6.01.2023, 17:38
Оқылды: 147

«Жеке мүддеңіз үшін мемлекеттен қолдау сұрамаңыз»

Бүгін облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің қатысуымен мал шаруашылығы саласы бойынша өңірдегі өзекті мәселелер талқыланған жиын өтті. Облыстық мәслихаттың үлкен залында ұйымдастырылған кеңес отырысына өңірдегі шаруа қожалық иелері қатысты.

WhatsApp Image 2023-01-06 at 15.42.55 (3)

– Өздеріңізге мәлім, Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес» деп өтті. Сондай-ақ ел Президенті «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында  Жамбыл облысында бастау алған «Ауыл аманаты» пилоттық жобасының тәжірибесін республика көлемінде тиімді жүзеге асыру қажеттігін айтты. Соған орай өңіріміздегі, яғни қаладағы, аудан-ауылдардағы жергілікті тұрғындардың табысын 2025 жылға дейін арттыру бойынша іс-шаралар қолға алынды. Бұл бағытта облысымызға 6,4 млрд теңге несие қаражаты бөлінді. Микрокредиттер  мал және өсімдік шаруашылығын дамытуға, агроқұрылымдарды, кооперативтерді жабдықтауға, шағын кәсіпкерлікті дамытуға беріледі. Осы орайда ауылда мал, егін шаруашылығымен айналысатындарға жеңілдетілген несие туралы толық мәлімет беруіміз керек,- деді жиынның ашылуында өңір басшысы.

Кеңес отырысында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Наурызбай Қарағойшин мал шаруашылығы саласы бойынша өңірде атқарылған жұмыстарға тоқталып, басқарманың биылғы жоспарларымен бөлісті.

Оның айтуынша, былтыр жыл аяғында жүргізілген есеп бойынша өңірде 786 мың бас ірі қара малы болса, 1 млн 130 мың бас қой, 207 мың бас ешкі, 271,3 мың бас жылқы, 2,5 мың бас түйе және 1 млн 495 мың бас құс тіркелген. Негізінен облыста  етті және етті-сүтті бағыттағы ірі қара малы (ІҚМ) өсіріледі. Өңіріміз етті бағыттағы мал саны бойынша республикада бірінші орында және ел аумағындағы жалпы етті мал басының 21,1%-ын құрайды. Сондай-ақ өңірімізде асыл тұқымды ірі қара мал өсірумен 489 шаруашылық айналысады. Оның 402-сі асыл тұқымды ІҚМ, 51-і қой өсірумен, 35-і асыл тұқымды жылқы өсірумен және бір шаруашылық түйе өсірумен айналысады. Асыл тұқымды мал өсірумен айналысатын шаруалар қатары жылдан-жылға артып келеді.  2021 жылғы дерекпен салыстырсақ, өңіріміздегі ірі қара 1,8%-ға, қой – 0,6%-ға, түйе 0,7%-ға артқан, ал жылқы өткен жылдың деңгейінде қалып отыр - 4,2%. Мал шаруашылығын субсидиялау бағдарламасы бойынша бөлінетін қаражат көлемі жыл сайын ұлғайып, бұл өз кезегінде саланың дамуына оң әсерін тигізуде. Былтыр  асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту үшін тұрғындарға 7,8 млрд теңге қаржы төленген. Биыл бұл бағдарлама бойынша бюджеттен 7,9 млрд теңге қаралған. Қосымша республикалық бюджеттен 402 млн теңге бөлу де жоспарланған.

WhatsApp Image 2023-01-06 at 15.42.55

– Өңіріміздегі мал басы жыл сайын 5%-дан 15%-ға дейін тұрақты артып келеді. Сүт және сүт өнімдерінің импортына тәуелділікті төмендету мақсатында облыста «Сүт белдеуі» тұжырымдама жобасы іске асырылуда. Тұжырымдама аясында былтыр 895 бас сүтті бағыттағы сиырлар сатып алынды. Облыста сүт өндіру бағытында жұмыс жасап жатырған 23 агроқұрылым мен 21 кооператив бар. 2025 жылға дейін Бәйтерек, Бөрлі, Сырым, Тасқала және Теректі аудандарында 23 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылады. Сондай-ақ, сүт импортын төмендету мақсатында ірі кешендер де іске қосылады. Бүгінде Теректі ауданында заманауи технологиямен жабдықталған, 640 басқа арналған «Ringo Milk» ЖШС тауарлы-сүт фермасының құрылысы аяқталды. Сонымен қатар, сүт және сүт өнімдері импортын азайту мақсатында тауарлы сүт фермаларын жеңілдетілген 4%-бен несиелеу үшін республикалық бюджеттен қаражат бөлінеді. Биыл мал шаруашылығы өнімдерінің өндірісін арттыру мақсатында бірқатар іс-шаралар қолға алынуда. Сүт және сүт өнімдері импортын азайту мақсатында ірі алты инвестициялық жоба іске асырылмақ. Ауыл халқының табысын арттыру, әлеуметтік жағдайын жақсарту және АӨК-терді қолдау мақсатында тұрғындарға 2,5 пайызбен несие беру жоспарлануда, – деді Наурызбай Қадырбайұлы.

Жиында шаруа қожалық иелері мал шаруашылығын дамытуға кедергі келтіріп отырған бірқатар мәселені көтерді.

