Бүгін Үкімет отырысында Үкімет басшысы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған отбасыларға жүйелі түрде психологиялық көмек беру жұмысы жүргізілмейтінін айтты. Бұл ретте «Жедел желі» мен сенім телефондарының мүмкіндігін кеңейту қажеттігін атап өтті.
«Жалпы отбасылық құндылықтар мен адамгершілік қасиеттерді баланың бойына жастайынан қалыптастырудың маңызы зор. Біздің қоғам отбасылық агрессорларға және осыған ұқсас фактілердің кез келген түріне мүлдем төзбеушілік танытуы тиіс. Зардап шеккендерді, әсіресе балаларды мұндай проблемамен бетпе-бет қалдыруға болмайды», — деді Әлихан Смайылов.
Премьер-Министр 2025 жылға дейін әр облыста балаларға арналған психологиялық қолдау орталықтарын ашу жоспарын әзірлеп, бекітуді, жаңа отбасын қолдау орталықтарын, сондай-ақ наркологиялық мекемелерді ашуды қамтамасыз етуді, психотерапевтер мен наркологтарды даярлауға арналған мемлекеттік тапсырысты ұлғайту мәселесін пысықтауды, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдатуға қатысты қабылданған түзетулер бойынша ауқымды түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыруды тапсырды.