21.11.2023, 13:00
Оқылды: 48

«Жасыл желекті қорғай жүріңіздер!»

Серікқалидың Нұрланы Ақжайық ауданындағы Тайпақ орман шаруашылығы мекемесіне қарасты Қарауылтөбе орман бөлімшесінің төртінші айналым қорықшысы (орманшы) болып еңбек етіп  келе жатқанына 15 жылдың жүзі болды. Биыл орманшылыққа қарасты 51,2 гектар жерге тал-терек  егу жоспарланып, бүгінде соның 50 пайызы орындалды. Егілген 66 мың түп ағаштың ішінде үйеңкі, шаған көшеттері басым. Екпе материалдар Тайпақ орман шаруашылығы мекемесінің Атамекен ауылындағы шағын тұқымбақтан алынды.

Нурлан орманшы Акжайык

– Орманшы болған соң ауаны тазартатын жасыл желекті сақтап, оның қорын молайтамыз. Тілсіз жау – өрттен, басқа да қауіп-қатерден қорғаймыз, табиғат мүйісіндегі жан-жануарларға қамқор боламыз. Қураған, ауру ағаштарды кесіп, орман-тоғайға санитарлық тазалық жүргіземіз. Былайғы жұрт шұңқыр қазып, көшетті топыраққа тыға салатындай көреді. Бірақ оның өсіп-өнуі үшін тоғайға түсетін малды айдап, көздің қарашығындай қорғамасаң болмайды. Кейбіреулер мұны түсінгісі де келмейді, – деді Нұрлан Жалғасбаев.

Жайықтың оң қапталы ақ және қара терек, емен, шегіршін, ақ тал мен қайыңды-көктеректі тоғайлыормандарымен ерекше көрікті. Сол көркем тоғай, жасыл орманда жануарлар ішінде қасқыр, түлкі, қоян, борсық, елік, бұлан, күзен, құстардан шіл (курапатка), тоқылдақ кездеседі. Биыл әріптестерімен бірге Нұрланға да рация құрылғысы берілді. Қыста салт атпен, жазғы маусымда мотоциклімен орман аралайды. Орманшылық бөлімшесіне үш жаңа трактор, бір «УАЗ», 12 метрлік тырма берілді.
«Техника алып, жұмысымыз жеңілдеп жатыр. Беті әрмен, өрт шыға қалған жағдайда рацияның көмегі көп болмақ, соңғы жылдары қуаңшылық жиіледі. Содан да өрт қаупі жазғы, күзгі, көктемгі кездерде күшейе түсті. Ондай уақыттарда үй көрмей, орман кезіп кетеміз», – деді Нұрлан Серікқалиұлы. Ол көпбалалы шопанның отбасында өсті. Әрі көзін ашқаннан мал бағу, шөп шабу сықылды қара жұмысты істеп, шыңдалды. Орман шаруашылығы саласының еңбекторысы еш уақытта өз міндетіне жүрдім-бардым  қараған емес.

Күрең күз келгелі орманшылар қураған ағаштарды кесіп, отынға беруге дайындауда. «Қураған, ауру дарақтарды кесуден табиғатқа зиян келмейді. Оның орнына көктемде жаңа көшеттер егеміз. Отын дайындау маусымы көктемде басталып, желтоқсан айына дейін жалғасады. Мысалға, бір гектар алқаптың ағашы кесілсе, келесі жылы 2 гектар алқапқа ағаш егіледі. Біздің басты міндетіміз – орманды сақтау, ағашты заңсыз кесуден қорғау», – деп түсіндірді орманшы.

Қысы ұзаққа созылатын біздің өңірде әлі күнге от жағып, күл шығаратындар бар. Отбасылық бюджеттің тапшылығынан газ құбырын кіргізбегендер ағаш, көмір жағады. Бөлімше орманшылары жергілікті әкім-діктердің өтініштері бойынша мүмкіндігі шектеулі жандары бар, көпбалалы және әлжуаз 8 отбасыға көмек ретінде 10 шаршы метрден отындық ағаш береді. Соның ішінде 4 отбасыға тегін, өзгесіне 50 пайызбен, 5 мың теңгеден ұсынылады. Егер ауылдағы азаматтар қысқы отындық ағашты рұқсатсыз отап-кесіп алса, онда айыппұл төлейді. Өйткені бір адамға 5-10 текше метр ағаш алуға ғана рұқсат беріледі. Күн суытқан сайын инспекторлар орман-тоғайды аралап, заңсыз әрекеттердің алдын алуға ұмтылады. «Орман біздің екінші үйіміз тәрізді. Көп уақытымызды далада өткіземіз. Осы тірлігімізге үйреніп қалғанбыз, әлдеқалай ауырып қалсақ, орманымызды сағынамыз. Адамдарға жер шарының «өкпесі» – жасыл желекті қорғай жүріңіздер деймін», – деді  Нұрлан  Жалғасбаев.

Гүлнәр Шәңгерей,

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале