БҚО ішкі саясат басқармасының тапсырысы аясында жүргізілген сауалнама қорытындысына сәйкес, сарапшылардың да, тұрғындардың да пікірінше, қоғамның біраз саласына жемқорлық дендеп енген. Мәселен, медицина саласында – 19%, білім саласында 18% жемқорлық таралған. Сонымен қатар тұрғындардың пікіріне сәйкес полиция (18%), құрылыс (18%), тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы (16%), жер қатынастары (15%) салалары да сыбайластыққа бейім екендігі анықталған.
Бұл туралы апта басында облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен өткен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша аймақтық жер комиссиясының жоспардан тыс отырысында айтылды.
«Парақорлықтың уақыты өтті»
Аталған басқосуда сөз алған ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департаменті басшысы Рустам Ақмырзаев облысымыздағы сыбайлас жемқорлықтың жай-күйі туралы баяндады.
– Облыс бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі алдын алу, тәрбиелеу және қылмыстық-құқықтық шараларды ұтымды үйлестіруге негіздеп, аймақтағы сыбайлас жемқорлықты азайту шараларын іске асыруда. Алайда кейбір мемлекеттік қызметшілер заңды бұзып, сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасауды тоқтатпай тұр. Тек өткен жылдың өзінде департамент 91 сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылығын тіркеді. Есепке алынған сыбайлас жемқорлық фактілерінің басым бөлігі, яғни 73 дерегі парақорлыққа, ал 17 фактісі жымқыру мен алаяқтыққа тиесілі болып отыр. Заңсыз сыйақыларды әр түрлі құжаттарды ресімдеу және беру, жұмысқа орналастыру мен орындалған жұмыстардың актілеріне қол қойғандары үшін алатындары анықталуда. Сотқа дейінгі тергеп-тексерулер бойынша былтыр 58 адамға қатысты сот үкімі шығып, үш мемлекеттік мекеменің басшысы қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Орын алған сыбайлас жемқорлық қылмыстардың ең көп бөлігін құқық қорғау құрылымдарының қызметкерлері жасап, 15 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Жергілікті атқарушы құрылымдар мен бағынысты ұйымдардың қызметкерлері 9 қылмыстық жағдайға жол беріп, 7 адам жауапкершілікке тартылды. Жалпы, сыбайлас жемқорлық мәселелеріне мемлекеттік мекемелер мен ведомстволардың басшылығы тарапынан жеткілікті деңгейде көңіл бөлінбейтіндігін атап өткім келеді. Қарамағындағылардың тарапынан сыбайлас жемқорлыққа жол берілген кезде басшылар тек тәртіптік жауапкершілікпен шектеледі. Бұл жерде кешенді шаралар қабылдай отырып, түбегейлі, батыл іс-қимыл жасау қажет деп санаймын. Департаментпен және әлеуметтік зерттеу барысында анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ескере отырып, жағымсыз жағдайды өзгерту үшін Жол картасын дайындауды ұсынамыз. Аталған құжатта әрбір салада сыбайлас жемқорлық деңгейін азайту үшін нақты тетіктерін әзірлеу керек.
Сондықтан да бірлескен шаралар арқылы сыбайлас жемқорлықтың себептерін, яғни олардың алғышарттарын жою қажет. Қазіргі таңда парақорлық уақытының өткендігін түсіну маңызды. Әркім қолында бар нәрсенің қадірін, отбасын, үйін, жұмысын, соңында өз еркіндігін бағалауы керек. Адал және парасатты шенеунік, мемлекеттік қызметші немесе басшы заң бойынша шешім қабылдаудан қорықпауы керек. Егер ол бір нәрседен қорқатын болса, онда оған назар аудару қажет. Бұл адам заңды өзі бұзады немесе ол заңсыз нұсқауларды орындайды. Біздің мекемеміз көпшілікке ашық және қолжетімді, кез келген адам жүгіне алады және біз дереу шаралар қабылдайтынымызды да айтқым келеді. Басты мақсатымыз – сыбайлас жемқорлықсыз қоғам құру, – деді Р.Ақмырзаев.
Ал департамент басшысының бірінші орындасары Нұрдәулет Самет Біріккен ұлттар ұйымының Даму бағдарламасының қолдауымен «Transparency International Kazakhstan» қоғамдық қорының Қазақстандағы сыбайлас жемқорлық жай-күйіне жүргізген зерттеулер нәтижесін баяндап, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жолдары туралы ұсыныс-тарын айтты. Ендігі кезекте әр саладағы сыбайлас жемқорлық туралы нақты деректер мен дәйектер келтіріп, цифрларды сөйлеткен Нұрдәулет Ильясұлының баяндамасында айтылған мәліметтерді тарқатып көрелік.
