21.09.2021, 8:54
Оқылды: 37

Желілер жаңартылуда

«Батыс Қазақстан электр желілерін тарату компаниясы» АҚ өзінің инвестициялық бағдарламасы аясында Орал қаласындағы электр желілерін жаңалап-жаңғырту жұмыстарын жүргізуде. Табиғи монополияларды реттеу комитеті  БҚО бойынша департаментінің ұйымдастыруымен БАҚ өкілдері құрылыс нысандарында болып, жұмыс барысымен танысты.

20210914_105625

– Круглоозерный кентінде 10 киловольттық 3,7 шақырымдық әуемен жүргізілген электр желісін күрделі жөндеуден өткіздік. Бұл желілер ауылдың негізгі бөлігін электрмен қамтиды. Қалған бөлігін алдағы жылы аяқтаймыз. Биыл Оралдағы 0,4 киловольттық екі шақырымдық кабель желісі жаңартылды. Оның ішінде Құрманғазы көшесі  177, 179, Жәңгір хан даңғылы 13, 18/1, Деркөл кентіндегі Кольцевая 14, 16 және басқа да мекенжайдағы барлығы 10 шақты үйге қуат жеткізетін жер асты кабель желілері жаңасымен ауыстырылды. Қазіргі кезде қалалық электр желісі қызметі мекемесі ауданындағы Чкалов, Ақтөбе, Алматы көшелеріндегі әуе электр желілері жөнделуде. Бұл ауданда 4 шақырымдық желі жаңартылады.  Бүгінде 150 электр бағаны орнатылды. Енді қаптамалы сымның жеткізілуін күтудеміз, содан кейін іске қосылады. 04 киловольттық әуе желілері тұрғын үйлерді электр қуатымен қамтиды. Мұндай желінің бес шақырымдайын жаңарту жоспарланды, - деді Орал қалалық электр желілері филиалының басшысы Сергей Доля.

Қалада 460 шақырым электр желісі болса, соның 2%-ы ғана тарифтегі қаржы есебінен жаңартылуда. Әлі екі нысан жаңартылмақ. Биылға жоспарланған жөндеу жұмыстарының барлығы қазан айында аяқталуы тиіс. С. Доляның айтуынша, электр желілерінің 80%-дан астамының тозығы жеткен. Өйткені желілер мен құрал-жабдықтардың дені өткен ғасырда салынып, іске қосылған.

Жалпы, аталмыш  АҚ-ның құрамына 16 аудандық, қалалық электр желілері мен қызмет  бөлімдері кіреді. Компания теңгерімінде 20 305 шақырымдық желі мен 152 қосалқы станса, 2988 трансформаторлық қосалқы станса  бар. Акционерлік қоғам электр қуатын жеткізеді және оны таратады. 2021-2025 жылдарға арналған АҚ-ның  инвестициялық бағдарламасын іске асыруға 2,6 млрд. теңге қаралған. Компанияның 2021 жылға арналған инвестициялық бағдарламасы бойынша қайта құру жұмыстарына 439 млн. теңге бағытталған.  Осы қаржының 200 млн теңгесі Оралдағы электр желілерін жөндеуге жұмсалды. Өйткені шаһарда халық тығыз қоныстанған, қуатты көбірек пайдаланады. Круглоозерныйда 19 млн теңгеге ескі ағаш бағандар бетон бағандармен, жел соқса, боран тұрса, үзіліп түсетін ескі желілер қаптамалы болат сымдармен ауыстыру аяқтала келген. Қазір Құлагер көшесінде жаңа желі тарту жұмыстары жалғасуда. Жаңалап-жаңғырту жұмыстары электр желілеріндегі қуат және оны пайдалану шығындарын азайтады, қуаттың тұрақты болуын қамтамасыз етеді. Қалада 0,4 киловольттық және 800 метрдің үстінде 10 киловольттық кабель желілері жаңартылды. 0,4 киловольттық 4 шақырымдық әуе желілерін жаңасымен ауыстыру жұмыстары жалғасуда. Қондырғылар, вакуумдық ажыратқыштар және 18 трансформатор сатып алынып, орнатылды. Биыл облыс бойынша 25 шақырым шамасындағы электр желісі жаңаланады. Оның ішінде 20 шақырымдайы қала аумағында ауыстырылады. Пайызға шағып айтсақ, бұл жаңалануы тиіс (25 мың км) желінің 0,5%-ын құрайды. Қаржының тапшылығына қарай аз көлемде жаңартылады, - деді аталмыш қоғамның  өндірістік-техникалық қызметінің бастығы Тілек Харин.

Пресс-тур барысында белгілі болғандай, қазан айының бірінен бастап коммуналдық меншікке өткен аталмыш АҚ  жаңадан жауапкершілігі шектеулі серіктестік (ЖШС)  болып қайта құрылмақ. Соған орай  монополияларды реттеу комитеті  электр қуатын тасымалдау тарифін  көтеруді мақұлдаған. Тариф 0,92 теңгеге, яғни 5,26 теңгеден 6,18 теңгеге өсірілген. Жөндеу жұмыстары қоры 295 млн теңге болып келсе, енді оның шамасы 707 млн теңгеге жеткізілді. Тарифтің қымбаттауының  нәтижесінде желілер мен бағандарды жаңалауға қоса, жұмысшылардың еңбек-
ақыларын көтеру көзделуде. Сонымен қатар компания облыс әкімдігімен бірлесіп, алдағы бес жылға өңірдегі желілерді жаңғырту бағдарламасын жасақтаған. Оны жүзеге асыруға 23 млрд. теңге қажет. Қажетті қаржының қомақты бөлігін республикалық бюджеттен сұрау көзделіп отыр. Соңғы 30 жыл ішінде энергетика саласын жаңғыртуға жеткілікті көлемде ақша бөлінбеді. Сондықтан өңірде желілерді жаңғырту жұмыстары өте  шабан жүрді.

– Табиғи монополиялар субъектісінің тарифті көтеру жөнінде өтінімі ішінара қанағаттандырылды. Электр қуатын тасымалдау тарифін ұсынылғандай 6,22 теңге емес, 6,18 теңге деп бекіттік. Тұрғындар үшін тариф өзгерген жоқ. Өйткені электр қуатын «Батыс Энергоресурсы» ЖШС жеткізеді. Әзірге  серіктестіктен тасымалдау құнының өсуіне байланысты тарифті көтеруге өтінім түскен жоқ, – деді Табиғи монополияларды реттеу комитеті БҚО бойынша департаментінің басшысы Алмаз  Отаров.

Гүлбаршын  Әжігереева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале