Бүгін Орал қаласындағы "Ар-рахман" орталық мешітінде Желтоқсан оқиғасының құрбандары мен қаһармандарына арнап Құран бағышталды.
Орталық мешіттің азаншысы Асхат Асылбеков Құран оқып, облыстың бас имамы Самат Қанатқалиұлы «Қайғылы оқиға құрбандары ұлт болашағының мәңгі есінде. Тәуелсіздік таңына жеткізген боздақтарды Алла рахымына бөлеп, жандары жәннатта болсын", - деп дұға жасады.
Желтоқсан оқиғасының куәсі болып, қатысқандардың бірі Асқар Құмарұлы сол бір қасіретті жыл туралы күні бүгінге дейін айтуға жасқанғанын жасырмады.
– Мен Желтоқсан оқиғасы туралы айта алмадым. Өйткені арнайы құжатқа қол қойдым ғой. Соңғы жылдары жақсы өзгерістер болып жатыр. Мен ақталдым. Қазір оқушылармен, жастармен кездесіп, оларға рух беруге тырысамын. Бүгінгі күнде мен осы жолда денсаулығымды жоғалттым. Бірақ өкінбеймін, – дейді бізбен ой бөліскен желтоқсаншы Асқар Құмарұлы.
Орталық мешітке жиылған жамағат ел амандығы мен тыныштығы үшін дұға оқыды.
Гүлжамал Жолдығали,
zhaikpress.kz
Фото авторы: БҚО өңірлік коммуникациялар қызметі