Сөз басын «Ұйымдасқан ұтады» деген нақылдан бастасақ. Себебі бүгінде ауылдағы ағайынның берекесін арттырып, ынтымағын нығайтуда жеке қосалқы шаруашылықтарды (ЖҚШ) біріктірудің маңызы зор болып отыр.
Ауылда тұратын ағайын қосалқы шаруашылығын жүргізіп, мал ұстайды. Қазіргі нарық заманында малын ішер ас, киер киімге жаратып отырғандықтан, отбасының табысын арттырғысы келеді. Алайда мал бағу оңай емес, өзіндік қиындығы бар. Алты ай қыста күтімін жасап, жем-шөбін дайындау, өнімінен пайда табуда күрмеулі мәселелер жиі кездеседі. Осы себепті мал бағудың машақатынан бас тартатындар да бар. Ал олар ауылда тұрып мал өсірмесе, бара-бара қалаға қарай көше бастайды. Сондықтан ауыл шаруашылығын сақтап, халықты ауылда тұрақтандыру үшін сол жердегі өндірісті жандандыру қажет. Ал өндірісті қалай жандандыру керек? Мәселен, ет және сүт өңдеу цехтарын ұйымдастыру үшін көп мал керек. Әрине, бұл бағытта жұмыс істейтін шаруа қожалықтары, серіктестіктер немесе жеке кәсіпкерліктер құрылуда. Бірақ мал санының 30-40%-ы жеке қосалқы шаруашылықтардың қолында екенін ескерсек, олардың әлеуетін пайдаланып, тиімділігін арттырған жөн. Ол үшін жеке қосалқы шаруашылықтардың күшін біріктірмесе, олардың жағдайын жасау қиын. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Жолдауында атап өткен еді. «Горизонтальді кооперацияның әлеуетін де естен шығармауымыз қажет. Онсыз агроөнеркәсіп кешенінде қарқынды даму болмайды. Басы бірікпеген жеке қосалқы шаруашылықтар, шын мәнінде, өлместің күнін көріп отыр. Бұл ретте сапалы әрі мол өнім өндіру, үздіксіз тауар жеткізу туралы сөз қозғаудың өзі орынсыз. Бәсекеге қабілетсіздік пен импорттан арыла алмай отыруымыздың себебі де осында», - деді Президент.
Жеке қосалқы шаруашылықтар жөнінде облыстық «Орал өңірі» газетінің 5 ақпан күнгі №10 санында журналист Ясипа Рабаева ауыл шаруашылығы саласының ардагері, облыстық газеттің қоғамдық редакторы Қуаныш Құсайыновпен бірлесе отырып, «Жеке қосалқы шаруашылықтарды біріктіретін кез келді» атты мақалада мәселе көтереді. Оқыңыз, оқырман!
zhaikpress.kz