Жалпы, облыс бойынша сауалнамаға қатысқан тұрғындар арасындағы респонденттердің 40,6%-ы «Мәселені жемқорлықсыз да шешуге болады» деп есептесе, бизнес өкілдерінің 38,5%-ы да дәл осындай пікірде екен.
Сондай-ақ өңір тұрғындарының 34,2%-ы және бизнес өкілдерінің 37,7%-ы «Сыбайлас жемқорлық кең таралмаған, алайда жемқорлық арқылы мемлекеттік қызметтерді алу жеңіл, әрі қолайлы» деп санайды. Сауалнамаға қатысушы әр 6 респондент немесе 17,1%-ы жемқорлық күнделікті өмірімізге айналғанын айтса, бизнес өкілдерінің 13,1%-ы осындай ойда.
Жоғарыда атап өткеніміздей, облыстық ішкі саясат басқармасының тапсырысы аясында жүргізілген сауалнама қорытындысы медицина және білім салаларында, полиция қызметі, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен жер қатынастары салаларында жемқорлық азаймай тұрғанын көрсеткен. Енді комиссия отырысында айтылған деректерге сүйеніп, бірер саладағы орын алған жемқорлық фактілерін келтірелік.
Балабақшада былық көп
Соңғы жылдары білім саласында қылмыстық жауапкершілікке балабақша мен колледж есепшілері, жалпы орта білім беретін орта мектеп және саз мектебі директорлары, аудандық білім беру бөлімінің басшысы тартылған. Жүргізілген зерттеу қорытындысы бойынша 2019 жылы да, 2020 жылы да сауалнамаларға қатысқандардың 7,7%-ы балабақшаларда жемқорлыққа тап болған. Олардың 76,2%-ы баласын балабақшаға орналастыру, 7,1%-ы жұмысқа орналасу үшін, 7,1%-ы туындаған мәселені шешу кезінде деп белгілеген.
INDIGO электронды балабақша жүйесіндегі мәліметке сәйкес, Орал қаласында 131 балабақшаға 15896 бала барады. Оның ішінде мемлекеттік 80 балабақшада 11164 бүлдіршін, ал 51 жеке бөбекжайда 4732 бала қамтылған. Орал шаһары бойынша 10671 бүлдіршін балабақша кезегіне қойылған. Ең қызығы, аталған жүйедегі мәлімет бойынша 1740 бос орын бар. Қалалық білім беру бөлімі бұл бос орындар балабақша орналасқан шағынауданда бала саны аз болуына байланысты деп түсіндіріп отыр.
Балабақшалардағы сыбайлас жемқорлық негізінен жұмысқа орналастыру кезінде орын алады екен. Тіпті қарапайым күзетшілік жұмысқа көбіне директор немесе есепшінің туыстары алынған. Сонымен қатар өткен жыл қорытындысымен тәрбиешілерге сыйақы беруде де әркелкілік орын алған. Орташа есепппен 15 мың теңге төлегенімен, кей тәрбиешілердің 50 мың теңге, тіпті одан да көп алғандығы туралы ақпарат түскен. Алайда кімге қанша бергені туралы жалпыға көрінетін жерлерге орналастырылмаған.
Сондай-ақ белгіленген ережеге сай балабақша топтарындағы бала саны 20-25-тен аспауы қажет. Алайда, шын мәнінде, орталықтағы бөбекжайдағы бүлдіршін саны 27-28-ге дейін барады. Бұл, әсіресе, қаланың тығыз орналасқан аудандарында көрініс табуда. Тізім бойынша 25 бала болғанымен, қалғандары директордың немесе қалалық білім беру бөлімінің нұсқауы арқылы балабақшаға келіп жүргендер екендігі анықталған. Тағы бір мәселе, балабақша қызметкерлері аттестациядан өту барысында әдістемелік құрал шығарады. Оны шығару үшін баспахана қызметіне жүгінеді. Қызметкерлердің айтуынша, керек қағаздарды тек қалалық білім беру бөлімі айтқан жерлерден шығару қажет екен.
Айтылған олқылықтарды жою үшін департамент қызметіне қабылдауды тек жұмыспен қамту орталығы арқылы жүргізуді және зейнет жасындағы азаматтармен еңбек шарттарын тоқтатуды, мекеме қызметкерлері туралы және үстемеақы, сыйақылар туралы ақпаратты баршаға көрінетін жерге орналастыру, топтардағы бала санын реттеу үшін бейнекамералармен қамтамасыз етуді, әдістемелік құралдарды электронды түрде қабылдау секілді шараларды қолға алуды ұсынды.
Полицейлер парақұмар ма?
