12.03.2024, 9:15
Оқылды: 98

Желтоқсаншы батыр қыз

Оралдағы Достық үйінде Ақжайық ауданының Ілбішін ауылының тумасы, марқұм Гүлзада Қалелованың Желтоқсан оқиғасының құрбаны деп танылуына байланысты дөңгелек үстел ұйымдастырылды. «Желтоқсанда құрбан болған нәзік гүлін Батыстың, Өшіре алмас асыл желі уақыттың» деген тақырыптағы басқосуға өңірдегі және Алматыдан арнайы келген Желтоқсан ардагерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты. Бұл шараның өтуіне «Батыс-Желтоқсан» қоғамдық бірлестігі мұрындық болды.

cc147539-5f8a-4171-ba58-3261551ab5a2

Жиынды «Қоғамдық келісім» мекемесінің бөлім басшысы Жамал Ихсанова ашып, желтоқсаншы Гүлзада Қалелованың 1993 жылдың 14 сәуіріндегі «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау» туралы заңы негізінде толықтай ақталғанын, батыр қыздың есімі ұмытылмайтынын жеткізді. Ардагер-журналист Болат Есқалиев марқұм Гүлзада хақында зерттеу жүр­гізіп, бауыр еті баласының қайғысынан құса боп, қайтыс болған ананың аманатын арқалаған ардагер-ұстаз Алдаберген Сәрсековтің ізденісі мен еңбегінің зор екендігін ризашылықпен әңгімеледі.

«1997 жылы қазанда саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтауға байланысты Ақжайық ауданы әкімінің аппаратында қызмет атқаратын Алдаберген Сәрсеков екеуміз тапсырма алған едік. Ұлттық қауіпсіздік комитеті облыстық басқармасының мұрағатында болып, бізге дайындап қойған құжаттармен таныстық. Сонда ескі құжаттар арасынан Гүлзада Қалелованың материалдары жинақталған жаңа папкаға тап болдық. Оның сыртында «өте құпия» деп жазылыпты. Ол жазу өзге папкалардың сыртындағыдай сызылмаған. Алдаберген сол бойда ақпараттарды көшіріп жазып алды. Бірақ мұрағаттан шығарда оның жазғандарын алып қалды. Содан кейін Алдаберген Гүлзаданың туған ауылына барып, оның ата-анасымен, тума-туыстарымен, көзкөргендермен тілдесті. Осылайша әділдіктің орнауы жолында талмай тер төкті», – деді Б.Есқалиев.

желтоқсаншы гулзада

Алдаберген Сәрсековтің айтуынша, папканың ішінде Гүлзада Қалелованың Желтоқсан оқиғасынан кейін ұсталып, тергеуде болған құжаттары болған. «Балауса қыздың ауданымыздан, Ілбішін ауылынан екенін оқып білдім. Қажетті деген ақпаратты көшіріп алдым. Алаңға шығып, қыршын кеткен жастардың қатарында жерлес қарындасымыздың болғаны жанымды толқытты. Сыртқа шығарда көшіріп алған қағазымды алып қалды. Кейін Гүлзаданың үйін іздеп бардым, анасы Қалампыр қатты қуанды. Анасының сөзіне сүйенсек, Желтоқсан оқиғасынан кейін Гүлзада алыс тума-туысының үйін паналаған.  Тек 1987 жылы ақпанның 5-інде қолға түскен. Бір күн бұрын үйге жазған соңғы хатында қыз жағдайының жақсы екенін, сағынғанын жазыпты. Бірақ өзінің қуғынға түскенін білдірмеген. Анасы қызына жала жабылғанын, оны ақтауымды аманаттады. Бірақ ресми орындардан құжаттар сұратқаныммен желтоқсаншы қыз туралы ешқандай мәлімет ала алмадым. «Ондай адам туралы дерек жоқ» деген жауап келетін. 2021 жылы желтоқсанда «Ақжайық» телеарнасында журналист Мұнайдар Балмолданың «Тарихтан тағылым» деген хабарына қатыстым. Сонда Гүлзада туралы әңгімелеп, оның ақталуы керек екендігін айттым. Мұны алматылық желтоқсаншылар қолдап, ақыры ақтауға қол жеткізіп отырмыз», – деді желтоқсаншы қыз тағдырын зерттеуге 26 жылын арнаған А. Сәрсеков.