Солардың бірі  – бәйтеректік Құбайдолла Бекенов.  Ол аталмыш ауданның бұрынғы Котельников, қазіргі Сырым батыр ауылында 2003 жылы шаруа қожалығын ашқан. Қожалық ашқан кезде оның меншігінде 5 сиыр, 8 жылқы, 35 қой-ешкі болған. Бүгінде мүйізді ірі қараларының саны 870-ке, жылқы 400-ге, ал қой-ешкі саны 500-жетіпті. Мал басы өскен соң жайылым жер тарлық етуде. Жайылым жер алуға қолдау көрсетуін сұрады. Өйткені жеңілдетілген пайызбен несие алып, мал басын көбейткенмен, төрт түліктің жайылатын жері болмаса, қыруар қаржы желге ұшатынын жеткізді.

WhatsApp Image 2023-01-06 at 15.42.53

Ал тасқалалық Бейбіт Иманғалиев жаңадан ашылған шаруа қожалықтарда жұмыс істеп жүрген азаматтардың жалақысының 50 пайызын мемлекет субсидияласа екен деген ұсынысын жеткізді.

– Облыста мал басын көбейту үшін жаңадан ашылған қожалықтар бар. Олар бірден бес адамды жұмысқа алып, олардың бәріне жалақысын төлеп, медсақтандыру жарнасы мен зейнетақы жарнасын аудару қиынға соғады. Өйткені  70-100 мың теңге жалақы төлейтін қожалыққа жұмысшылар келмейді. Кемі 200 мың теңге сұрайды. Жұмысшыларды да түсінуге болады. Шаруа қожалық иелері де кепілге жылжымайтын мүлік қойып, қыруар қаржы алып, несие төлеп отыр. Жұмысшыларға 100 мың теңгені мемлекет субсидияласа, 100 мың теңгені қожалық басшысы берсе жеңілдік болар еді. Бұл – бірінші ұсынысым. Екіншіден, өңіріміздің шалғай аудандары мен ауылдарынан халық көшпесін десек, онда тұратын табыс-кірісі аз, көпбалалы отбасылардың коммуналдық қызмет ақысын жартылай мемлекет субсидияласа екен. Үшіншіден, ауыл шаруашылығын дамыту бойынша облыста қауымдастық құрған жөн. Ол қауымдастыққа аудан-ауылдардағы шаруа қожалық иелері  немесе ауданнан екі-үш мүше сайланса дейміз. Сол өкіл барлық қожалық басшыларына ауыл шаруашылығын дамыту бағытындағы мемлекеттік бағдарламаларды, жеңілдетілген несиелерді, субсидияларды түсіндірсе, жақсы болар еді,- деді ол.

WhatsApp Image 2023-01-06 at 15.42.54

Жәнібектік «Шопан ата» қауымдастығының төрағасы Олжан Сарманұлы аудан шаруаларын киік мәселесі мазалайтынын жеткізді.

– Киік атуға мораторий тағы бір жылға ұзарды. Осы орайда, шабындықтарды киікке таптатпау туралы шалғай жатқан аудан шаруаларының бірқатар ұсынысы бар. Әр түрлі қоршаулар бар. Электрлі бақташы, темір сым бар. Аудандағы шаруалар өз жерін қоршауда қайсысын таңдаса, соның 80 пайызы облыстық бюджеттен субсидияланса екен. Өйткені Жәнібек, Казталов, Бөкей ордасы, Жаңақала аудандарында киік саны  екі миллионнан асып кетеді. Жаңа сіз айтып отырған жеңілдетілген несиені шаруа алғанмен, одан пайда көрмейді. Киік мәселесін шешуге ықпал етсеңіз дейміз. Екіншіден, жағармай мәселесі қиын болып тұр. Шаруаларға арзандатылған бағамен жағармай ұсынылады. Біз Жәнібектен Казталов ауданындағы «Нефтэк» компаниясынан литрін 200 теңгеге сатып алдық. Алайда кейін жағармайды егістіктегі шаруаларға жетпей жатыр деп кері қайтарып алды. Шалғай ауылдағы шаруаларға арзандатылған жағармай жетпей жатыр, - деді ол.

Облыс әкімі шаруалардың сұрақтарына тұшымды жауап беріп, бірқатар ұсыныс бойынша сала мамандарына тапсырма берді.

WhatsApp Image 2023-01-06 at 15.42.53 (1)

– Мен сіздердің мал шаруашылығы саласы бойынша мәселелеріңізді білу үшін жинап отырмын. Енді тоқсанға бір рет жиналып, ақылдасатын боламыз. Қолымыздан келетін мәселені шешіп, келмейтінін Үкіметке ұсыныс етіп жолдаймыз. «Жер жетпейді» дейсіздер. Мен сіздермен келісемін. Бірақ бір қожалық иесіне 30-40 мың гектар жерді беріп қойып, халықты оның аузына қаратып қоятын жағдайым жоқ. Жеке басыңыздың ғана қамын ойламай, қасыңыздағы адамдарды да ойлаңыз. Мемлекеттік, ұлттық мүдде деген қайда? Қарамағындағы адамға жағдай жасамай, қалтаңызды ғана ақшаға толтыруды ойласаңыз, мемлекет сізге  неге жағдай жасау керек?! Әділетті болыңыз дейсіздер де, жеке мүдделеріңізді ғана айтып отырсыздар. Сіздің шаруаңызды шешемін деп әділеттіліктен айрылатын ойым жоқ. Әділеттілікті әркім өзінен бастасын. Орынды ұсыныстарыңызды қабыл алдым. Ортақ мүдде үшін айтылған ұсыныстарыңызды, мәселелеріңізді  шешу үшін аудан әкімдеріне, сала мамандарына тапсырма беретін боламын,- деді  облыс әкімі Нариман Төреғалиев жиынды қорытындылап.

WhatsApp Image 2023-01-06 at 15.42.55 (2)

Гүлсезім Бияшева,

zhaikpress.kz

Суреттерді түсірген Рафхат Халелов

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале