15.04.2021, 22:47
Оқылды: 17

Жау тылында

Фашист басқыншылары Кеңестер одағының жеріне тұтқиылдан  басып кіргенде, Мордовиядағы Тепли Стан ауылында тұратын Иван Болтанов өзінің сыныптастарымен бірге майданға кетпекші болып оқталды.

 Иван Болтанов1

Зубово-Полянский ауданының орталығындағы әскери комиссариаттың табалдырығын аттаған сайын ондағылар: «Сендер әлі жассыңдар, әскерге баруға ерте» деген қатқыл жауаппен кері қайтаратын. Ал 16 жастағы Болтановтың бар ойы майданда болатын. Өйткені соғыс басталысымен оның әкесі мен үлкен ағасы Петр алдыңғы шепке алынған-ды. Жастық оты жалындап, құлшынып тұрған бозбалалар комиссариаттың назарынан тыс қалмады. Олар әскери өнерге, әскери сапта жүру дағдыларына үйретілді. Сонымен қатар шаңғы тебумен және басқа да спорт түрлерімен шұғылданды. Ақыры Ваня дегеніне жетіп, 1942 жылдың аяғында шақырту қағазын қолына алды. Оны Саратов облысындағы Микроус стансасына жібереді. Станса деген аты болмаса, оны немістер бірнеше рет бомбалап, тып-типыл еткен еді. Сол үйінділер маңында әскерлер шатырларда, кейбіреулері атқорада тұратын. Мұнда екінші запастағы әуе-десанттық полк құрамына жаңадан алынғандарды әскери іске оқытты.

– Жөнді тамақ болмады. Ішінде бірнеше тал кеспесі бар сұп-сұйық  сорпа берілетін. Темір пешті даладан жинап алған арамшөптермен қыздыратынбыз. Үйден келген киіммен жүрдік, әскери форма берілмеді. Осындай жағдайда көпшілігі  науқастанып қалды. Бірде бізге Мәскеуден полковник келді. Ол өзінің алдында сап түзеген әскерлердің сүдінін көріп, күрсініп, басын шайқаумен болды. 1943 жылдың көктемінде бізді пойызға тиеп, Мәскеуге жіберді, - деп еске алады Иван Иванұлы.

Ол жерде жаңадан келгендер-ді 3-гвардиялық десанттық бригада құрамына қосты. Мұндағы тамақ мәзірі әлдеқайда жақсы болды. Әскерилерге ет және сүт тағамдары, тіпті шоколад да берілетін. Жауынгерлер десантшы   білуі тиіс нәрселерге оқытылды және ең алдымен ұшақтар мен әуе шарларынан парашютпен секіруге жаттықты. Жаттығулар 1943 жылдың қыркүйегіне дейін жалғасты. Содан кейін Сумы облысынан жақында немістерден азат етілген Украинаның Либедин қаласынан бір-ақ шықты.

– Біз мұнда ұзақ тұрған жоқпыз.  Көп ұзамай 24 адамдық топты ұшаққа отырғызып, неміс тылына жіберді. Біз алдыңғы шептен аман-есен өттік, бірақ алдыңғы шептен едәуір алыс жерде ұшақ зениттік қарудың оқтарына тап болды. Құдай сақтап, аман-есен өттік. Мен парашютпен қырыққабат отырғызылған алқапқа түстім. Айнала көзге түрткісіз қараңғы еді. Сондықтан бәріміз бір жерге жиналғанша біраз уақыт өтті. Ресей мен Украинаның шекарасындағы Михайловск ормандары аумағында басымыз қосылды.  Басшылық десантшыларға бірқатар маңызды тапсырма берді. Басқыншыларға мүмкіндігінше көп зиян келтіру үшін бәрін жасау, жаудың жұмыс күші, қару-жарақ, техникасы тиелген пойыздарын, оқ-дәрі қоймаларын жарып жіберу, көпірлерді қирату, немістер мен полицейлердің гарнизондарына шабуыл жасау сықылды бұйрықтарды бұлжытпай орындауымыз керек, - деп еске алады қарт майдангер.