Жүргізілген сауалнамаға қатысушылардың дені жол-көлік оқиғаларына қатысты мәселені шешу, айыппұлдарды рәсімдемеу, жүргізуші куәлігін алу және басқа да түйткілдерді реттеу үшін полиция қызметіне пара бере салу ыңғайлы деп есептейді екен. Тек өткен жылдың өзінде аталған салада 39 қылмыстық іс тіркеліп, 13 полиция қызметшісі пара алғаны үшін сотталған. Келтірілген статистикалық деректерге сүйенсек, 2018 жылы – 12, ал 2019 жылы 4 полиция қызметкері жемқорлық салдарынан істі болған.
Сыбайлас жемқорлыққа итермелейтін негізгі мәселелер полиция қызметінің құзыретіне кіретін көптеген мүмкіндікке байланысты болып отыр. Олардың қатарында қылмыстық істі қысқарту, әкімшілік жауапкершілікке тартпау, арнайы аутотұрақтан аутокөліктерді кедергісіз алып кету, қызметтік лауазымдарын пайдалана отырып, алаяқтыққа бару секілді заңсыз әрекеттер бар.
Өткен жылы облыс әкімінің бастамасымен полициядағы жемқорлық тәуекелдерін азайту мақсатында кешенді іс-шаралар жоспары жүзеге асырылған. Әсіресе, қызметтік аутокөліктерді күтіп ұстау мәселелері шешіліп, жеке құраммен тәрбие жұмыстары жүйелі түрде жүргізілді. Нәтижесінде облыстық полиция департаментінің өзімен пара беру дерегі бойынша 36 қылмыстық іс тіркелді. Ал 2018 және 2019 жылдары осындай фактілер мүлдем тіркелмеген. Сонымен қатар бейнетіркегіштердің жемқорлықты алдын алуда рөлі жоғары екені белгілі. Алайда оны полиция қызметкерлері толық қолданбайтындығы, құралды өз бетімен айырып тастайтындығы анықталған. Бұл орайда департамент сала ардагерлерінің, қоғам өкілдерінің қатысуымен тұрақты түрде немесе аптасына кемінде бір рет бейнетіркегіштердің қолданылуына мониторинг жүргізуді ұсынды.
Сыйлықтар саттыққа қойылады
Департамент басшысының бірінші орынбасары өз баяндамасында жер қатынастары саласындағы, мемлекеттік колледждер, емханалар мен ауруханаларда орын алған жемқорлық деректеріне де тоқталды. Сондай-ақ комиссия отырысына қатысқан БҚО мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті басшысы Ермек Сүйербаев ұсынылған сыйлықтарды мүлікті басқару құрылымдарына тапсыру тәжірибесі туралы баяндап өтті. Спикердің айтуынша, ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңына сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулердің бірі мемлекеттік қызмет міндеті жүктелген адамдардың материалдық сыйақы, сыйлық алмау болып табылады. Мұндай жағдай орын алса, берілген материалдық сыйақы немесе сыйлық уәкілетті құрылымдарға тапсырылуы қажет. Айта кетейік, 2018 жылы аталған мекемеге шенеуніктерден жалпы құны 40 482 теңгені құрайтын 15 дана сыйлық тапсырылып, олар 15 217 теңгеге сатылған. Ал 2019 жылы 14 628 теңге болатын 7 сыйлық қабылданып, 2132 теңгеге саудаланған. Өткен жылы 52 000 теңгені құрайтын сыйлық қабылданып, қазіргі уақытта саттыққа қойылған.
Жиынды қорытындылаған өңір басшысы сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған барлық бастамаға қолдау көрсететінін айтты.
– Тұрмыстық сыбайлас жемқорлықтың алдын алуды әрдайым басты назарда ұстаймыз. Жүргізілген сауалнамаға қатысқан жерлестеріміздің де пікірлері біз үшін маңызды. Жалпы, жемқорлық – қоғамның дерті екені шындық. Әр адам күнделікті өмірінде жемқорлық деректерімен жиі кездесіп отырады. Әрбір отбасындағы балалар да жемқорлық туралы ақпараттарды оқып, деректерді көруде. Олардың ертең сыбайлас жемқорлықтан ада болып өсуі үшін біз бұл індетпен аянбай күресуіміз қажет. Бүгінгі басқосуда атқарылған жұмыстар мен нақты деректер келтіргені үшін департамент басшылығына алғыс айтамын. Жиында айтылған ұсыныс-пікірлерді толықтай қолдаймын. Алдағы уақытта «Жол картасын» жасақтап, оның жұмысын әрдайым бақылауда ұстауымыз керек, – деді Ғали Есқалиев.
Шара соңында департамент басшысы Рустам Ақмырзаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет төрағасының БҚО әкімі Ғали Есқалиевтің өңірде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы нақты ұстанымы мен күшжігерін жоғары бағалап отырғандығын атап өтіп, агенттік төрағасы Алик Шпекбаевтың атынан Құрмет грамотасын табыс етті.
Нұрбек Зәкәрияұлы,
zhaikpress.kz