Адамзат тарихындағы ең бір қанқұйлы соғыс бірнеше миллион адамның өмірін жұтты, соншама адамның тағдырын талқан қылды. Қанша ошақтың отын өшірді?! Ешқашан жазылмайтын жан жарасын салып, қасірет шектірді. Сол соғыста қаза болғандардың жерленген жерін іздеген ұрпақтары немесе із-түзсіз жоғалған әке, ағаларын, бауырларын іздеген жандардың әлі де үміт үзбей келе жатқандары көп. Солардың іздеу салған сұраулары теледидардағы хабарларда, түрлі басылымдар мен интернет сайттарында толассыз жариялануда. Солардың бірінде жарияланған сондай хатпен таныстыра отырып, жерлесіміз, Батыс Қазақстан облысындағы Казталов ауданы Қошанкөл ауылдық округінің Бөгет елді мекенінің (бұрынғы «Жігер» колхозы) тұрғыны болған Ұлы Отан соғысының қатысушысы, 1944 жылдың желтоқсанында хабарсыз кеткен Құбаш Сұлтанғалиевтың тағдыры жайында баяндағым келеді. Іздеу салған хаттың мәтіні мынадай:
«Здравствуйте, помогите пожалуйста сделать запрос по вашему району. Я живу в России, мой дед, родом с Казахстана, призывался с Казахстана на войну, прошёл войну, но в 1947 году оказался на Крайнем Севере, в республике Коми, по какой причине, никогда он не говорил, может репрессия или ещё что, остаётся для нас загадкой. На Родине у него осталась семья, жена и трое детей, информация не точная о количестве детей, но вроде два сына и дочь. Дедушка мой, больше отсюда, никогда и никуда не выезжал, здесь создал другую семью, родились ещё три дочери, одна из них моя мама, которая очень хочет найти своих родных, если нет в живых братьев и сестёр, но думаем, что есть же внуки, правнуки. Просто не знаем, куда можно ещё сделать запрос. Мы живём в России, в Республике Коми, город Усинск, улица Строителей, дом 14/1. У дедушки в паспорте была запись Султангалиев Кубаш, Западно Казахстанская область, Казталовский район, село Жигер и год рождения 10 июля 1908 г. Помогите, пожалуйста найти информацию про его детей или внуков, дед мой был очень хороший человек, тяжело ему наверно было оказаться здесь южному человеку на севере. Он, никогда не жаловался ни на жизнь, ни на здоровье, но мама моя говорит печаль у него была о детях. Помогите, пожалуйста, не останьтесь равнодушен, надо знать свои корни, а мы, ничего не знаем. Мы даже не знаем были ли у него братья, сестры, но дети остались точно там в Казахстане. Я могу выслать если надо фотографии своего деда, лишь бы всё это помогло найти его родных».
Хатты Құбаш Сұлтанғалиевтың қызының қызы, яғни, жиен немересі Лариса Алексеевна Жиленкова интернет сайтында жазыпты. Хатта сұрастырған елді мекен таныс болғанымен, фамилиясы бейтаныстау болды. Содан Қошанкөл ауылының байырғы тұрғыны Ұзақбай Сұлташев деген азаматтан сұрасам, ол бұл кісі «Жігер» колхозы ізіндегі Бөгет ауылы тұрғыны болған Меңдіғұл Құбашевтің соғыста хабарсыз кеткен әкесі Құбаш Сұлтанғалиев екенін айтты. Сол бойда іздеуші жақпен хабарласып, олардан тағы толық мәліметтер мен фотоларын алып, Меңдіғұл Құбашевтің өзі болмаса да балалары бар, солармен хабарластырып, бірбірімен телефон, вацап арқылы табыстырдым. Ресейдегілермен телефон арқылы сөйлескенімде сонау Қиыр Солтүстікте тұрып, аты-жөні қазақша болғанымен, өздері таза орыс болып кетсе де, әкесінің, атасының Қазақстандағы ұрпақтары мен бауырларын іздеудегі құлшыныстары мықты екенін ұқтым. Бір жылдары Ресейдің «Жди меня» бағдарламасына, Қазақстанның «Бармысың, бауырым» бағдарламасына, басқа да іздестіру қызметтеріне сұрау салып іздепті, бірақ нәтижесіз болыпты.

Енді екі жақпен әңгімелесіп, сұрастырып, Ресейдің ОБД-Мемориал сайтынан алынған мәліметтер мен Казталов аудандық әскери комиссариат мәліметтерін қоса отырып, Құбаш Сұлтанғалиев атамыздың анықталған өмір жолын, тағдырын назарларыңызға ұсынамын.
Құбаш Сұлтанғалиев 1908 жылы 10 шілдеде қазіргі Батыс Қазақстан облысындағы Казталов ауданы Қошанкөл ауылдық округіне қарасты Бөгет ауылында (бұрынғы «Жігер» колхозы) қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. 1936 жылы отбасын құрған, жұбайы Жұмазия Сұлтанғалиева екеуінен 1937 жылы Меңдіғұл, 1940 жылы Меңсұлу дүниеге келген. Ұлы Отан соғысы басталған соң 1942 жылы қыркүйек айында Казталов аудандық әскери комиссариаттың шақыртуымен ауыл азаматтары Шот Ахетов, Құспан Мешеров, Тұржан Төленов және тағы басқа ел азаматтарымен бірге әскер қатарына алынған. Соғысқа аттанғанда жұбайы үшінші сәбиіне жүкті болған. 1943 жылы босанып, қызы Балсұлу дүниеге келген. Құбаш Сұлтанғалиевтің Ұлы Отан соғысына 1942 жылдан бастап қатардағы жауынгер болып қатысып, Польша жеріне барғаны және сол жерде ауыр жараланғаны белгілі. Одан кейін 1944 жылдың желтоқсанынан бастап хабарсыз кеткендер санатында болған. Қазір белгілі болғаны, ол 1947 жылы Коми республикасы Ухта қаласы Красногорск ауданы Кирка стансасында тұрған. Сол жерде Александра атты орыс қызына үйленіпті. 1948 жылдан бастап лесозаводқа жұмысшы болып орналасып, сол жерде зейнеткерлікке шыққанша жұмыс істеген. 1981 жылы қайтыс болған. Арқасында оқ тиген жарақат орны болған. Зайыбы Александра Егоровна Султангалиева 1994 жылы қайтыс болған. Екеуінен 3 қыз дүниеге келген. Үлкені Асима 1949 жылы туған, одан кейін Алима 1951 жылы туған, үшіншісі Анна 1954 жылы туған. Аннасы қайтыс болған, Асима Құбашқызы Сұлтанғалиева мен Алима Құбашқызы Сұлтанғалиева Коми Республикасының Усинск қаласында тұрады, ұрпақтары бар. Қыздарының айтуы бойынша Құбаш Сұлтанғалиев сол елде өте сыйлы азамат болған. Өте еңбекқор, қайырымды, елгезек жан болған. Тек елін сағынып, елде қалған отбасын, балаларын көп уайымдап өткен. Поселкада тұрғанда бір жылқы ұстапты, кей кездері жылқыны құшақтап жылап тұратынына талай куә болыпты қыздары. Әбден үлкейген шағында кей кездері үйде отырып үн-түнсіз жылап отыратын еді дейді. Әрине, ол жақта да қорлық көрген ештеңесі жоқ, отбасылы болды, елге сыйлы, отбасында қадірлі болды. Қыздарының шырылдап әкелерінің ағайын-туысын, ұрпақтарын іздеуі соның бір дәлелі емес пе?! Дегенмен жүрек түкпірінде елге деген, отбасы мен балаларына деген сағынышы шемен боп қатқаны анық. Не себептен елге келмегені, неге хабарласа алмағаны белгісіз болып қалған.

Елде қалған жұбайы Жұмазия Сұлтанғалиева үш баласын өсіріп, жетілдірген. Бәрі де отбасын құрды, ұрпақтары бар, өзі 1984 жылы қайтыс болған. Қыздары Меңсұлу мен Балсұлу Жәнібек ауданында тұрмыс құрып, ұрпақ өсіріп, сол ауданда қайтыс болды. Ұлы Меңдіғұл Құбашев «Қошанкөл» совхозында, әкесінің тұрған жері Бөгетте (бұрынғы «Жігер» колхозы) ұзақ жыл шопан болып еңбек етті. 2016 жылы Қошанкөл ауылында қайтыс болды. Жұбайы Рузия екеуі 9 бала тәрбиелеп өсірді.
Міне, бұл соғыстың салған лаңынан белгілі де белгісіз себептермен туған елден жырақта жүруге мәжбүр болып, өмірден өткенше елін, отбасын, балаларын сағынып, ішқұса болып өткен адамның тағдыры. Дегенмен бір нәрсе анық, ол ел басына күн туғанда ел азаматтарымен бірге қан майданға тайсалмай аттанды. Қолына қару алып жаумен соғысқаны анық, ауыр жараланғаны анық, сондықтан да ол Ұлы Отан соғысы ардагері ретінде ел есінде, ұрпақтарының есінде мәңгі қалады.
Сөйтіп, бұрын бірін-бірі білмеген бір атаның ұрпақтарының бір-бірімен табысуына дәнекер болып, кеш болса да, араларындағы бауырластық жібін жалғауына септігімді тигізгеніме шүкір деймін. Дүниеден өткен жандардың аруақтары риза болғай!
Аязбай Шамұратов,
Астана қаласы