Алматыдан арнайы келген желтоқсаншылардың бірі, «Желтоқсан ақиқаты» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бейсенбай Сайфолдаұлы дөңгелек үстел басында Г. Қалелованы ақтау жолындағы ізденістері жайында еске алды. «Patriot 1986» қоғамдық ұйымы төрағасының орынбасары, БҚО-ның тумасы Ережолла Орынғалиев «Желтоқсан ақиқаты» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бейсембай Сайфолдаұлынан Гүлзада Қалелованы ақтауға көмектесуін өтінеді. Бұрын да желтоқсаншылар ісімен айналысқан досы Ережолланың тауын қайтармай бірден келіседі. «Гүлзада оқыған кинотехникум бұрынғы орнынан көшіп кетіпті, архив жойылған. Содан прокуратураның табалдырығын тоздырдық. Алматы-ның Медеу аудандық АХАЖ бөлімінен Гүлзада Қалелованың қайтыс болғаны туралы акт көшірмесі 2023 жылы ақпан айында қолымызға тиді. Құжатта «өлім себебі» деген жерге ештеңе жазылмапты. Содан тағы да жүгіріп, құжат сұратумен болдық. Ақырында өлімнің себебі «мидың езілуінен» деген анықтаманы алдық. Желтоқсан оқиғасы болған Брежнев алаңынан Калинин ішкі істер басқармасына жеткізілген жел­тоқсаншылардың фотосүгіреттері арасынан Гүлзаданың фотосын тауып, сараптамадан өткіздік. Гүлзаданың саяси қуғын-сүргін құрбаны екені осылайша дәлелденді. Осы жұмыс­тарға үш жыл уақыт жұмсадық.

Әрине, мұның бәрі тек бір адамның емес, бірлестіктегі желтоқсаншылардың  бірлескен іс-әрекетінің арқасында мүмкін болды. Алдағы уақытта қазақтың батыр қызын мәңгі есте қалдыру бағытында шаралар атқарылуы керек, – деді Бейсембай Сайфолдаұлы.

Тележурналист Мұнайдар Балмолда жерлес, өжет қыздың ерлігі Мәншүк, Әлия, Хиуаз сынды батыр апаларының, Желтоқсан батырлары әрі замандастары Ләззат Асанова, Сәбира Мұхамеджанова, Ербол Сыпатаев, Қайрат Рысқұлбековтердің ерлігімен тең екенін айтты. Сондықтан батыр арудың есімін  есте қалдыру, жас ұрпаққа өнеге ету адами парыз болмақ.   «Алматыға арман қуып, үлкен мақсатпен аттанған Гүлзада қазақ ұлтының тағдырын шешетін көтерілістен сырт қала алмады. Жастармен бірге алаңға барды. КСРО-ның сойылмен, сапер күрегімен қаруланған жазалаушы жендеттерінің қолынан мерт болды. Оны туғандарынан жасырды. Гүлзаданың ата-анасына: «Қыздарың бұзақыларға қосылған, жеңілтек болған» деп жамандап, жазықсыз жала жапты. Алматыға арман қуып, киномеханик боламын, білім алып, елге адал қызмет етемін деген мақсатшыл, батыр қыздың тағдырын тоталитарлық жүйе бұзды.

Қазақтың батыр қыздарының бірі де бірегейі, жерлесіміз Ақкүміс Ықыласова апамыз 2021 жылы Оралға келген сапарында «Батыс-Желтоқсан» қоғамдық бірлестігінің құры­луына мұрындық болды. Жер­гілікті телеарнада Ақкүміс Қапсиқызымен сұхбат жүргізіп, «Тарихтан тағылым» хабарында елге ерлік тақырыбын паш еттік. Өңірдегі отызға тарта желтоқсаншыны апта сайын теледидарға шығарып, олардың бастан кешкен азапты күндерін еске ала отырып, Желтоқсан көтерілісінің айтылмай, жазылмай жатқан тарихын түгендедік», – деді Мұнайдар Балмолда.

