Олардың жұмысы қиын да, қызықты. Олар уақытпен санаспайды. Биік ғимараттарда, үйдің ішінде, жазық далада немесе тау, суларда адамдар не жануарлар оқыс оқиғаға ұшыраса және олардың өміріне қауіп төніп тұрса құтқарушылар көмекке келеді. Біз құтқарушылардың қызметі туралы тек жаңалықтардан ғана көреміз. Ал қалған уақытта құтқарушылардың күні қалай өтеді? Бұл туралы біздің Орал қаласындағы Жедел-құтқару жасағына жасаған сапарымыздан біле аласыздар.
Жедел-құтқару жасағының құтқару бөлімшелерінің күн тәртібі сағат 09.00-де кезекшілікті тапсырып, қабылдаудан басталады. Таңғы сапқа тұру кезінде жеке құрамның тәулік бойғы атқаратын міндеттері белгіленеді, қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқаулықтар өткізіледі, өткен тәуліктегі кезекшілікті қорытындылайды. Сапқа тұрудың назар аудартатын, ең басты және әдемі рәсімі бар. Бұл – Қазақстан Республикасы Гимнінің күнделікті ойналуы.
«Қазір бәрі де үйреніп кетті. Алғашында «қажеті қанша, Гимн неге күнде ойнау керек, міндетті ме?» деген түрлі сұрақтар болғаны рас. Өз басым таңмен сапқа тұрған қызметкерлер үшін Гимн ойналғаны оларға ерекше сезім береді, рухты оятады, жауапкершілікті арттырады, патриоттық сезімнің қалыптасуына ықпал етеді деп сенемін», - деді «БҚО ТЖД өрт сөндіру және авариялық құтқару қызметі» ММ бастығының орынбасары - жедел-құтқару жасағының басшысы Асқар Орынбасарұлы ерекше дәстүрді түсіндіре отырып.
Жедел-құтқару жасағы аумағына кірген сәттен бастап темірдей тәртіп пен тазалықты, әр қызметкердің өз жұмысына деген сүйіспеншілігін көріп, тәнті боласыз. Аумақта қаз-қатар тізілген көлік пен арнайы техника, жүзу құралдары жайында автокөлікке, жүзу құралдары мен жабдықтарға қызмет көрсету бөлімшесінің бас құтқарушысы Өтемұрат Дюсегалиев баяндап берді.
Дәл осы сәтте қаламыздағы Оқушылар сарайынан 100-ге жуық оқушы жедел-құтқару жасағының қызметімен танысуға келді. Судағы, өрт шыққан кезде және басқа да төтенше жағдайлар кезінде қалай әрекет ету керек, олардың алдын алу үшін нені білу керек, кімге және қайда хабарласу қажет, осы сұрақтардың барлығына жауап беріп қана қоймай, ойын не тренинг түрінде тәжірибеде үйрету де құтқарушылардың күнделікті жұмысының бір бөлігі.
Күн тәртібіне сәйкес жасақтың жеке құрамы үшін түскі асқа дейін төрт бөлімнен тұратын сабақтар өтеді. Тәулік бойы қызмет ететін құтқарушыларға барлық еңбек жағдайы жасалған.
Барлық қажетті жабдықтар орнатылған медициналық кабинет құтқарушылардың денсаулығын бақылап, үнемі назарда ұстап отыр. Қызметкерлердің психологиялық, эмоционалдық жай-күйі физикалық денсаулықтан да маңызды. Олар үшін жайлы әуен, массаж құралдары және жабдықтарымен қамтамасыз етілген арнайы психолог кабинеті жабдықталған. Мұнда түрлі тренингтер, сергіту, босаңсыту сағаттары өтеді және қызметі қауіп-қатермен байланысты құтқарушыларға психологиялық қолдау көрсетіледі. Күн тәртібі бойынша тынығып, демалатын жатын бөлмесіндегі сөреде әдеби кітаптар да бар. Ас бөлмесінде қызметкерлер өздерімен ала келген асты кезекпен дайындап, тамақтанады.
– Жасақ облыстық жедел-құтқару жасағы болып 2001 жылы құрылды. Құрылғаннан кейін түрлі өзгерістер болды. 2015 жылы Жедел құтқару жасағының құрамына бұрынғы суда құтқару қызметі енгізілді. 2019 жылы Жедел-құтқару жасағы БҚО төтенше жағдайлар департаментінің өрт-сөндіру және жедел авариялық құтқару қызметі мемлекеттік мекемесінің құрамына енгізілді. Содан бері бірлесіп еңбек етіп келеміз. Жасақта 72 адам қызмет етеді. Тәулік бойғы ауысыммен 4 ауысым жұмыс жасайды. Яғни 1 күн жұмыс жасап, 3 күн демалады. Әрбір ауысым құрамында 12 адамға дейін. Қала ішінде жасақтың екі базасы орналасқан, біреуі орталық база, ол Шаған өзенінің бойында, екіншісі Гагарин көшесінің бойында орналасқан. Бұдан бөлек Ақжайық ауданының орталығы Чапаев ауылында құтқару бөлімшесі және келесі бөлімше Теректі ауданы Сарыөмір ауылында Шалқар көлінің жанында орналасқан. Бұл бөлімшелер жазғы маусымда тұрғындар мен демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында құрылған. Жасақ 30-дан астам жүзу құралдарымен, 23 әртүрлі деңгейдегі қызметтерді атқаратын көлікпен жабдықталған. Жасақтың құрамында автокөлік, жүзу құралдары мен жабдықтарды қамтамасыз ету тобы, су айдынындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ететін қызмет, 2 дәрігер, психолог, кинологиялық қызмет бар. Біздің қызметкерлерді бесаспап десек болады, олардың әрбіреуі 7-8 мамандықты меңгерген, дәнекерлеуші, кесуші, жүргізуші, парамедик және тағы басқа құрамда 45 адам парамедик курсынан өткен, - деп қуана баяндады жедел-құтқару жасағының басшысы Асқар Килишев.
Қарап отыруға уақыт жоқ, күн сайын қызу жұмыс. Ұжым түске шейін бағдарлама бойынша сабақтарды аяқтаған соң, үлкен аумақтың жағдайын жақсарту үшін еңбектенеді. Жедел-құтқару жасағында күн сайын саябақ-шаруашылық күні, гүл егеді, суарады, оларға күтім жасайды. Жасақ аумағындағы Қостанайдан алдырған қарағайлар, жеміс ағаштары, көздің жауын алар гүлзарлар мен қызметкерлердің өз қолынан шыққан түрлі кішкене формалар аулаға өзгеше бір сән беріп тұр.
Қазіргі уақытта өз күштерімен шатыр құрылысын бастап, келесі жылы аяқтауды жоспарлаған.
Өйткені жасақ басшысының айтуынша, көп жыл бойы бүкіл техника, жаңбыр, қар, желдің өтінде, ашық аспан астында тұрған.
– Осы жұмыстардың барлығына ұжымдағы әрбір қызметкердің қосып отырған үлесі зор. Ұжым қызметте де, спортта да, қоғамдық өмірде де өте белсенді. Жыл сайын Алматы облысындағы оқу-жаттығу полигонында авариялық құтқару құрылымдарының арасында республикалық, халықаралық деңгейде түрлі шаралар өтеді, жедел-құтқару жасағы әр жылдары 1, 2, 3 жүлделі орындарды алып жүрген, республика бойынша алдыңғы қатардағы жасақтардың бірі.
Мысалы, 2016 жылы 33 команданың қатысуымен өткен халықаралық деңгейдегі сайыста бірінші орын алды, былтыр Грузия елінде 40 елдің қатысуымен өткен шарада да жақсы нәтиже көрсетіп, биіктен көрінді. Жақында әріптесіміз Алексей Викторович Еремеев ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан төсбелгі алды, - деді жедел-құтқару жасағының бастығы Асқар Килишев.
Бұл Шаған өзені бойындағы орталық база болса, Гагарин көшесінің бойында оқу-жаттығу базасы орналасқан. Бұл база да жасақ бастығы мен қызметкерлерінің жеке бастамасымен қолға алынып, салынған. Қазіргі уақытта құтқарушылардың кәсіби-дайындық жоспарына сәйкес оқу-жаттығу базасында апатта құтқару шараларын тиімді, қауіпсіз және шұғыл жүргізу үшін физикалық дайындық сапасын көтеру, кәсіби дағдыларын нығайту мақсатында жеке құрамға күнделікті кәсіби және арнайы дайындық сабақтары өткізіледі.
– Бұл оқу-жаттығу базасын өз күшімізбен салдық. Шынайы өмірде қызметімізде бетпе-бет кездесетін жағдайларға дайын болу үшін жасақ құтқарушылары осы жерде жаттығады. Кейде республикалық деңгейдегі сайыстарға дайындық барысында көршілес Атырау өңірінен де келіп жаттығады.
Мұнда «Жартас (Скала)», « ЖКО (ДТП)», «ЛЭП», «Өткел (Переправа)», «КӘЕУЗ (СДЯВ)», «Құбыр (Труба)» «Лабиринт», «Форд» деп аталатын жаттығу және спорттық жабдықтармен қамтамасыз етілген оқу-жаттығу полиганы бар.
Сонымен қатар біздің жасақта екі кинологиялық есеп бар, үш итіміз бар. Иттер адамдарды қиын жағдайда іздеу-құтқару жұмыстарымен айналысатын арнайы оқытылған. Олар да арнайы жаттығудан өтеді, нәтижелері де жаман емес. Жақында кинологтар мен екі ит Алматы облысы Қапшағай қаласында орналасқан оқу-жаттығу полигонында сертификаттаудан өтіп келгеніне ұжым болып қуандық, - деді жедел-құтқару жасағы басшысының орынбасары Рашид Құмарғалиұлы.
Оқу-жаттығу полигонының жұмысымен танысып бола келген кезде түскі ас та жақындады. Түскі астан кейін қайта оралып, Шаған өзені бойын бақылауға шыққан топтың құрамында рейдке қатыстық. Рейд жүргізу мақсаты Шаған өзені бойымен Елизарова көшесі бағытында және кері қарай жүзіп демалушылардың бар-жоғын бақылау, судағы қауіпсіздік шаралары бойынша жаднамалар таратып, түсіндірме жүргізу. Алайда, дәл осы рейд кезінде су айдыны жағасында демалып жүрген немесе суға түсіп жүрген адамдар көрінбеді. Мүмкін, бүгін құтқарушылардың күні тыныш өтер деген үмітпен кері оралдық.
Жаз кезінде судағы қауіпсіздік басты назарда, оқыс және төтенше жағдайлардың алдын алу жұмыстары күнделікті жүргізіледі. Осыған қарамастан азаматтар тарапынан сақтық шаралары үнемі сақтала бермейді, балалар жалғыз не қараусыз қалады, суға шомылу кезінде ересектер де сақтық танытпайтын жағдайлар болады. Осыған байланысты жедел-құтқару жасағы қызметі жаз мезгіліндегі бос уақытта демалыс орындарына, табиғат аясына, су айдындарына, ормандарға серуенге, демалысқа шыққан кезде қауіпсіздік шараларына ерекше көңіл бөліп, балаларды жалғыз қалдырмай, үнемі бақылауда ұстау қажет екенін жергілікті тұрғындар мен қала қонақтарының есіне салады.
Альфия Шамаева,
zhaikpress.kz