Туған әдебиетіміздің ең бір өркен жайған алтын ғасыры – ХХ ғасырдың елуінші жылдарынан бастап, қазақ әдебиетінің дамуына өз үлесін қоса білген, шығармашылық мұрасы мол әрі сан салалы қаламгерлік тұлғаның бірі – Берқайыр Аманшин.
Адам өзі туған заманның заңдылығына, қоғамдық қатынастар қайшылығы мен бірлігіне, өскен ортаға орай қалыптасып, өсіп жетіледі. Осылардың бәрінен жан-жақты тәлім-тәрбие, ілім-білім арқылы өзінің адами көзқарасын қалыптастырып, өз түсінігі арқылы заманның озығы мен тозығына ой жіберіп, уақыт қатынасын айқындайды. Сөйтіп, өзінің өмір жолының ұстанымдарын бекітеді.
Мүмкін, ол қарапайым еңбек жолы болар немесе белгілі бір саланың қоғамдық ортада мойындалған деңгейі болар, әлде ол рухани қажеттіліктің өрісін толтырар шығармашылық болар. Қай-қайсысы болса да, Алла жаратқан адам пенденің сол жаратушылығына дарытқан қандай да бір қасиеттің жарқырай танылуына жол ашқан өмір жолдарының кезеңдері мен тағдырдың алға тартқан түрлі қызықты да қиындықты белестерінен белгі береді. Бұл, әсіресе, шығармашылық тұлғаға тән болып келеді. Ақын, жазушы, драматург, аудармашы, зерттеуші Берқайыр Аманшин Сәлімұлы: «1924 жылы 11 қарашада Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданындағы Батпақкөл ауылында туған» [8, 27 б.], – деп көрсетілген.
Ал «Өлеңім – өмірім» естелігінде білімге құштарлығын оятқан балалық кезеңі туралы: «Мен ертеректің өзінде орысша-қазақша мектеп бітірген қызметкер әкенің арқасында жоқшылық көрмей, мәдениетті семьяда тәрбиелендім» [9, 5 б.] деген дерек береді. Бұдан түсінетініміз қаламгердің зиялы әкенің тәрбиесінде болып, оқу-білімнің қадір-қасиетін ерте байыптап, әдеби туындылармен таныстығы ерте басталғандығы. Ал бұл болашақ шығармашылық жолға бет бұрысының, соның ішінде ақындық «дертіне» шалдығуының жолашары болғандығы шындық.
Оның әкесі Сәлім Аманшин Орынбордағы реалдық училищені орысша бітірген, сауатты жан болған. Ал анасы үй шаруашылығы әйелі болғанмен, бала тәрбиесіне көп көңіл бөлген жан болған екен.
Болашақ қаламгердің мектептегі білім алу жолында, белгілі бір ерекшеліктер белгі береді. Ол алғаш Астрахандағы татар мектебіне барады, онда алтыншы сыныпқа дейін қазақша оқып, соғыстың алдындағы жылдары Орынборда орыс мектебінде оқиды.
Белгілі революционер Николай Бауманмен гимназияда бірге оқыған Иван Рудольфович Матцкий деген тәжірибелі қарт мұғалімнің сыныбына алынады. Болашақ жазушының орыс тілін меңгеруге сол кісінің көп көмегі тиеді. Бала сезіміне әсер еткен алғаш әдеби шығарма «Игорь полкі туралы сөз» атты жырдағы әйел зары өзі өмірінде көрген ауыл әйелдерін елестетіп, қатты әсер қалдырады.
Рухани дүниесін жаулап, жүрек түкпіріндегі бұйығы бір сырды оятқан жырды кейін түгел аударып, Алматыға, Ғылым академиясына жібереді.
Жыр М. Әуезов қолына түсіп, оң баға алған. Бұл туралы қаламгер: «...сәті түсейін дегенде Мұхтар Әуезовтің қолына тиіпті. Ғылыми академиясының бір жиынында менің аудармамды ол кісі мақұлдап сөйлепті» [9, 7 б.], – деп жазады. Сол кітап 1951 жылы жеке кітапша болып басылып шығады. Б. Аманшин әдебиетке осылай қадам басқан қаламгер.
Оның сөз өнеріне деген сүйіспеншілігі мектептен басталып, бірте-бірте еліктеуден еркіндікке қанат қаққан. Сол бір көкейдегі тылсым сырды тербеткен жырдың әсері жайлы кейін қаламгер ерекше жылылықпен былай еске алады:
«1940 жылы «Игор полкі туралы сөзді» өттік, онда «Ярославаның жоқтауы» деген тарау бар екен. Бұл Дон бойындағы қыпшақтармен соғыста қолға түскен күйеуі князь Игорь Святославичті әйелінің жоқтаған зары. Осыны мұғалимамыз алғаш дауыстап оқығанда, жесір арудың жарын сағынып, жылаған әсерлі сөздеріне көңілім босағаны сонша, класта отырып жыларман халге келгенім есімде.
Жасымызда ауылда жылау айтып, дауыс салған әйелдерді талай көргенбіз. Ярославаның зары тап сондай, сөздерінен бұрын ырғағы, әуені де қазақтың жылауына дәл келеді екен. Дереу сол жерде, сабақ үстінде Ярославаның жылауын қазақшаға аудара бастағаным, менің әдебиетке алғаш ұмтылысым еді» [9,6 б.].
Қаламгер сол тұстан бастап, аударып жүріп, 1951 жылы шыққан дүниесі.
Әдебиеттегі тырнақалды дүнием осы деп бағалайды. Оның бұл шығарманы атап көрсететін себебі де бар. Бұл оның шығармасының туу тарихы болып табылады. Әрине, аударма төл туынды емес, бірақ оған бүкіл болмысыңмен беріліп аударсаң, өз шығармаңнан кем тер төкпейсің. Аударманың арқалайтын жүгі, жауапкершілігінің үстіне, өнер туындысы халықтың қазынасы болып есептелгендіктен, екінші халықтың қазынасына айналдырғанда да өзінің түпкі мәні мен мағынасы, мазмұнын жоймауы керек.
Шәкірт бала Берқайырдың «алтын ұядан» қанат қағып ұшпай жатып-ақ орыс әдебиетінің асыл мұрасы саналатын жәдігерді аударуы және оның Мұхтар Әуезов сияқты ғұлама жазушының көзіне түсуі кездейсоқ емес. Онда санадан тыс белгілі бір құдірет күші арқылы байланысқан тылсым сыр бар.
Жазушының: «Мектеп қабырғасында орыс классикасын түпнұсқадан түгелге жақын, батыс классиктерін Шекспирден бастап, Дюмаға дейінгі біразын оқып үлгергенімді үлкен олжам деп білемін. Олардан мол білік алдым, көп нәрсеге ерте көзім ашылды» [9, 7 б.], – деуі өзіне ұнаған жырды аударуға деген талпынысын, құрғақ қиялдан емес, көкірекпен ұғынған зерделілігінің нәтижесі екендігі даусыз. Талапты жас екі тілді жетік білгендіктен де екі әдебиетті тел емген тарлан болып өскен. Өзінің қазақ әдебиетіндегі шығармаларды оқуы туралы ол былай дейді:
«Өзіміздің қазақ жазушыларынан алғаш оқығаным Сәкен мен Бейімбет, сосын көбіне Сәбит Мұқанов. Сәбиттің «Сұлушашы», «Адасқандары» мен «Жұмбақ жалауы» оқиға байлығы, тілінің жеңілдігі, ұғымға оңайлығымен қызықтырып еді.
Абайды есейе келе оқыдым, Махамбетті де бертінде білдім. Жаңа поэзиядан әсер еткені Қасым Аманжоловтың «Советтік менің өз елім». Төрт аяғын тең басқан, мүше-мүшесі түгел мінсіз, нағыз мәдениетті өлең деп әуелі сол өлеңді танып едім» [9, 7 б.].
Дарынды ұлдың алғашқы қадамын Қалижан Бекхожиннің: «Жазушы жан-жақты әрі мол білімді болуы керек деген қағиданы мойындау бар да, орындау бар. Соңғысы көбіміздің қолымыздан келе бермейді. Ал ол білім бізге, Абай айтқандай, орыс тілімен келеді. Әлгідей білімдарлыққа Берқайыр да, алдымен, орыс тіліне жүйріктігімен жеткеніне күмән болмаса керек. Әдебиетке ол алғаш «Игорь полкі туралы сөзді» қазақшаға аударумен келгені де осының куәсі. Мұны аудару үстінде Берқайыр орыс тілінің арғы төркіні көне славян тіліне зер салып, түсінуіне тура келеді» [10]. Сынды пікір толықтырады әрі бекіте түседі.
Берқайыр Аманшиннің 60 жылдығына орай «Вечерняя Алма-Ата» газетінде жарияланған Хамит Ерғалиевтің «Грани творчества» мақаласында да қаламгердің әдебиетке келуі жайлы сөз етілген: «Берхаир Аманшин пришел в казахскую литературу с переводом на родной язык «Слова о полку Игорове». Это было в 1951 году. Поражала творческая энергия и эрудиция совсем еще молодого человека. Тем более что до него этот выдаю-щийся памятник древнерусской поэзии был переведен таким авторитетом, как Сабит Муканов.
И спустя тридцать с лишним лет с той поры, в год своего 60-летия писатель-переводчик всецело занят «Сло-вом». В следующем 1985 году исполняется 800 лет этому выдающемуся памятнику мировой культуры, ре-шением ЮНЕСКО намечается широко отметить эту дату. В связи с этим Берхаир Аманшин заново переработал «Слово»» [13].
Ендеше, әдебиетке Берқайыр Аманшинді жетелеп әкеп қосқан «Игорь полкі туралы сөз» атты құдіретті жыр үлгісі. Мұны қаламгердің өзі де мойындайды. «Әдебиетке келу қашанда құмартудан басталатыны белгілі, мен де бұл жолдан аттап өте алмадым» [9, 6 б.], – дейді өзін табындырған жырға құштарлығы туралы ол. Бұл шындық. Құмарту мен қызығудан еліктеу, ал еліктеуден өзіндік бет-перде айқындауға деген ұмтылыс тұтанады.
Себебі, осынау жорық жырын аудара жүріп, болашақ ақын өлең жазуға ден қояды. Олар алғашқы талпыныстар болғанмен, сол алғашқы жырлардан-ақ ақындық мұраны мирас етуге мықтап бекінген жас талаптың та-лабын танимыз. Оның қашанда әр өлеңге өзіндік салмағын артуға талпынғаны байқалады. Мысалы, өзінің тұңғыш өлеңінің жарық көргені туралы естігенде: «Тұңғыш баспа бетін көрген өлеңім «Биылғы май» 1942 жылы Гурьев облысы газетінің Бірінші майға арналған санында жарияланды. Оны «Бірінші май» демей «Биылғы май» деуімнің мәні бар еді. Жылдағы кейбір кездегідей емес, бұл соғыс басталғаннан бері бірінші рет тойланып отырған Май ғой.
Көктем қанша гүлденгенмен жылдағыдай сәні жоқ, көңілдер солық, мереке өңсіздеу. Өйткені, батыста майдан қызған, фашист жауыздар Еділге тақап қалған кез. Мерекелік өлеңімде мен биылғы майдың осы ерекшелігін жырласам керек» [9, 8 б.], – деп еске алады. Қарап отырсақ, осы алғаш жа-рық көрген өлең туралы естеліктен, ақын болмақ талапты жастың өлең өнеріне жауапкершілігін танимыз. Ол жырламақ тақырыбының табиғатын жақсы түсінеді.
Сондықтан да өлеңге арқау болған тақырыпты ашуды өлең атауына мән беруден бастайды. Өлең шіркіннің іші мен сыртының үндесуін қалаған көңілдің мына мұқияттылығы іш жылытпай қоймайды. Бұл ақынға керек қасиет. Мақсат жазуда, жариялауда, шығаруда емес, жазған сөзің жұрт жүрегіне жете алуында. Берқайыр ақын осыны терең ұғынған сынды. Тіпті, оның балалық дәуренінің қызығынан арыла алмай жүргенде жазған өлеңінде сыршылдыққа бой ұратындығы байқалып қалады. Соның бір мысалы мына бір үзінді:
Таң шапағы арайланып,
Шолпан жұлдыз туды анық.
Өзен суы майланып,
Мұнар тартты буланып.
Қараймында күрсінемін,
Неге ойым бүркенді?
Таң шапақтан бір тілегім,
Тез жарқырат өлкемді...
Бұл бала Берқайырдың он үш жасында жазған алғашқы өлеңдерінің бірі. Өлең жолдарынан табиғаттың сұлу суреті мен астасқан балаң көңілдің әлдебір алаңдаушылығы сезіледі. Бірақ мұнда тілек пен сенім бірлігінен байқалатын күрсіністен гөрі үміт басым.
Балаң көңіл неге алаң десеңіз, мезгілге назар аударыңыз. Бұл әйгілі 37-нің тұсы ғой. Отбасындағы әлдебір қауіпті балаң көңіл осындай бір сыршылдықпен жырлайды. Алаш пен қызыл ұстасқан тұста екі оттың ара-сында қалған әке тағдыры оңай болды дейсіз бе!? Кейін, талай қудаланып, тағдыры талқыға түскен сәттер аз болмаған-ды. Сол бір аумалы-төкпелі заманның кінәмшіл келбетінен белгі бермей ме, бұл өлең. Қолымызда толық нұсқасы болмағанмен, үзіндіден оны аңғару қиын емес.
Ақынның жақсы өлең жазуға ұмтылысы өлең танудан бастау алады. Ол өлең жайын, ақын табиғатын жақсы таныған. Оның өз «Өмірбаянында» жазған алдыңғы толқын ағалар поэзиясы туралы бала кездегі таным түсінігі осының куәсіндей. Ол өзін ынтықтырған жаңа поэзия туралы айта келіп, Қасым Аманжоловты алдымен атайды да:
«Сосын Ғали Ормановтың кішкене ғана «Емені» үйіріп алды. Артынша, Хамит Ерғалиевтің «Біздің ауылдың қызын» оқығанымда, өмір шындығының ақын сөзімен мәнерленген көркем бейнесі қатты сүйсіндірді, ондағы мінездерден, портреттерден, детальдар «ойынынан» біраз ғибрат алдым» [9, 7 б.], – деп өлең өнеріндегі тәлімгерлерін айтып өтеді.
Ол шетел ақындары мен туысқан халықтар өкілдерінің де туындыларын аударуға үлес қосты. Атап айтқанда, ағылшын Джордж Байрон, татар Ғабдолла Тоқай, түркімен Берді Кербабаев, қалмақ Давид Кугультинов т.б. туындыларын қазақша сөйлетіп, халықтар достығының нығаюына қал-қадерінше еңбек етті.
Бұл жырлар 1983 жылы «Жорық жырлары» деген атпен «Жазушы» баспасынан жарық көрді. Салават Юлаев жыр толғауларын негізінен екі ақын аударған. Оның бірі – Бүркіт Ысқақов. Ол жаңадан табылған өлеңдері деген бес өлеңін аударған. Ал оның алғы сөзін жазып, оның көпшілік бөлігін қазақша сөйлеткен Б. Аманшин.
Салават Юлаевтың есімі башқұрт халқы үшін қаншалықты қадірлі екенін кезінде СССР-дегі ұлт әдебиеті өкіл-дерінің айбындысының бірі башқұрттың дарынды жазушысы, СССР мемлекеттік сыйлығының иегері Мұстай Кәрімнің мына сөзінен пайымдауға болады: «Башқұрт көтерілісінің көсемі Салауат Юлаев 1774 жылғы ноябрьде тұтқынға түскенде не бары жиырма бірден жиырма екіге қараған кезі екен.
Өзінің ұлы ерлігімен тым ерте мәңгі өлместік даңққа бөленгенімен, ол халық жадында жалынды өршіл жастығымен бірге, Балтық теңізі жағасындағы қамалда тұтқында ол тағы да ондаған жыл өмір кешті. Бірақ кейінгі ұрпақтардың көңілінде оның бейнесі әдіре қалғыр сол ноябрь күніне дейінгі қалпында сақталуы» [14, 40 б.].
Жалп-жалп еткен жапалақ,
Жазмышта кімге жолдас болмаған?
Бетегелі боз дала,
Кімдерге төсек болмаған?
Жағасына құс ұялап,
Жағына шыбын-шіркей балалап,
Ер жігіттің басы қайда қалмаған?
Батпандай жүктен белің бүгілмей,
Қып-қызыл қан түкірмей,
Өткелектен өтпей, от кешпей,
Адал қанын бір төкпей,
Башқұртқа ерік тиер ме?
Көк лашынның баласы
Талпынып, талпынып торда өлер.
Жақсы атаның баласы
Жорықты күні жауда өлер.
Қаршыға өтпес орманнан
Лашын өтер әрі ұшып.
Қор боп, тірі жүргенше
Жауда өлейік алысып [15, 22 б.], – деп жырлаған Салауат жырларын аударуға Берқайыр ақынның неге қызыққаны бесенеден белгілі. Башқұрт жұртының қол бастаған батыры, сөз бастаған ақыны Салауат рухы оның өмірінің мәніне айналған Махамбет жыраумен үндес болатын.
Махамбет ақынды ерте зерттей бастаған Берқайыр Аманшин Ресей империясының отаршылдық езгісінің қасіретін тартқан қос халықтың айбынды ұл-дарының істері мен тағдырынан тамырластық тауып, екеуін өте жақындықпен зерттей бастаған-ды. Міне, со-ның нәтижесі Салауаттай сардар ақын-жырларын өз оқырманына отты рухын бәсеңдетпей жеткізуге ұмтылдырды. Ұмтылдырып қана қойған жоқ қол жеткізді.
Біз аударманың көркемдігін, дәлдігін, шеберлігін сөз етуден аулақпыз. Ол бұл тараушаның мақсатына да кір-мейді. Бізді қызықтыратыны қаламгердің шығармашылық ғұмырнамасы. Ал оның алғашқы баспалдағы осы аудармашы шығармашылық Б. Аманшин Салауат жырларын башқұртшадан тікелей аударған екен. Бұл да оның аударма саласындағы құп аларлық көрінісі болып табылады. Көбіне біз орысшадан аударуға құмармыз. Түркі тілдес туыстас халықтардың өзінен осылай жасаймыз. Берқайыр ақын осы қалыптасқан дәстүрді бұзушылардың бірі десек те болады. Өйткені, «... Салауаттың жырлары өзінің көркемдік сазы мен әсем әуені қазақ жырына өте жақын»... [15], – деп, кітап аннотациясында көрсетілгендей, рухы да, сөз саптауы да, екпін ырғағы да, түр өрнегі де Махаң жырымен төл туындысындай табысып кететін өміршең өлеңдерді басқа тіл-ден аудару обал-ды.
Берқайыр Аманшин Махамбетті қалай терең түсінсе, Салауатты да солай қабылдаған. Оның жауынгер ақын туралы айтқан мына ойлары: «Салауат Юлаев башқұрт халқының ардагер ұлы, ұлттық қаһарманы. Ол – Ре-сейдегі феодалдық басы байлылық өкіметке қарсы... көтерілістің батыр сардары, жауынгер жыршысы. Бүгін-де, әлемнің қай қиырына барсаң да башқұрт дегенде, алдымен Салауаттың аты аталады. Ерді ел туғызады, елдің атын ер шығарады деген осы» [16, 3 б.], нақты дәлел.
Жинаққа енген жырлардан Б. Аманшин аудармасымен басылғандары «Туған елім», «Оралым», «Соғыс», «От», «Жігітке», «Сандуғаш», «Киіз үйім», «Зылиха» өлеңдері мен «Бугәшәумен (Пугачевпен – А.Е.) қос бо-лып, батыр ермен дос болып» толғауы және «Салауат батыр» атты тарихи дастан. Олардың бәрі де өте көркем, өзіндік әсем әуезі сақтала аударылған. Бұл жырлардан дауылпаз ақын, жалынды жырау Салауаттың майдан даласында жеңіс дабылы жаңғырған жырларының даусын естігендей боламыз. Шерулес серіктерінің намысын көкке көтеріп, ұлы айқасқа үндеген ақынның өткір толғауларын, жалыны лапылдаған құрыш қуаты бір мысқылдан кемімей жеткені күмәнсіз. Жинақтағы жыр жолдары соның айғағы. Міне, «Соғыс» атты өлеңі:
Бұл заман нені көрмеген,
Ерлер де өткен еңіреген.
Асқақтап биік арманмен,
Аспанға даңқы өрлеген.
Жорықта аттан түспеген,
Жұртына пайда істеген.
Дұшпанға тізе бүктіріп,
Тажалды жеңген күшпенен.
Ақ дауыл соқса сынбаған,
Аждаһа көрсе қыңбаған.
Жын пері салса сиқырын,
Жеңбей де көңіл тынбаған.
Ардагер өтті ау талай ер!
Аруағың мені қолдай гөр.
Жасанған жауға шабуға,
Тарланым, қанат қомдай гөр.
Қанымды менің аңсаған,
Үш жүз жау тиді қарсы алдан.
Жайраттым жалғыз талайын, –
Қан жоса болды қанша адам!
Жеңілді қалды, жау тынды...
Жетектеп шықтым атымды.
Отырмын өзен бойында,
Қайталап дұға антымды:
Дес бермен жауға, жеңілмен,
Аллама аян көңілмен.
Азаттық үшін айқаста
Аламын алғыс елімнен! [15, 12-13 бб.]
Өлеңді түгелдей келтіруіміз шағындығынан емес, Берқайыр тәржімасы арқылы жеткен өлеңдегі рухты се-зіндіру. Әрине, сіз Салауат жырларының башқұртшасына аудармашыдай терең бойлай алмаймыз, сондықтан да түп нұсқаны тәржімамен салыстыра қарай алмаймыз. Әйтсе де, жоғарыдағы өлең жолдарынан жорық жырының лебі есіп-ақ тұр. Жалпы Салауат жырын түпнұсқаға санаудың өзі қисынсыздау. Себебі, оның жырлары башқұрттарға орысшадан тәржімаланып жеткен. Көтерілістен соң «... ұзақ жүз жыл бойында оның ай-бынды аты аталуға тыйым салынды. ...Салауаттың өлеңдерін отқа өртеді, ол үшін айып таңып, қамшының астына да алды» [14, 40 б.], – дейді Мұстай Кәрім. Ондай жағдайда ақын жырларын жинап, ел жадында қал-дырудың жолдарын қарастыру мүмкін емес-ті. Ақын жырларын ХІХ ғасырдың екінші жартысында орыс өлке-танушылары ел аузынан жазып алып, орысша аударып бастырған. Одан қайыра башқұрт ақыны Рашид Ниғмати башқұртшаға тәржімалаған. Осынау екі қайтара аударылған дүниені Б. Аманшин қазақ оқырманда-рына Салауаттың ақындық рухын сақтай отырып, жеткізуге тырысқан. Орыс әдебиетінің классигі, ақын Жуков-ский: «Переводчик в прозе есть раб; переводчик в стихах соперник» [17, 75 б.], – дегенін еске алар болсақ, Берқайыр ақын Салауат рухымен сырласа отырып, оның өлеңдеріндегі азатшыл сарын дәстүрін сақтай алған. Тағы қайталап айтамыз, Махамбеттей өр ақынның өлеңдерімен жастай сусындап өскен Берқайыр ақын көкірегінде қатталған Салауат жырларын ұға алды.
Аудармашының төмендегі ойлары бұған дәлел. «Салауат өлеңдері, – дейді Берқайыр Аманшин, осы жинаққа жазған алғы сөзінде, – біздің қазақтың ақыны Махамбет Өтемісовтің (1803-1846 ж.ж.) өлеңдерімен өте жақын үндес. Мұның екі ақынның тағдырының бірлігінде – екеуі де патша үкіметінің феодал шонжарлардың езгісіне қарсы шаруалар көтерілісін басқарды. ... Халық поэзиясының тұнығынан нәрленген, халықтың елдігі мен ерлігін жырлаған, азаткер жүректердің асыл арманын толғаған Салауат пен Махамбет – еті туыс елдердің егіз перзенттері. ... қазақшалану түрінде Салауат поэзиясының Махамбет жырларымен үндестігі тіпті айқын-дала түскендей. Екі ақынның ... сөз қолданыстары ұқсас келеді. Екеуі де башқұрт пен қазақтың халық поэзи-ясының тұрақты бейнелеу құралдарын мол пайдаланған, бірақ оларды жаңа тарихи кезеңге, күрес мүддесіне ыңғайлап, жаңғыртып, жаңаша қолданған» [16, 8 б.].
Айгүл Ермекова
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі «Геральдикалық зерттеулер орталығы» РММ, филология ғылымдарының кандидаты
(Жалғасы бар).