Бүгін Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, «Жайық үні» ЖШС газеті редакциясының директор-редакторы Мира Шүйіншәлиеваға «Бөкей ордасы ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
– Бұл атақ халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, жазушы, журналист жерлес апамыз Мира Хамзақызына бөкейордалықтардың ұсынысына сәйкес, аудандық мәслихаттың шешімімен берілгелі отыр. Рухани азық сыйлайтын шығармашылығыңыз шарықтап, шабытыңыз таси берсін. Отбасыңызға амандық тілейміз, – деген аудан әкімнің орынбасары Мейрамбек Аққалиев жазушыға төсбелгі табыс етті. Жазушының шашбауын көтере келген жерлестері де игі тілектерін арнады. «Мира Хамзақызын оқушы кезінен білеміз. Ол институт бітіргеннен кейін, шығармашылық жолға түсті. Оның туындылары көңілімізден шығады. Тәрбиелік бағытта қалам тербеп келе жатыр. Алдағы уақытта да ел мүддесін көздейтін, ауыл тақырыбын жан-жақты ашатын туындылар жаза береді деген сенімдеміз. Табыс тілейміз, – деп ағалық ілтипатын білдірді бөкейордалық зейнеткер Шайхолла Елемесов.
Өз кезегінде сөз алған Мира Хамзақызы көрсетілген құрметке ризашылығын жеткізді. «Аудандар арасында Хан ордасының тұғыры биік. Жалауы Алаш деп желбіреген, азаттық пен бостандықтың үнін бірінші шырқаған тұңғыштардың мекені. Сол мекеннен осындай перзенттердің туа беретініне сенімдімін. Екіншіден, Хан ордасы «Құрметті азамат» деп қабылдаса, мен халқыма ризамын. Өйткені ол жер – менің ата-бабаларымның мекені, туған жерім. Менің Отаным – елім, халқым, – деген жазушы қонақтарға мемлекеттік тапсырыспен басылып шыққан «Өкініш» кітабын сыйлады. Жазушы республикалық баспалардан жарық көрген «Махаббат бағы», «Шүберек қуыршақ», «Жүректегі құпия», «Өкініш», «Ар азабы» атты прозалық-драмалық кітаптардың авторы.
Айна Имашева,
zhaikpress.kz