«Тұңғышынан қапыда айырылу ата-анама оңай тимеді. 1987 жылдан бастап біздің отбасыға тыным бермеді. Әлі есімде, сол жылы наурыз айында түнде үйге баса көктеп үш адам келді. Олардың бірі қазақ, екеуі өзге нәсілді еді.  Менің жасым 11-де, ағам 13-ке толған кезі. Әкемді аулаға алып шығып, сабады. Қазақ қызметкер анамды бізбен бірге ұстап, сыртқа жібермеді. Екеудің әкемді сабаған себебін бала болсам да түсіндім. «Мырыш табытты неге аштыңдар? Қызың оңбаған, бұзақы, маскүнем, жеңіл жүрісті. Совет үкіметіне қарсы. Енді ол туралы ауыздарыңды ашушы болмаңдар. Қызың болғанын ұмытыңдар. Айтатын болсаңдар, жақсылық күтпеңдер!» деп қорқытып кетті. Әлгі кісілер кетерінде апам Гүлзаданың туу туралы куәлігін, басқа құжаттарын алып кетті. Бұдан кейін де біздің отбасыға белгісіз адамдар келіп, түрлі сұрақтың астына алып жүрді. Қысым көрдік. Баланың қайғысы қойсын ба, әкем 1994 жылы 55 жасында өмірден озды. Анам 2003 жылы Оралдағы қалалық №5 маршруттағы аутобуста жүрегі ұстап, көз жұмды. 2001 жылы ағам Серік ауырып, жарық дүниемен қоштасты. Әкем қайтқаннан кейін «үш әріптің» адамдары анама тыныштық бермеді. Кейін Оралға көшкеннен кейін де соңымыздан қалмады.  Содан 2008 жылы Астана қаласына, 2017 жылы Көкшетау өңіріне қоныс аудардым. Апам Гүлзада туралы ешкімге ештеңе айтпай, телефон нөмірімді жылына 10 шақты мәрте ауыстырып жүрдім. Бүгінде Зеренді ауданындағы Приречный ауылында тұрамын. Енді ондай зауал ешкімнің басына келмесін», – деді Мереке Нәбиұлы.

Гүлзаданың інісінің айтуынша, желтоқсан күндері Алматыдағы кинотехникумда оқып жүрген апасы Гүлзада тобындағы жастарды бастап алаңға шыққан. Сонда жарақат алып, тергеу орындарынан қашып жүріп, емделген.  Гүлзада мектепте жақсы оқыған, тәрбиелі қыз болған. Мұны еске алу ке­шінде сыныптастары әңгімеледі. Желтоқсан оқиғасына дейін көкөрім қыздың жаман аты шықпаған. Алдаберген Сәрсеков 1986 жылдың аяғында Қалеловтардың отбасына қызының кураторынан Гүлзаданың тәрбиесі нашар, бұзақы екені, қылмыс жасағаны жайлы хат келген. Әке-шешесі алаңдап, қыздарына үйге қайт деп хат жазған. Бірақ еш хабар ала алмаған. Содан кейін екі жеделхат келіп, бірінде: «Қызыңыз ауырып қалды» десе, екіншісінде «Қызыңыз қайтыс болды» делінген. Әкесі қасына туыстарын ілестіріп, Алматыға барып, сүйекті алып қайтады. Анасы соңғы рет қызымның жүзін көріп, қоштасайын деп мырыш табытты аштырады. Аян есімді немере ағасы марқұм Гүлзаданың басын аздап көтермек болып ұстағанында, оның шүйдесінің былқылдап жатқанын сезеді. Бірақ бұл туралы ешкімге айтпайды...

– Қаңтардан кейінгі өзгерістерді байқап, өзім де әділдікке сене бастадым. 37 жылдан кейін анамның аманаты орындалып, Гүлзаданың есімі ақталғанын естіп, жүрегім жарыла жаздай қуандым. Әлі де сенер-сенбесімді білмеймін, – деді қуаныштан толқыған Мереке Нәбиұлы желтоқсаншылар басқосуында.

Жиынға қатысушылар батыр қыз есімін ұлықтау, есімін ел есінде қалдыру бағытында ұсыныс-пікірлер айтты.

Гүлбаршын Әжігереева,

«Орал өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале