Обыр – адам ағзасында пайда болып, соңғы үшінші-төртінші деңгейіне дейін білдірмей өсіп, тез дамитын онкологиялық дерт. Қауіпті кеселден сақтанудың бірқатар жолы бар. Біріншісі, жүйелі түрде жыл сайын дәрігерлік тексерістен өту. Қыз-келіншектерде жиі кездесетін түрі – сүт безі қатерлі ісігі мен жатыр мойны обыры. Жатыр мойны қатерлі ісігі – екпе арқылы алдын алуға болатын жалғыз онкологиялық дерт. Бұл туралы облыстық онкологиялық диспансері директорының орынбасары, білікті онколог Нұрлан Төлемісов айтты.
Нұрлан Төлемісовтің мәліметінше, жатыр мойны қатерлі ісігінің пайда болуына ең бірінші папиллома вирусы әсер етеді. Вирус көмей мен ауыз қуысының, тік ішектің, вульваның және қынаптың, жатыр мойнының қатерлі ісігінің дамуын қоздырады. АПВ инфекциясы ұзақ уақыт бойы симптомсыз дамиды. Иммунитеті күшті адамдарда 15-20 жылдап белгі бермеуі мүмкін, ал иммундық жүйеңіз әлсіресе немесе күйзеліске жиі түссеңіз, обыр 5-10 жылда ағзаға таралады. Кей адамдар аурудың клиникалық көрінісінсіз патогенді тасымалдаушы бола алады. АПВ-ны адам өмірінде қайталап жұқтыруы да мүмкін. Өйткені АПВ инфекциясынан айыққандардың барлығында вирусқа төзімділік қалыптаса бермейді. Жалпы бұл вирус қанға бірден сіңбей, инфекцияланған бөлігі қабынусыз ұлғая береді. Содан соң ағзаның эпителий жасушасын зақымдап, патологиялық өзгерістерге алып келеді. Көп жағдайда 1-2 жыл ішінде бұл инфекциядан өздігінен жазылу мүмкін, бірақ кейбір науқастарда патология созылмалы түрге ауысады. Адам папилломасы вирусының 200-ге жуық түрі белгілі, олардың кем дегенде 13-і қатерлі ісікке душар етеді. Ал аса қауіпті 16, 18 АПВ типтері негізінен жатыр мойны қатерлі ісігін тудырады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, жыл сайын әлемде 600 мыңға жуық әйелде жатыр мойны обыры тіркеліп, бұл дерттен 300 мың науқас қайтыс болады. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, елімізде жыл сайын шамамен 1 900, күніне 5 жатыр мойны обырына шалдыққан науқас тіркеледі. Жыл сайын бұл дерттен 600-ден астам, күніне 2 әйел көз жұмады. Ал облыста онкологияға шалдыққандар мен қайтыс болғандар саны республикалық көрсеткішпен салыстырғанда артып отыр. Мәселен, 100 мың тұрғынға шаққанда дертке шалдығып, тіркелгендер саны 10,2%дан 12,2%-ға артса, қайтыс болғандар саны 2,6%-дан 3,9 %-ға көбейген.
Обырдың алғашқы белгілері
Обыр (рак) – ағзада қатерлі ісіктің пайда болуынан туындайды. Онколог мамандардың айтуынша, аурудың алғашқы пайда болған кезін рак инцито деп атайды, бұл І сатыға жетпеген кезең. Ал І сатыда обыр тек кілегейлі қабықта болады, ІІ сатыда ол келесі қабатқа өтеді. ІІІ-ІV сатыларда обыр түйінге айналып, тарай бастайды. Алғашқы екі сатысында емдеп жазуға әбден болады. Бірақ науқастардың 30%–ы асқынған кезде, дәрігерге жүгініп жатады. Асқындырмас үшін үнемі тексеруден өтіп тұру керек. Егер скринингке жатпайтын түрі болса, жылдам профилактикалық тексерістен өту қажет. Қатерлі ісіктің алғашқы белгілеріне тоқталсақ, жазылмай, ұзақ кетпей жүрген жаралар, несеп шығарудағы өзгерістер, ішек жұмысы бұзылуы, тері астының, тері құрылымы мен шырышты қабаты мен жұмсақ тіндердің өзгеруі, терінің қышуы. Сондай-ақ жұтқыншақта, ауыз қуысындағы жаралар болса, дауыста өзгеріс пайда болса және көптен бері жазылмай жүрген жөтел болса, дәрігерге қаралған абзал.
Халықаралық зерттеу мәліметтеріне көз салсақ, қатерлі ісіктердің пайда болуына – шылым шегу (30%), дұрыс тамақтанбау (35%), жұқпалы аурулардың салдарынан (10%), кәсіби канцерогенді әсер етулер (4-5%), иондық сәулелену (4-5%), ультракүлгін сәулелену (2-3%), ішімдікті пайдалану (2-3%), ауаның ластануы (1-2%), дене қимылының аздығы (4-5%) әсер етеді екен.
Қатерлі ісік – дауасыз дерт емес
Маманның айтуынша қатерлі ісіктің І сатысындағы науқастардың 95%-ын емдеп жазуға болады, ал ІІ сатысындағылардың 80-90%-ының емделуге мүмкіндігі бар. ІІІ сатысындағы науқастарда да ота сәтті жасалып, өз уақытысында ем алса, жазылуы ғажап емес. Ал дерттің IV сатысындағы науқастарға ота жасалып, олардың өмірін ұзартуға барынша жағдай жасалады. Жоғарыда айтып кеткендей, жатыр мойны қатерлі ісігінің алдын алуға болады. Осы орайда онколог Нұрлан Төлемісов жатыр мойны обыры 25-44 жас аралығындағы әйелдерде жиі кездесетін онкопатологиялар арасында ІІ орында тұрғанын айтады. АПВ инфекциясының жатыр мойны обырына алып келетіні ғылыммен дәлелденген. Оған қарсы бірден-бір ем – вакцина. Ұлттық вакцинациялау күнтізбесіне сәйкес және елдегі халықты иммундау жөніндегі сарапшылардың ұлттық техникалық консультациялық тобының ұсынымдарын ескере отырып, 11 жастағы қыздарды вакцинациялау басталды. Әлемде АПВ вакцинасын шектеулі фармацевтикалық компаниялар шығарады. Қазақстанда вирустың аса онкогенді түрлерінен қорғанысы бар АПВ-ға қарсы вакциналардың 4 түрі тіркелген. Merck Sharp & Dohme компаниясы шығарған Gardasil вакцинасы 2006 жылы қолдануға лицензия алған. Ол Голландияда шығарылады және 70-тен астам елде пайдаланылады. Олардың арасында АҚШ, Канада, Аустралия, Израиль, Ресей, Грузия, Молдова, Оңтүстік Африка және басқалары бар. Гардасил вакцинасы төрт валентті вакцина, яғни ол АПВ-ның – 6, 11, 16 және 18 секілді ең қауіпті және кең таралған төрт типінен қорғайды.
Гүлсезім Бияшева
zhaikpress.kz