Жақында әлеуметтік желіде бұрынғы оқушыларына сабақ беріп жатқан 93 жастағы әжей туралы бейнежазбаны жұртшылық тамсана тамашалады. Бейнежазба мектеп түлектерінің қырықжылдық кездесу кешінде түсірілген. «Жүрек жылытар жып-жылы бейнежазбадағы зейнеткер ұстаз кім екен?» деген сұрақ көпшіліктің көкейінде қалғаны анық.
Сейсенбі күні Орал қаласындағы Д. Қонаев атындағы №44 мектеп-гимназиясында бір ғана бейнежазбамен миллионнан астам қаралым жинап, әлемге танылып кеткен ардагер ұстаз Нәбия Тілепбергеновамен «Ұлағат – ұстаздан» атты кездесу кеші өтті.
Іс-шараға облыс әкімі аппаратының басшысы Нұрділдә Ораз және білім саласының мамандары қатысты. Кездесу кешінің тізгінін ұстаған облыстық білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллин математика пәнінен сабақ берудің қиындығы мен қызығын атап өтті. Саналы ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнаған 93 жастағы ардагер ұстаз тақта алдына шығып, шәкірттер мен жас мамандарға дәріс оқып, шеберлік сыныбын көрсетті. Облыс әкімі аппаратының басшысы Нұрділдә Ораз облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің ыстық ықыласын жеткізді.
– Әр оқушының бойында туралық пен шыншылдықты, адамгершілік пен адалдықты және ұлттық қасиеттер мен рухани байлығын дамыту – бұл ұстаздардың жауапкершілігі. Абай хакім «Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан» десе, Ы. Алтынсариннің өзі «Ұстазды алтын діңгекке балар едім» деп айтып кеткен ғой. Біздің елімізде, өңірімізде білім саласын дамытуға күш-жігерін аямай жұмсап жүрген ұстаздар жетерлік. Соның бірі – бүгін ел-жұрттың қошеметіне бөленіп отырған Нәбия апайымыз. Деніңіз сау болып, ұрпақ қызығын көріп, шәкірттеріңіздің құрметіне бөлене беріңіз, – деп сөзін сабақтаған Нұрділдә Серікұлы ардагер ұстазға сый-сияпат табыстап, құрмет көрсетті.
Қырық жылға жуық ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнаған Нәбия әжей – өмірлік жары Төлеуғали Тілепбергеновпен бірге тоғыз перзент өсірген. «Алтын алқа» иегері. Ол Жаңақала ауданының Айдархан, Жаңақазан, Киров және Мәстексай ауылындағы С. Меңдешов атындағы орта мектепте математика пәнінен сабақ берген.
Ардагер ұстаз күні бүгінге дейін немере-жиендеріне математика пәнінен есеп шығаруға көмектеседі. Бос уақытында немересімен бірге ылғи логикалық, геометрия, алгебра есептерін шығарады. Ардагер ұстаздың шәкірттері әркез хабарласып, кездесуге шақырып тұрады.
Нәбия әжейдің қызы Ақтоты Тілепбергенова анасының салауатты өмір салтын ұста-натындығын айтты.
– Анамыз таңмен тұрып дене жаттығуларын жасайды. Уақытымен тынығады. Бес уақыт намазын оқиды. Оның сүйікті ісі жаңадан шыққан газет-журнал, кітап көп оқиды. Одан қалса, немерелерінің сабағына, әсіресе математика пәнінен үй тапсырмасын орындауға көмектеседі, – дейді Ақтоты Тілепбергенова.
Мектеп өнерпаздарының концертімен түйінделген кездесуде ардагер ұстазға Жаңақала ауданының әкімі Алпамыс Көшкінбаев «Жаңақала ауданының құрметті азаматы» төсбелгісін табыстады.
Гүлжамал Жолдығали,
«Орал өңірі»