26.08.2025, 15:45
Оқылды: 366

Жазушы Сайымжан Еркебаевтың туғанына – 90 жыл

Көрнекті жазушы, аудармашы һәм қаламгер, сатирик Сайымжан Еркебай   – «Алғашқы  адым», «Жолдар  мен  шақырымдар», «Жарылған  бүр», «Ауыл  кештері» және  басқа  да  кітаптардың  ауторы.  Ақжайық ауданына қарасты Қурайлысайдан  шыққан  қаламгердің  көркем  туындылары  көпшілік  оқырманның  көңілінен  шықты.  Сайымжан Еркебайдың  туғанына – биыл 90  жыл.  Осыған  орай  біз  бүгін  танымал ақын, «Отан» және  «Құрмет» ордендерінің  иегері, ҚР Мемлекеттік  сыйлықтың  иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақұштап Бақтыгерееваның  естелігін  жарияладық.

сканирование0034

«Қарабаланың» той жыры

Сайымжан баспасөзде «Қарабала» деген псевдониммен танылды. Қарабала аталарының аты еді. Ол жазғандарымен елді күлдіріп қана қойған жоқ, өз өмірін де көңілді күлкіге толы етіп өткерді. Журналистика саласында жазу қуып, оқу оқып, газет-журнал тапсырмасымен жүріңкіреп қалса  керек, қатарынан  кештеу  үйленді.

Құрдастар қалжыңынан шаршаған ол, бір күні үйленгелі жатырмын деп жар салады. Досжарандары қалжыңы ғой деп сенбейді. Жоқ, бұл жолы қалжыңсыз, ақ сәукелелі қызбен түскен  суреті  бар шақыру  билетін  таратады.

Таңдауы Сара есімді Шығыс Қазақстанның тумасы болған соң, өзі сонау батыстың түкпіріндегі ауылда өскен, «Салты да, сөйлеуі де бөлектеу жақпен тіл табысып кетсе, жақсы болар еді» деп құрдастары той болмай жатып тілек білдіріп, гулей бастайды. Ол кезде Жазушылар одағының «Қаламгер» кафесі сан алуан шығарманың ғана емес, бүкіл ақын-жазушылар өмірінің  қазанша  қайнаған  орталығы  болатын.

Тост айтар сөздерін ойластырып қойған құрдастары «Қаламгерде» әлі үйленіп үлгермеген Сайымжанның тойын тойлап «жуып» жатты. Сонымен, той өткен күннің ертесіне-ақ Сайымжан Еркебаевтың тойда көрсеткен қызық  мінезі  тарап  жүре  берді.

Көрші қонған Қадыр Мырза Әли ағам көзінен жас аққанша күліп, сөйлей алмайды. Тойдағы құда Оралхан Бөкей, ол да күлкіден езуін жимайды.

– Әй, менің «қүйеу балам» қатырды, – деп мырс-мырс күле береді. Сонымен, не болған деңіз?

Жазушы құрдастары тойға өте көңілді келіп, тойды өте көңілді бастайды. Сөз алған Асқар Сүлейменов қалжыңмен тілек айтып, бәрін қыран-топан күлкіге батырады. Қадыр Мырза Әли қалжыңды өлеңдете ұштастырып, ішкізеді. Есенжол Домбаев жұртты анекдотпен булықтыра алғызады. Не керек, шуылдаған топ, күлкіден  арылмаған.

Бір кезде Сайымжанның өзі тұрып, көпшіліктен тыныштануларын сұрап, құда-құдағиларды тыңдаңдар десе, ешкімнің құлақ түрер түрлері көрінбейді. Орындыққа шығып айқай салады, көңілді қауым одан бетер дуылдаса күледі. Сөзін тыңдата алмаған күйеу жігіт қара портфеліне үстелден 4-5 бөтелке арағын салып алып, тойдан  шығып  кетеді.

Үлкен «құда» Оралхан Бөкей тұрған жерінде: «Өй, Сайымжан», – деп тілі байланып, сілейіп қатып қалады. Құрдастар абыржып, ес жиғанша Сайымжан шығып жүре  береді.

Жас келін Сараның жанары мөлтілдеп, не істерін білмей отырып қалады. Осылай жазушы достары үйлендірген Сайымжанның әзілі де, мәзірі де жарасқан отбасымен мен де «Ақ үйде» көрші тұрдым. Ол кезде құм төсеген балалар ойнайтын алаңға Сайымжанның да  сап-сары  бөпелері  жетектесіп  шығатын  еді.

Бұл күнде Сара деген Сайымжанның бәйбішесі немере жетектеген әжеге айналды. Шығыс пен батысты жалғастырған көңілді тойдың соңы сәтті аяқталғанына  біз  де куә  болдық.

Ақұштап Бақтыгереева,

ақын,

ҚР Мемлекеттік  сыйлықтың  иегері

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале