Былтыр ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің БҚО департаменті мемлекеттік сатып алу саласында 29 қылмыс дерегін анықтады.
Жемқорлық қылмысының 69 пайызы – жергілікті атқарушы органдар үлесінде. Бұл жайында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрдәулет Самет хабарлады. Оның айтуынша, «Сатып алудың бірыңғай терезесі» веб-порталы арқылы онлайн режімде талдау жасалынды. Талдау қорытындысы бойынша сатып алу бағасын қымбат көрсету немесе құлдырату, белгілі бір тапсырысты орындаушы ыңғайына жығылу, лауазымын пайдаланып, қаражатты ысырап қылу фактілері басым екені анықталды.
Мәселен, Бөрлі ауданы әкімі аппаратының басшысы Ақеділов Ақсай қаласындағы баспананы жалға алу және әкімдікке көрсетілетін қызмет пен бағалы тауарлар алу үшін бөлінген 2,4 миллион теңге бюджет қаражатын жымқырған. 2019 жылы 3 желтоқсандағы Бөрлі аудандық сот үкімімен жемқор үш жылға бас бостандығынан айырылып, өмір бойы мемлекеттік қызметке орналасуға тыйым салынды.
Биыл 21 қаңтарда Шыңғырлау аудандық соты Шыңғырлау білім бөлімінің басшысы Сапаровты 3,6 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Білім бөліміне қарасты нысандарды күрделі әрі ағымдағы жөндеу бойынша орындалған жұмыс актілеріне кедергісіз қол қойғаны үшін Сапаров кәсіпкерден бірнеше мәрте 2 миллион теңге көлемінде пара алған. Бөлім басшысының құйтырқы әрекеті былтыр қазан айында әшкереленді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет талдау нәтижесіне сүйене отырып, жобалық-сметалық құжаттама жасау және басқа жұмыстарға мемлекеттік сатып алу бағасының алдын ала жоғары қойылғаны үшін де шенеунік «өз үлесін» алған деп санайды.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрдәулет Самет былтыр республика бойынша бюджеттен 12 триллион теңге бөлінгенін, оның ішінде 8,7 триллион теңге мемлекеттік сатып алуға бағытталғанын хабарлады.
Нұртай Текебаев
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер