттаған ол бала күнінен тәртіп пен еңбекті серік етті.
– Ата-анам әрдайым «Оқу мен еңбек – адамды биікке шығаратын қос қанат» деп айтып отыратын. Сол сөз менің өмірлік қағидам болды, – дейді Макка.
Бала кезінде ол да көп қатарластары сияқты мұғалім болуды армандаған. Бірақ уақыт өте келе оның жүрегі табиғат пен сұлулықтың, кеңістік пен үйлесімнің байланысын іздей бастады. Сурет салуға әуестік, гүл мен ағашқа ерекше іңкәрлік, табиғаттағы тепе-теңдікке қызығушылық оны бір ерекше бағытқа бұрды.
– Табиғат мен үшін тыныс, тіршілік, мінез. Мен соның сұлулығын сақтап, жаңа өмір бергім келеді. Сол үшін де ландшафттық дизайнды таңдадым, – дейді ол байыппен.
Қазір ол Жәңгір хан университетінің ветеринария және агротехнология институтында ландшафттық дизайн мамандығы бойынша білім алуда. Алғашқы жылдары жаңа орта, жаңа пәндер, жаңа өмір қарқыны – бәрі оңай соқпаған. Бірақ Макка еш қиындыққа мойымаған. Сабақ пен қоғамдық белсенділікті қатар алып жүру оның ұйымдастырушылық қабілетін шыңдап, өзіне деген сенімін арттыра түсті.
– Кейде сабақтан кейін үйірмеге, одан соң дайындыққа барасың. Кешке шаршайсың, бірақ іштей бір қуаныш бар – сен өзіңді өсіріп жатырсың. Университет қабырғасында жүріп мен ландшафттық жобалау мен көгалдандыру саласына қызығушылық танытып, ғылыми ізденіске бет бұрдым. Қазір «Ландшафтный дизайн от кальки до подачи» атты ғылыми үйірменің белсенді мүшесімін. Біз табиғи және жасанды ландшафттардың үйлесімін зерттейміз. Табиғатты тек безендіру емес, оны түсініп, сақтаудың жолын қарастырамыз, – дейді ол.
2024 жылы оның еңбегі халықаралық деңгейде мойындалды. Ресейде өткен «XVI Чтения памяти Т.Б. Дубяго» атты ғылыми-практикалық конференцияда Макканың «Многомерный ландшафт» тақырыбындағы мақаласы ғылыми еңбектер жинағына енді. Бұл – жас зерттеуші үшін үлкен жетістік.

– Сол сәт ешқашан ұмытылмайды. Алғаш рет еңбегімнің бағаланғанын сезіндім. Бұл – келесі қадамдарға шабыт берді, – дейді ол.
Білім мен ғылымның ортасында жүрген Макка тек зерттеуші емес, шығармашылық жан. Ол – «Тұмарым» вокалдық ансамблінің мүшесі әрі әншісі. Ән айту – оның жанының тынысы. Музыка арқылы ол әлемді басқаша көреді, сұлулықты сезінеді.
– Қазақстан орындаушыларының республикалық байқауында І дәрежелі лауреат атандым. Ал облыстық «Азаттық аңсаған Ғұмар Қараш» мәнерлеп оқу байқауында алғысхат иелендім. «Polyglot» атты зияткерлік ойында да танылып, білім мен тілге деген қабілетімді дәлелдедім. Мен үшін әр байқау – сынақ емес, мүмкіндік. Әр мүмкіндік өзіңді жаңа қырыңнан тануға жол ашады, – дейді жас ізденімпаз.
Қазіргі заманның студенті өз саласында ғана емес, технологияның да тілін білуі керек. Макка осыны жақсы түсінеді. Сол себепті ол DeepLearning. AI ұйымының «Баршаға арналған жасанды интеллект» атты онлайн курсын тәмамдап, жасанды интеллект негіздерін меңгерген.
– Болашақта технология мен табиғат бір бағытта дамуы керек. Мен ландшафттық жобалауда жасанды интеллектіні пайдалану арқылы тиімді шешімдер ұсынғым келеді, – дейді ол. Бұл – жас дизайнердің алға қойған үлкен мақсатының басы ғана. Ол табиғатты технологиямен үйлестіріп, экологиялық мәдениет пен эстетиканы ұштастырғысы келеді.
– Президенттік стипендия алу – әр студенттің арманы. Ал оны иелену үшін талмай еңбек ету керек. Мен де сол ізденіс пен жауапкершілікті басымнан өткердім. Еңбегімнің бағаланғаны маған үлкен серпін берді. Бұл – жеке жетістік емес, ата-анам мен ұстаздарымның еңбегіне деген құрмет, – дейді ол.
Өзі ұстазы Зәмзәгүл Амангелдіқызынан үлгі алады екен. «Өз ісіне адал адамнан ғана нағыз үлгі алуға болады» дейді жас дизайнер.
Макканың есімі де өзі сияқты ерекше. Әкесінің әпкесі қойған есімнің астарында үлкен мән бар.
– Әпкем өз қызының атын Мадина деп, менің атымды Макка деп қойған. Ол кісі қасиетті Мекке мен Мәдина қалаларының құрметіне бізге осылай ат қоюды шешіпті. Есімім мен үшін рухани жауапкершілік іспетті, – дейді. Ол өмірде қарапайымдылық пен еңбекті, ізденіс пен арманды қатар ұстағанды жөн көреді. Бос уақытында мотивациялық кітаптар оқиды, бейнежазбалар түсіреді, кино көреді. Болашақта Макка кәсіби ландшафттық дизайнер ретінде туған жерінің табиғатын көркейтуге, елдің экологиялық мәдениетін арттыруға атсалысуды мақсат етеді.

– Мен Қазақстанның әр қаласында адамның жаны тыныштық табатын, табиғатпен үндескен әсем кеңістіктер жасағым келеді. Сол кезде мен өзімді туған жеріме аз да болса пайдасы тиген жанмын деп есептер едім, – дейді ол. Оның болашаққа сенімі зор. Себебі ол арманның артында еңбек, ал еңбектің түбінде нәтиже болатынын жақсы біледі. Ол – бүгінгі заманның ізденімпаз, білімге құштар, табанды жасы. Біз мұндай жастармен мақтанамыз. Өйткені ертеңгі жасыл Қазақстанды дәл осындай арманшыл, еңбекқор жастар көркейтеді.
Жанерке Мерекеқызы,
«Орал өңірі»