Ұлы Отан соғысында ерлікпен соғысқан көзі тірі майдангерлердің бірі – Гавриил Яковлевич Чуб. Ол 1924 жылдың 8 тамызында Теректі ауданының Приречный ауылында жарық дүниеге көрінген. Г.Чуб 1942 жылы 17 жасында Қызыл Армия қатарына алынған.
Гавриил Чуб 159-атқыштар дивизиясының 49-атқыштар полкі сапында Сталинградты жау қоршауынан құтқаруға қатысқан. Одан әрі полкпен бірге Курск иініндегі қиян-кескі шайқаста жеңіске жетті. Әсіресе, полк Рославль қаласы үшін шайқаста ерекше көзге түсті. 1944 жылы Белоруссия мен Литваны жаудан азат еткен полк жауынгерлері 700 шақырым алға жылжыды. 1945 жылы Варшаваны азат етіп, Висла мен Одер өзендерінен көктей өтті. Берлин аумағын фашистерден тазалады.
Соғыста көрсеткен ерліктері үшін Гавриил Яковлевич «Қызыл Жұлдыз», I дәрежелі Отан соғысы ордендерімен және «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік қызметі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған.
Майдангер соғыс біткесін елге оралып, отбасын құрды, 1984 жылы зейнет демалысына шықты. Бүгіндері Орал қаласында тұрады.
Биылғы 9 мамыр – Жеңіс күнінің қарсаңында «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінен арамыздағы жеңімпаздардың өмір дерегін, қан майдандағы жанқиярлық ерлігі мен бейбіт күнгі жасампаз еңбегі жайлы оқи жүріңіздер. Газеттерімізге ардагерлер жайлы мақалалар мен құттықтаулар берулеріңізге болады.
zhaikpress