6.02.2026, 9:30
Оқылды: 12

«Жазмыш» – сахнада

Жақында «Қадыр – қазына» жобасы аясында Тасқала ауданының  халықтық театры Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында көрерменге «Жазмыш» қойылымын ұсынды.  Аталмыш қойылым Сырым ауданының әкімдігі Мемлекеттік сыйлықтың иегері,  Қазақстанның  Халық жазушысы, ақын  Қадыр Мырза Әлидің 90 жылдық  мерейтойына  орай ұйымдастырған халықтық театрлар  арасындағы  аймақтық фестивальде бас жүлдені иеленген. 

8ae4a620-6b38-4a55-aa39-5b4154aa1533

Қадыр ақынның «Жазмыш» және «Иірім» туындылары мен өлеңдері арқылы өрбіген қойылымның ауторы және режиссері – Жалғасбек Мырзагереев. Қойылымға арнайы шақырумен Қадыр ақынның туған қарындасы Күләш Мырзалиева және Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, «Парасат» орденінің иегері, Қазақстан Жазушылар одағы БҚО филиалының төрайымы Дариға Мұштанова және өзге де зиялы қауым өкілдері  қатысты.

Жарқ-жұрқ еткен сахнаға қойылған қалам мен бетперде – қойылымның  негізгі символдары. Қалам – тағдыр мен өмірдің өзі болса, бетперде – өмірдегі сан қилы пенделердің бейнесі. Актерлердің ойын карталары кейпінде көрінуі – жай ғана сценографиялық шешім емес, бұл – өмірдің өзі үлкен ойын екенін меңзейтін философиялық астар. Сан түрлі тағдыр, сол дәуірдегі зиялы қауым өкілдерінің пендешілігі, адамның қандай биік мұрат ұстанса да, әуелі пенде екенін ұғындыру.  Билікке, одаққа, атаққа жету жолында бірін-бірі алдаған, арбаған, жағымпазданған орта – «Иірім» мен «Жазмышты» оқыған жанға бірден таныс құбылыс. Осы алуан тағдырлар арасында Қадыр ақынның жеке қасіреті, жүрегіне қадалған ішкі қайғысы айрықша суреттеледі.  Қойылым бойына «Киімдерін неге теріс киіп алған, галстугін арқасына тағып алғаны несі екен?» деп ойланып отырдық. Сөйтсек, актерлердің киімді теріс киюі де кездейсоқ емес екен. Бұл – ішкі күйзелістің сыртқа шығуы, қатып қалған қалыпқа қарсылық танытуы екенін ұғындық. Режиссерлік тұжырым бойынша, Қадыр ақын да «Жазмыш» пен «Иірімді» жазу арқылы сол кезеңдегі әдеби қалыпты бұзып, бар шындықты боямасыз  жазған.

37c5918b-e332-4dc2-9709-a9fed71d4154

– Қойылымдағы ең даулы, бірақ ең әсерлі көріністердің бірі – кітаптардың жыртылуы. Бұл – көрерменге бағытталған психологиялық соққы. Алайда қай жерде көрсетілсе де, көрермен үнсіз қалды. Егер біз адамзаттың рухани қазынасын шынымен қадірлесек, кітаптар кітапханаларда шаң басып тұрмас еді. Оқылмайтын дүниені «Жыртпаңдар!» деп өтірік  қорғаудың да қажеті жоқ. Осы ащы шындықты сахна тілімен жеткізгіміз келді. Бұл – кітапты жырту арқылы кітаптың тағдырын қорғау парадоксы, – дейді қойылымның режиссері Жалғасбек Есентемірұлы.

Қойылым барысында театр ұжымы батыл эксперименттерге барған. Спектакль көрерменмен шекараны жойып, тікелей байланыс орнатуға ұмтылады,  барлық диалог пен монолог сахнадан залға бағытталады. Ерекше әсер қалдыратын көріністердің бірі – сахнаның ортасына шашылған қаламсаптардың арасындағы Қадыр ақынның монологы. Ол өзінің жалғыздығын, жетімдігін, бала кезінен адамдардың қас-қабағына қарап өскенін, қоғамның қатігездігін тебірене толғайды. Бұл – қойылымдағы ең ауыр әрі көрерменді толандырар сәттердің бірі. Мұндағы қаламсаптар жай ғана реквизит емес, үнсіз мазарлардың символы ретінде көрініс табады. Режиссердің түпкі мақсаты  – көрерменді қойылым арқылы ойлануға, ішкі сұрақтарына  жауап  іздеуге  шақыру.

1200eaac-b9d3-4fd7-b08f-9b9788f3f7ca

Айта кетейік, Тасқала халықтық театры 2004 жылы үйірме ретінде құрылып, 2006 жылы «халықтық» атаққа ие болды. Содан бері ұжым үздіксіз шығармашылық ізденісте. Облыстық және аймақтық фестивальдерде талай мәрте жүлделі орындардан көрініп келеді.

– Аталмыш қойылым  – «Жазмыш» пен «Иірім» шығармаларының және Қадыр ақынның өлеңдерінің негізінде өрілген тұтас көркем дүние. Сондықтан қойылымның жанрын қасірет аллегориясы деп атадық.  Өйткені сахнада жеке адамның ғана емес, тұтас бір дәуірдің, ақындық болмыстың, шығармашылық тағдырдың қасіреті астарлы бейнелер арқылы көрерменге ұсынылады. Ақынның ішкі жан айқайын, шығармашылықтың ауыр азабын тікелей емес, символ мен метафораға сүйене отырып жеткізуді мақсат еттік.  Биыл Тасқала халықтық театрына 20 жыл толады. Осы датаны республикалық деңгейде атап өту жоспарда бар. Былтыр біздің театр жаңа ғимаратқа көшті. Біз қойылымдардан бөлек, ауданның мәдени өміріне белсенді араласамыз. Музыкалық-поэтикалық кештер ұйымдастырамыз. Тасқала ауданында кітап талқылау мақсатында «Із» деген жобамыз жұмыс істеуде. Атап өтетін жайт,   актерлер кәсіби әртістер емес. Көпшілігінің өз мамандығы бар. Бірақ қолдары босаған сәтте театрға келіп, қойылымдарға, түрлі кештерге дайындалады. Өз қалауымен келген жандарды театр өнеріне баулимыз, білгенімізді үйретеміз,  –  дейді Тасқала халықтық театрының жетекші-режиссері  Жалғасбек  Мырзагереев.

Гүлжамал Жолдығали,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале