19.12.2020, 10:51
Оқылды: 75

 «Желтоқсаншымын»  деп  кеуде  соғатындар  көбейді»

Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздік қызметкері, филология ғылымдарының докторы,  БҚИТУ профессоры, «Желтоқсан оқиғасына 30 жыл» медалінің иегері Мұрат Сабыр 1985-1990 жылдары Алматы қаласындағы С. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетінде оқыған. Желтоқсан оқиғасының куәгері, түркітанушы ғалым, қоғам қайраткерінің көзімен көріп, көңілімен түйген жайттарды, кеңестік идеология саласында күрт өзгерген құбылысты қызғылықты әңгімелеп, өзіндік тұжырымдарын байыпты жеткізген сұхбатын оқырмандар назарына ұсынып отырмыз. 

 М Сабыр 5

– Мұрат Бөкенбайұлы, тарих толқынындағы елеулі қасірет – «Желтоқсан оқиғасы» екені баршаға мәлім. Кеңес одағын билеген М. Горбачевтің жариялылық нышандарын жарыққа шығаруы құрсаудағы қоғамға қаншалықты әсер етті?

– Желтоқсан оқиғасына тарихи баға толық берілген жоқ. «Бұл – көтерліс пе, оқиға ма, қозғалыс па?»  деген даулы мәселе әлі күнге талқыланып келеді. Кеңестік кезеңде «Ғылыми коммунизм» деген күрделі пән болды. Онда Лениннің елу томын, Карл Маркстың, Ф.Энгельстің шығармаларын, Плехановтың 12 томын қолмен конспектілеп оқитынбыз. Бірақ ең ірі оқиғаның бірі – 1985 жылы КОКП ОК бас хатшысы М.Горбачев жариялаған қайта құру саясаты, шын мәнінде, қоғамға зор серпіліс әкелді. «Ғылыми коммунизм» пәні бір күнде «Ғылыми социализм» болып өзгерді. Коммунизмнің елес екеніне көзіміз жетті. Алматы қаласындағы ҚазМУ-да білім алып жүрген кезім. Идеология бағытының күрт өзгеруімен, жариялылықтың орнауымен профессорлардың да әңгімесі өзгерді. Ол кездегі студенттердің көбі ересек болатын. Бірі мал бағып, бірі зауыт-фабрикаларда еңбек етіп, бірнеше жылдық еңбек өтілімен университетке түсетін еді. КПСС тарихы, коммунизм жемісі жөнінде дәріс оқыған профессорларға күрделі саяси сұрақтар қойып пікір таластыратын...

 – «Елу жылда ел жаңа...» деп жатамыз. Ұрпақтар сабақтастығынан ұлағатты түйін іздеуге бола ма?

– Тарихи тұрғыдан қарасақ, 15-20 жылда жаңа ұрпақ қалыптасады. Біз – ХХ ғасырдағы төртінші ұрпақпыз. Салыстырмалы түрде алсақ, алғашқы буын ХХ ғасыр басындағы аумалы-төкпелі кезең, ұлт-азаттық күресте, талас-тартыста жетілді. Екінші ұрпақ Кеңес өкіметінің орнауына куә болды, мықтылары 1937 жылғы репрессия зобалаңында атылды, Ұлы Отан соғысына қатысты. Үшінші ұрпақтың балалық шағы Екінші дүниежүзілік соғыс өртімен тұспа-тұс келіп, қиын-қыстау кезеңді бастан кешірді. Біразының әкелері қан майданнан оралмады. Өмірдің ащы сабағын сезініп өскен олар 1960 жылдары қатарға қосылып, Қазақстанның рухани дамуына зор үлес қосты. Қарымды қаламгерлер Әбіш Кекілбаев, Дүкенбай Досжанов, Ілияс Есенберлин, Мұхтар Мағауиндер әдебиетке үлкен серпіліс әкелді.

Төл әдебиеті жоқ ұлт құрдымға кететінін кәрі тарлан тарих сан мәрте дәлелдеген.  Шын мәнінде, әдебиеттегі жаңа леп төртінші ұрпақты, бізді тәрбиеледі. Жаңа ұрпақ қалыптасқанын осы тарихи сабақтастықтан білуге болады. Кеңес Одағының аумағында жастардың қатысуымен билікке қарсы өткен жойқын қозғалыс бұрын-соңды болмаған.

– Абай айтпақшы, «көкірек көзімен» көмбедегі жұмбақты ашуға талпынған жаңа ұрпақ санасы өзгеріске дайын болды дейсіз ғой?..

– «Революция болуы үшін оның алғышарты болуы керек» деген Лениннің тұжырымы бар. Менің ойымша, бұл қозғалыстың басты алғышарты – жастардың рухани тұрғыда дамып жетілуі болды. Студенттер жатақханасында тұратын филологтар арасында өзара пікірталастар жиі өтетін. ҚазМУ жігіттері «Моңғолия неге дербес республика болып отыр? Біз неге Совет Одағынан бөлініп шықпаймыз?» деп бір-біріне сұрақ қойып, қызу талқыға салатын. Мағжанның өлеңдері көп оқылатын. Тіпті, өлең авторы кім екенін де білмейтін едік. Тарихи күнге қайта оралсақ, 1985 жылы қайта құру басталды. 1986 жылы 16 желтоқсанда Қазақстанның коммунистік партиясы орталық комитетінің бесінші пленумында Қонаевтың өтініш жазып, өз еркімен бірінші хатшылықтан босауы, оның орнына Колбиннің келуі жастар арасындағы жаппай наразылықтың тұтануына себепші болды.

– Желтоқсан бұрқасынының басталуына куәгер болыпсыз...

– 16 желтоқсан күні жатақханадағы жастардың бәрі орталық алаңға шыға бастады. Басшылар «Тараңдар!» деп алаңға жиналғандарды райынан қайтаруға тырысты. Сол күні кешкісін орталық алаңға тағы бардық. Студенттердің бірқатары қызығушылық жетегімен шыққаны анық. Келесі күні қарақұрым халық алаңға сыймай кетті. «Қазақты неге қазақ басқармайды? Біздің елді неге шеттен келген біреу билейді?» деген сұрақ әрбір жастың көкейінде шоқтай маздап жатқаны мәлім. «Әр ұлттың өз көсемі болуы керек!», «Лениндік ұлт саясаты жасасын!» деген ұрандарды жазып алып шыққандар болды. Лениннің теориялық ілімі бойынша әр ұлт өзін-өзі басқаруға құқылы еді.

Журналистика, заңгерлік, филология мамандығын оқып жүрген студенттердің көбі Желтоқсан оқиғасында басын бәйгеге тікті.

– ҚазМУ қалашығында қысым көбейген шығар?

– 17 желтоқсан күні кураторларымыз «Қайтыңдар!» деп соңымыздан іздеп келген соң, түс әлетінде жатақханаға оралдық. Қыстың қара суығы кәріне мініп тұрған шағы. Тоңып та қалған едік.

Кешкі уақытта алаңға ораламыз деп келістік. Сол күні қарулы жасақтармен қақтығыстар басталған еді. Түс ауа жатақхананы әскерилер қоршап тұрды. Балконнан секірсең, күштеп жатақханаға кіргізіп жібереді немесе ұрып-ұрып алып кетеді. Содан біз сыртқа шыға алмай қалдық. 17-сі күні кешкілік қанды оқиғалар жиіледі. Желтоқсан оқиғасынан кейін комсомол жиналысы көбейіп, күнде тексеріс болды. Тергелгендердің алдына алаңда түсірілген фотосуреттерді жайып қойып, танитындар туралы мәлімет беруді талап етті.

Біздің деканат «Танымадық, білмедік» деп көбімізді аман алып қалды. Бірақ бірін-бірі көрсетіп, құпия құрылымдарға ұстап берген студенттер болды.

– Өрімдей жастардың көбі өлімге бас тіккенін білмей өткені ақиқат қой.

– Желтоқсан оқиғасынан кейін біздің факультеттегі студенттердің кейбірі оқудан шығарылды. Солдаттардан таяқ жеген соң, ұзақ уақыт дерт меңдеп, төсек тартып жатып, кейін қайтыс болғандары да бар. Бізден бір курс жоғары оқыған ташкенттік Люба есімді қазақ қызын екі жылға соттап, басқа қаладағы шахтада ауыр жұмысты атқаруға жіберді. Тағдыр тақсіретіне шыдамаған Любаның көп ұзамай көз жұмғанын естідік. Сол кезеңде оқыған студенттердің бәрі ұдайы үрей құшағында болды. 1937 жылдағыдай «Кім нұқып көрсетер екен?» деп бір-бірінен қатты сескеніп жүрді. Желтоқсан оқиғасында жадымда жатталып қалғаны алаңға шыққан қыз-жігіттердің басты мақсаты – ұлттың өзін-өзі басқаруын талап ету еді. Соны түсіндіреміз деп Үкімет үйіне барды. Бұл жастардың әкімшілік-әміршілдік жүйеге, отарлау саясатына бейбіт қарсылығы болатын. Алаңнан оралмай, тағдыры беймәлім болып қалған қыз-жігіттер де бар.

– Мұрат Бөкенбайұлы, әңгіме басына оралсақ, ақтаңдақтарды аршу үшін қандай қадамдар жасаған жөн?

– Кеңес одағы кезіндегі ең ірі қозғалыс 1986 жылғы желтоқсан кезіндегі қозғалыс болғаны даусыз. КСРО ыдыраған  уақытта, яғни 1991 жылдың тамыз айында ғана Прибалтика және Грузия елдері советтік-социалистік билікке қарсылық танытты. «Қазақ жастары әкімшілік-әміршілік жүйеге қарсы шықты» деп айтып жүрміз. Турасын айтқанда, «Кеңес өкіметінің, Ресейдің отарлау саясатына қарсы шықты» деп ашық жазуымыз керек. Жазықсыз жастардың арнамысы тапталып, маскүнем, ұлтшыл, нашақор, қаскүнем деген жала жабылды. Қайталап айтамын, тарихшылар Желтоқсан оқиғасына нақты бағасын бере алмай жүр. Желтоқсан оқиғасына қатысты архив құжаттары толық ашылған жоқ, ғылыми зерттеу жүргізілмеді. Кейде біздің билік оны «ұмытып кеткісі келгендей» болып та көрінеді. Ақтаңдақты аршу үшін ұлттық элитаның басы бірігуі керек. Сегіз мыңдай студент, жұмысшы жастар Желтоқсан оқиғасына қа-тысқан, екі мыңдайы абақтыға қамалып, зардап шеккен. Сол тізім толық жарияланған жоқ, құпия ұсталып келеді. Бейбіт заманда «Мен Желтоқсанға қатыстым» деп кеудесін соғатындар көбейді. Өз басым «Ерлік істедім» деп байбалам салудан аулақпын. Нағыз күрескер ер-азаматтарды ардақтап, «Желтоқсанның мұзға жаққан алауын» тарихи тұрғыдан бағалайтын сәт баяғыда туды.

 

Сұхбаттасқан:

Нұртай Текебай,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале