Жастардың жат ағымдардың жетегіне ілесіп кетуі елімізде жиілеп кетті. Бұл – мемлекет пен ел бірлігі, қоғам үшін қауіпті құбылыс. Әсіресе жастардың деструктивті ағымдардың қатарына енуі – мамандарды алаңдатып отырған басты түйткіл. Сарапшылар оның себебі еліміздегі жастардың діни сауаттылығының төмендігінен деп есептейді. Сонымен қатар әлеуметтік жағдайдың әсері, материалдық жетіспеушілік, жұмыссыздық мәселесі теріс пиғылды діни ағымдардың жастарды өз қармауына түсіруіне басты себеп болып отыр. Мұнымен бүкіл қоғам болып күрескенде ғана оң шешімі табылады. Ол үшін әр азамат жат ағымдардың ерекшелігін, белгілерін жақсы білуі тиіс.
Өзінің тарихын таныған, дәстүрін білетін, отансүйгіш адам өзге ұлттың, бөтен топтың сойылын соғып, мүддесін насихаттамайды. Жат ағым насихаттаушылары, негізінен адамдармен тікелей қарым-қатынас жасайтын көпшілік ортада кәсіп ететін, әсіресе сауда орындарында қызмет ететін жастарды таңдайды. Олардың үгіт-насихатының негізгі көзі – әлеуметтік желілер. Жастардың барлығы ғаламторға үңіледі, телефонға тәуелді. Қазіргі кезде түрлі ағымдарға тартудың басты алаңы – әлеуметтік желілер мен интернет кеңістігі.
Жалпы жат ағымда жүрген жастардың позициясы бөлек. Олардың түсінігінде айлық алуға болмайды, банкпен жұмыс істеу харам. Базар жағалап кетіп қалатыны да содан. Психологтардың бағамынша, діни ағым арбауынан айығу үшін бір адамға кем дегенде екі жыл қажет. Онда да бөтен ілімге әлі терең бойламағандар үшін. Ал сана-сезіміне билік жүргізуден айырылғандар сол пір тұтқан жамағаттың құлына айналып кете барады. Жат ағымдардың жолында жүргендерді қалай анықтауға болады? Мінез-құлқы қалай өзгеріске ұшырайды? Кеңінен таралған теріс ағымдардың ұстанған қағидасы – адамды алдап-арбау, физикалық, психикалық және рухани еркіндігіне тұсау салу. Деструктивті ұйымдардың мүшелерінде діни соқыр сенімнің шынайылығына сену, ата-аналарға деген қарым-қатынасында өшпенділіктің пайда болуы, оқудан, жұмысынан, дәрігерге қаралудан, телеарна, газет-жорнал ақпаратын тұтынудан бас тарту, кемінде 3-5 сағатқа ғана көз ілу, ақуызы бар тағамды тұтынбау, тұйықтану, достарымен араласпау, әлемде орын алған сыртқы өзгерістерге агрессивті көзқараста болу, ұлттық құндылықтарды жоққа шығару, билікке қырын қарау, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптардың кейбірін Аллаға серік қосу деу, ұлттық мейрамдарды тойлауға қарсылық, зайырлы, заманауи ілім-білім алудан айну, дәстүрлі медицинаны мойындамау, дәстүрлі дін қызметкерлеріне иланбау, наразылық белгілері, анық байқалады. Оған қоса теріс ағымдардың көшбасшылары да белсенді жұмыс жүргізіп отырады. Мәселен, қатарының санын арттыру үшін түрлі тәсілдер қолданады. Біріншіден, күмән тудырмас үшін баладай аңғал кейіп танытады. Адамды өзіне жақын тарту үшін құшақтап, жылы сөздер айтып, қамқор бола қояды. Теріс ағымға жаңадан келген адам бір минутқа да көзден таса қалмайды. Одан кейін оны оқшаулайды. Бұл кезде адам шынайы ақпаратты тексеру мүмкіндігінен айырылады. Жат ағымның ең басты тетігі – адамның бойына қорқыныш ұялатып, күнә жасағанын мойындату. Бұл психологиялық амал нәтижесінде адамның күнәларына сай жазасы мен сыйы беріліп отырады. Рухани кемелденуге жеткізетін әртүрлі жаттығулар, жобалар мен жоспарларды сылтау етіп, адамды ұйқысынан айырады. Астыртын адамның рухани әрі физикалық кемелденуді көздеген, ойдан шығарылған диеталармен адамды ашықтырады. Осындай айла-тәсілдер арқылы адамды еркін билейді.
Жат ағымның жетегінде кетудің себептерін жоғарыда қысқаша айттық. Енді оның салдары қауіпті болатыны түсінікті. Ата-анасынан, туғандарынан безініп, еліне қарсы шығып, дінді жамылып, түрлі лаңкестікке барып жатқандар, бүлік жасап, билікке шабуылдап жатқандардың ар жағында санасы уланған жастарымыз тұр. Иә, олар кезінде түрлі жолмен сол топтарға кірді. Біреу рухани кеңістігін толтырғысы келді, біреуі «Жағдайымды оңалтамын» деп ойлады. Біреуі көзсіз сенді, біреуінің ақ-қараны ажырататын сауаты болмады. Алайда түбінде «қой терісін жамылған қасқырлардың» торына қалай түскендерін білмей, сансырап қалды. Айтарым бір, кез келген жоғарыда келтірілген күмәнді ортадан аулақ болыңыз. Ақпаратты тек ресми көздерден алған абзал.
Азаматтарымыздың теріс ағымдарға қарсы иммунитетін қалыптастырудың негізгі тетігі – діни ағартушылыққа кеңінен жол ашатын заң нормаларын қабылдау деп ойлаймын. Діни секталар жолына адасып түсіп кетпеудің бірден-бір амалы – діни сауат. Сондықтан бірер жыл бұрын сала сарапшылары бұл пәнді мектеп қабырғасынан бастап жоғары оқу орындарында тұрақты етіп енгізудің маңызы турасында бастама көтеріп, күшіне енгізген еді. Сол пәндерде, меніңше, тек дін тарихы туралы ақпарат беріп қоймай, олардың артында үлкен саяси мүдделер тұрғанын, тіпті қаржыландырылуы жайында академиялық тілмен жазылуы тиіс. Бұл жасөспірімдердің тек діни білім алып қана қоймай, саяси сауатының артуына да сеп болар еді. Өйткені, тәжірибе мен зерттеулер көрсетіп отырғандай, өзге елге барып, соғысқа қатысып, бүлік жасаушылардың дені «Алла жолында жиһад жасадым» деп ұғынады. Бұл, алдымен, діни түсініктің дұрыс қалыптаспағандығын (жиһадтың түпкі мәні нәпсіңмен күрес екендігін ұғынбауы) және діни манипуляцияның (вербовканың) ықпалында кеткенін айқындайды. Мәшһүр Жүсіпше айтқанда, «Дін де, ілім де, мәдениет те қазақтың тілінде». Біздің бабаларымыз діннің өзегін білген. Сол себепті де тура жолда болған. Оған ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсариннің «Бір Аллаға сыйынып, кел, балалар, оқылық» деуі дәлел.
Назгүл Данаева,
«Аманат-Жайық» қоғамдық қорының теолог маманы,
Орал қаласы