4.06.2025, 10:00
Оқылды: 146

Жаттығуға жұмылды

Батыс Қазақстан облысы аумағында өрт қаупі кезіндегі  төтенше  жағдай салдарын жоюға бағытталған  «Өрт – 2025» республикалық командалық-штабтық  оқу-жаттығуы  өтті. 

501085695_18461446762072302_2543526504019992211_n (1)

БҚО  ТЖД баспасөз  қызметінің  хабарлауынша, оқу-жаттығудың мақсаты  –  төтенше жағдайлардың  алдын  алу  мен  жою  бағытында жұмылдырылатын  күштер  мен құрылымдардың  дайындық деңгейін  арттыру,  табиғи  сипаттағы ТЖ  туындаған  кезде басқару  және  өзара  іс-қимыл  алгоритмдерін  пысықтау,  байланыс  және  хабарландыру  жүйелерінің  дайындығын  тексеру,  барлық  деңгейдегі  кезекші  қызметтің  жұмысын ұйымдастыру, болжау және диспетчерлік  қызметтердің  әрекетін  сынақтан  өткізу.

Оқу-жаттығуға облыс әкімдігі, орман шаруашылығы және азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті құрылымдардың қызметкерлері қатысты.

Сценарий бойынша егіс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерінің сақталмауына байланысты далада өрт шығып, жалын Орал орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің орман алқабына таралды. Алғашқы сәттерде өртті сөндіруге шаруашылық күші әрекет етті. Алайда оттың жылдам таралуына байланысты қосымша күш ретінде БҚО ТЖД бөлімшелері, құтқарушылар, Ұлттық ұлан, коммуналдық және медициналық қызметтер жұмылдырылды. Оқиға орнында жедел штаб құрылып, барлық іс-қимыл сол арқылы үйлестірілді. Өрт шамамен 10 гектар аумақты алды. Құрғақ шөп пен бұталарды шарпыды. Бұл жағдай жеке тұрғын үйлерге, жайылымдарға және көршілес орман алқаптарына қауіп төндірді. Ауа температурасының жоғары және желдің қатты болуына байланысты өрт жылдам тарап, Барбастау өзенінің арғы бетіне  өтті.

Өрт сөндіру кезінде екі адам «зардап шекті»: орман шаруашылығының бір қызметкерінің үстіне өртенген бұтақ құласа, демалушы адам түтінге уланып қалды. Зардап шеккендер тікұшақпен эвакуацияланып, ауруханаға жеткізілді. Күрделі жағдай қалыптасып, жалынның үлкен аумаққа таралғанына қарамастан, өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың үйлесімді және жедел іс-қимылының арқасында жалын елді мекендер мен көршілес орман бөліктеріне таралмады. Өрт сағат 12:25-те оқшауланып, 12:30-да толықтай сөндірілді. Жалын жалпы 25 гектар аумақты шарпыды. Оның 15 гектары – орман, 10 гектары – дала.

Оқу-жаттығудың тәжірибелік кезеңіне азаматтық қорғау қызметтерінің барлығы тартылды. Өртті сөндіру, халықты эвакуациялау және хабарландыру шаралары жүргізілді. Зардап шеккендерді құтқару үшін әуе техникасы қолданылды. Су жабдықтау үшін жүзу құралдары пайдаланылды. Төтенше жағдай орнында шатырлы лагерь құрылып, өрт сөндірушілер ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Оқу-жаттығуға барлығы 153 қызметкер мен  33  техника  қатысты. Оқу-жаттығудың барлық мақсаты мен міндеттері толықтай  орындалды.

Түгелбай Кенжеғалиұлы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале