Жаз айларындағы қуаңшылық шаруаларға оңай соқпай тұр. Мал азығы ретінде бір бума шөптің құны ауыл жұрты үшін алтын кесегінен кем емес. Сала мамандарының пікірінше, былтырғы қыстың жылы болып, ерте аяқталуы шабындық қорының денін сақтап қалуға мүмкіндік берді. Шөп шығымы жақсы кейбір ауылдағы шаруа қожалықтарының дайындаған мал азығын көрші аудандардан техникамен келіп, шабындық аймағынан алып кетіп жатқандар бар. Бөкей ордасы мен Жәнібек ауданына арнайы барған облыс әкімі жемшөп қоры, сатылымдағы шөп бағасы, малшы қауымның жай-күйі мен жазғы науқандағы техникалық дайындығы жөнінде сұрады.
Шалғай аудандардағы жұмыс сапарын қорытындылаған өңір жетекшісі жем бағасы шарықтамас үшін оны бірыңғай орталықтандырылған жүйемен сатып алу және жеткізіп беру ұйымдастырылатынын айтты.
– Қос аудандағы құрылыс нысандарын араладым. Тұрғындарды бірнеше сауал мазалайды. Оның бірі – ауылдардағы санитарлық-эпидемиологиялық ахуал. Қазіргі уақытта эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді. Ауыл ақсақалдары қатаң тәртіп сақтауға үлес қосып, жастарға ақыл-кеңес айтып жүргеніне ризамын. Көпшілік болып іс-шаралар өткізуге болмайды. Қоғамдық орындарда санитарлық талап сақталуы тиіс. Ел-жұртты толғандыратын тағы бір мәселе – мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуы. Карантин режиміндегі қиындықтарға қарамастан аудандардағы құрылыс жобаларын жүзеге асыруға 3,5-4 миллиард көлемінде бюджет қаражаты бөлінген. Көптеген жобаға жергілікті билік буыны тапсырыс беруші ретінде қатысуда. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламалары ауқымында барлық жоба уақтылы аяқталады. Аудандарға келер алдында құрылыс басқармасы мамандарын барлауға жібердім. Кейбір құрылыс нысанында кемшіліктер анықталды. Мердігерлер мамандар көрсеткен қателіктерді түзетіп, құрылыс жобалары уақтылы аяқталуы тиіс. Сондай-ақ Елбасы тапсырмасы бойынша республикалық маңыздағы автожолды күрделі жөндеу мәселесі қоғам назарында тұр. Республикалық бюджет тапшылығына байланысты жол құрылысы баяу жүргізілуде. Мердігерлермен кездесіп, автожолды жөндеу мәселесін пысықтадым. Құрылыс компаниялары асфальт зауытын орнатып, өз қаражаты есебінен белгіленген жұмысты жалғастыра береді.
Шалғай аудандарда мал азығы тапшылығы мәселесі орнымен шешілуде. Қожалық иелері жергілікті тұрғындар сұранысын қамтамасыз етеді, өздерінің жемшөп базасын толықтырады. Бір рулон құны 4-4,5 мың теңгеден аспауы тиіс. Аудандардан келіп түскен өтініштерге байланысты жемді орталықтандырылған түрде арзанға сатуды ұйымдастырамыз. Облыста емін-еркін жайылып жүрген киіктердің оңтүстік аудандарға шоғырлануы да көкейкесті мәселеге айналды. Жануарлар саны 350 мыңнан асып кетті. Шаруалар киіктер шабындық қоры пен мал жайылымына орасан зардабын тигізіп жатқанын айтып шағымдануда. Қазіргі уақытта үш аудан аумағынан Экологиялық кодекс талабына сәйкес резерват ашу мәселесін Үкімет қарастырып жатыр, – деді Ғали Есқалиев.
Нұртай Текебай,
zhaikpress.kz