26.12.2024, 16:15
Оқылды: 284

Жазушылар одағының торқалы тойы өтті

Осыдан бірер апта бұрын Алматы қаласында Қазақстан Жазушылар одағының 90  жылдық мерейтойына арналған салтанатты іс-шара өтті.

78ad2cb6-18ca-4e8f-bc3a-fadc965c788e

Оған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, «ТҮРКСОЙ» халық-аралық  ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев, Еуразия Жазушылар одағының президенті Уфук Тузман, сондай-ақ Алматы, Астана қалаларына қоса, еліміздің барша өлке-өңірлерінде тұратын Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері қатысты.

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қаламгерлер қауымдастығының 90 жылдығына орай жолдаған құттықтаухатын оқып, ұлт пен қазақстандық қоғам мүддесі жолында шығармашылық тұрғыда еңбек етіп жүрген барша ақын-жазушыларға алғыс айтты.

Мемлекет басшысының құттықтаухатында: «Жазушылар одағы – руханиятымыздың алтын діңгегі. Бұл ұйым қаламгерлеріміздің кәсіби қауымдастығы ретінде төл әдебиетіміз бен мәдениетімізді өркендетуге және жалпы қазақ руханиятын әлемге танытуға зор ықпал етіп келеді. Сөз өнерінің қара шаңырағын ұлттық бірегейлігіміздің берік тұғыры деуге болады. Ақын-жазушыларымыз ұлтты елдік мұрат-мақсатқа жұмылдыру жолында қалтқысыз қызмет етіп жүр. Аға буын негізін қалаған осы ұлағатты дәстүр үздіксіз жалғасуы тиіс. Әдебиет – ойымыздың тереңдігі мен рухымыздың асқақтығын айшықтайтын ұлы қазына. Оны заман талабына сай дамыту – қаламгер қауымның ғана емес, мемлекетіміздің алдында тұрған маңызды міндеттің бірі. Қазір біз ұлттың жаңа сапасын қалыптастырудамыз. Озық ойлы ұрпақ тәрбиелеу ісінде зиялы қауым айрықша рөл атқаруы керек. Осы жауапкершілікті терең сезініп, адамгершілік құндылықтарды кеңінен дәріптеп жүрген барша қаламгерге шынайы ризашылығымды білдіремін» делінген.

Сонымен қатар мемлекеттік кеңесші әдебиеттің ағартушылық мұрат-мақсатына тоқталып, әдебиетті дамыту ісіне және әдеби ортаның жалпы ахуалына баса мән беретінін айтты. Президенттің қаламгерлерге деген ықыласы мен құрметінің айрықша екенін, Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттің басшысы ғана емес, жазушының перзенті ретінде де төл әдебиетімізге бей-жай қарамайтынын жеткізді. Содан соң Қырғыз Республикасы Президентінің кеңесшісі Арслан Қойшиев көрші бауырлас елдің басшысы Садыр Жапаровтың құттықтауын оқыды. Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов жүзеге асырылған жоба-жоспарларға тоқталып, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар жайында баяндады. Сонымен қатар бірқатар қаламгерге әдеби марапаттар ұсынып, қазақ ақын-жазушыларына және шетелден келген қонақтарға сый-құрмет көрсетті.

Торқалы тойда Түркия, Ресей, Қытай, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және басқа да алыс-жақын шетелден келген құрметті меймандар ізгі ниет-тілегін ақтарып, алдағы уақытта ұйымшылдықпен талай іргелі жобаның жүзеге асырылатынын мәлімдеді. Қырғыз Республикасы Ұлттық Жазушылар одағының төрағасы Қаныбек Иманәлиев «Ядролық қарудан да күшті нәрсе бар. Ол – сөздің күші» деп осы салтанатты жиынға қатысып отырған 300-ге жуық қаламгерді бір серпілтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Жазушылар одағы – ұлттық интеллигенцияның басын қосып отырған қара шаңырақ екенін» атап өтіп еді. Өз қызметімізде біз, Президентіміздің осы жоғары бағасын басшылыққа алып отырамыз. Жастармен жұмысты жүйелі жолға қою мақсатында «Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне үміткер» жобасын қолға алдық. Бұл жоба Қазақстан Жазушылар одағының Жарғысына сәйкес 12-20 жас аралығындағы талантты жасөспірімдер мен жастарға арналған. Аталған жоба аясында 6 облыстан 15 үміткер қабылданып, 2025 жылдың басында олардың жеке кітаптары жарық көреді. Бірқатар бастама Қазақстан Жазушылар одағы мен Мәдениет және ақпарат министрлігі арасындағы стратегиялық әріптестік негізінде жүзеге асырылды. Айта кету керек, қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігін басқарып отырған Аида Ғалымқызының әдебиетімізді өркендетуге деген ықпалды игі істеріне біз, ақын-жазушылар, аса ризамыз. Нақты жобаларға келсек, «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» жобасы жас қаламгерлерді қолдауға, Қазақстанның әдебиет саласындағы жаңалықтары мен өзгерістерін танытуға бағытталды. «Жазушылардың әдеби шеберлік мектебін» ұйымдастырдық. Ол жас қаламгерлердің шеберлігін арттыруға арналған. «ТМД елдерінің архивтеріндегі қазақстандық жазушылардың зерттеу жұмыстары» атты жобаның тарихи, танымдық маңызы зор. Жоба аясында қазақстандық  жазушылардың еңбектері зерттеліп, әлемдік әдебиетке үлес боп қосылған тарихи және әдеби еңбектері қайта жаңғырды. Демеушілерді тартып, қомақты гранттар беріп, жас ауторларға кітап жаздыру тәжірибесі де өз жемісін бере бастады: қоғамдағы өзекті тақырыптарға арналған шығармалар оқырманның ілтипатына бөленуде, – деді Мереке Әбдешұлы.

Мәрлен Ғилымхан

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале