Ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері соңғы жылдары ауыл еңбеккерлері мен қала тұрғындарының арасын жалғайтын тиімді тетікке айналды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан алынған ресми мәліметтерге қарағанда, 2024–2025 жылдары өңірде 591 ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкелері ұйымдастырылып, онда жүздеген шаруашылық өз өнімдерін ұсынған.

Ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өңірде бірнеше жылдан бері жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді. Биылдың өзінде облыс көлемінде 595 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін өткізу жоспарланса, күні бүгінге дейін оның 119-ы өткізілді. Оған ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер, қайта өңдеу кәсіпорындары, саяжай бағбандары мен көтерме саудамен айналысатын кәсіпкерлер қатысты. 2024-2025 жылдар аралығында 100-ге жуық шаруашылық өз өнімдерін ұсынған. Әлгіндей жәрмеңкелер ауылдағы кәсіп иелері үшін өнімін тікелей тұтынушыға сатуға мүмкіндік берсе, қала тұрғындарына делдалсыз, қолжетімді бағада сапалы өнім алуға жол ашады. Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Берік Сейітқазиевтің айтуынша, мұндағы басты мақсат – азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру, шаруа қожалықтарына өз өнімдерін делдалсыз, тұтынушыларға тікелей сатуға жағдай жасау және отандық өнімге сұранысты арттыру.
– Жәрмеңке аясында арнайы мемлекеттік қолдау қарастырылмағанымен, жалпы ауыл шаруашылығы саласын дамыту мақсатында мемлекет тарапынан бірқатар жүйелі қолдау тетіктері қолданылып келеді. Бұл шаралар агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты дамуына, агроөндірістің тиімділігін арттыруға және фермерлердің жүктемесін жеңілдетуге бағытталған. Өсімдік шаруашылығы бойынша сапалы тұқым сатып алу, минералдық тыңайтқыштар мен гербицидтерге кеткен шығындарды өтеу, сондай-ақ суармалы алқаптарды игеруге арналған субсидиялар көзделген. Мал шаруашылығы саласында асыл тұқымды мал сатып алу, мал азығын дайындауға қажетті қаражатпен қамтамасыз ету сықылды қолдау түрлері бар. Бұған қоса, көктемгі егіс пен күзгі жиынтерім кезінде жеңілдетілген бағамен жанар-жағармай алу, тыңайтқыштардың құнын өтеу арқылы фермерлердің шығындарын азайтуға жағдай жасалған. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту, жабдықтар мен инфрақұрылымды жақсарту мақсатында инвестициялық субсидиялар мен төмен пайызбен берілетін несиелер де кеңінен қолжетімді. Жалпы, бұл мемлекеттік қолдау шаралары ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өндірістік шығындарын азайтып, өнімділікті арттыруға, сондай-ақ елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған, – дейді басқарма басшысының орынбасары Б. Сейітқазиев.
Ресми ақпаратқа сүйенсек, жәрмеңкедегі өнім бағасы нарықтағы орташа бағадан 10-15%-ға төмен. Бұл – тұтынушылар үшін айтарлықтай үнем. Әсіресе әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері (картоп, сәбіз, пияз, ет, сүт, жұмыртқа) бойынша баға тұрақтылығы айқын аңғарылады.
– Облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетовтың келісімімен жыл басында арнайы кесте бекітіліп, жәрмеңке екі маусымда өтеді. Біріншісі, қаңтардан мамырға дейін, екіншісі, тамыздан жылдың соңына дейін жалғасады. Алайда жаздың ең ыстық айларында – маусым мен тамыз аралығында жәрмеңке өткізілмейді. Бұл – санитарлық талаптарды сақтау мақсатында қабылданған шешім. Әсіресе күннің қатты ысуы ет пен сүт секілді
тез бұзылатын өнімдердің сапасына кері әсер етуі мүмкін. Сол себепті халық денсаулығы мен өнім қауіпсіздігін сақтау үшін бұл аралықта жәрмеңке уақытша тоқтатылады. Мұндай шешім тұтынушылардың мүддесін ескеріп, сатылатын тауарлардың сапалы әрі қауіпсіз болуын қамтамасыз етуге бағытталған, – деді Берік Маратұлы.
Ауыл шаруашылығы жәрмеңкелеріне қатысатын кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарына бірқатар санитарлық және сапа талаптары қойылады. Бұл, ең алдымен, тұтынушы қауіпсіздігі мен өнім сапасын қамтамасыз етуге бағытталған. Сондай-ақ жәрмеңкеге қатысушыларға өз өнімдерін нарықтағы орташа бағадан төмен сату міндеті жүктеледі. Мұндай шарттың қойылуы тегін емес, бұл облыс тұрғындарын қолжетімді әрі сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету және делдалсыз сауда тетігін қалыптастыру үшін маңызды. Өнім тікелей өндірушіден тұтынушыға жеткенде, баға да тұрақталады, сапа да бақыланады. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру – жәрмеңкенің негізгі міндеттерінің бірі. Сондықтан мұндай шаралар жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайына оң әсер етіп, ауыл мен қала арасындағы сауда-саттық байланысын күшейтеді. Егер жәрмеңке ережелерімен келіспейтіндер болса, Оларға Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 91-бабына сәйкес тиісті тәртіппен шағымдану құқығы қарастырылған.
Батыс Қазақстандағы ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері – экономикалық тиімділігіне қоса, әлеуметтік маңызы бар шаралар. Бұл – ауылдағы еңбектің нәтижесін әділ бағалау, тұтынушы мен өндірушінің тікелей байланысы және бағаны тұрақтандырудың нақты тетігі. Мұндай жәрмеңкелерді жиілету арқылы өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, отандық өнім өндірушілерді қолдау жұмысы одан әрі жалғаса бермек.
Аружан Аманжол,
«Орал өңірі»