Десантшылар жүргізетін ұрыс қимылдарының басты шарты – жасырын, кенеттен және айқай-шусыз әрекет ету. Мысалға, олар фашистердің қай елді мекенге тұрақтағанын барлап, біліп алады. Ал түнде олар үйге қарай келіп, әуелі  дабырасыз күзетшілердің көзін құртады. Одан кейін ішке кіріп, төсекте ұйықтап жатқан фашистерді бір оқ атпай-ақ қырып тастайды. Әрбір жауынгер атыс қаруынан басқа арнайы  пышақпен (финмен) де қаруланады. Оны күзетшілерді алып тастау үшін жиі пайдаланатын.

– Біздің топта арнайы мамандар болды. Олардың кейде бес-алты метр қашықтықтан суық  қаруды ептілікпен лақтыратыны соншалық, дұшпан айқайлап үлгермей-ақ әп-сәтте өлім құшатын. Немістерді ешқашан тұтқынға алмайтынбыз. Алғанда қайда апарамыз? Сол жерде жандарын жаһаннамға жіберетінбіз. Өйткені бүгін мында, ертең басқа жерде жүретінбіз. Қажет жерде түней салатынбыз. Сондықтан басқыншылар десантшыларды бандиттер деп атады. Олар, әсіресе, партизандардан өлердей қорықты.  Бір деревнядағы  неміс электр стансасын жою операциясы әлі есімде. Біз өзен үстіндегі көпірден өттік. Көпір күзетілетін. Күзетші өлтірілді. Лашықтардың біріндегі электр стансасын  қатты дүрсілдеп жұмыс істеп тұрған   қозғалтқышы арқылы оңай тауып алдық. Ашық тұрған терезеге танкке қарсы қолданылатын гранаталарды лақтырдық. Жарылыстың қатты болғаны сонша, электр стансасы, бүкіл құрылыстың күлі көкке ұшты. Біз көпірге оралдық. Немістер біздің жоспарымызды түсініп қойды да, автоматтан оқ жаудырды. Бір жауынгер жарақат алды. Біз оны тастамай жеті шақырымға дейін арқалап бардық. Бірақ өкінішке орай, көп ұзамай қайтыс болды. Бірде біз партизандарға бардық. Олар бізге аздап көмектесіп, жедел ақпараттармен бөлісті. 1943 жылдың аяғына дейін бірнеше ай бойы жаулап алынған жерлерде шайқасып, Золотоноша қаласының маңындағы Днепр өзені бойында өзіміздің әскерге қосылдық. Кеңес әскері жауды өкшелеп, одан әрі батысқа қарай айдап шығарды. Осы кезде біздің топта төртеуіміз ғана қалдық. Қалғандары шайқаста қаза тапты, - деп күрсіне еске алады отты соғыс жылдарын Иван Иванұлы.

Жау шебіндегі шайқастардағы ерлігі үшін Иван Болтанов ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Содан кейін майдангер Венгрия мен Чехословакияны азат етуге қатысты. Соғысты  Жеңістің отшашулары сөнгеннен кейін 1945 жылы 12 мамырда Чехословакияда аяқтады. Немістер өздерінің соңғы күндерінің таянғанын сезіп, соңғы сәттеріне дейін аяусыз қарсылық көрсетті. 1948 жылы әскер қатарынан үйге қайтарылғанға дейін ол Батыс Украинада астыртын әрекет ететін бандершілермен күреске қатысты. Соғыстан кейін Мәскеу қаласындағы әскерилендірілген күзет қызметінде жұмыс істеді. Өмірлік жарын кездестіріп, екеуі Орал қаласына көшіп келеді. Көлік жүргізуші болды. Элеватор құрылысын салуға атсалысты. Зайыбы қайтыс болғаннан кейін жер үйде жалғыз тұрып жатыр. Қарт майдангерге кенже қызы қамқорлық жасайды. «Біз көрген қиындықты, сұм соғысты көрмеңіздер. Бір-біріңізге мейірімді болыңыздар», - дейді 96-ншы көктемін қарсы алған қарт майдангер.

 

Биылғы 9 мамыр – Жеңіс күнінің қарсаңында «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінен арамыздағы жеңімпаздардың өмір дерегін, қан майдандағы жанқиярлық ерлігі мен бейбіт күнгі жасампаз еңбегі жайлы оқи жүріңіздер. газеттерімізге ардагерлер жайлы мақалалар мен құттықтаулар берулеріңізге болады.

 

zhaikpress

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале