Бүгін Орал қаласындағы Достық үйінде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының жобасы талқыланды. Басқосуға ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) БҚО бойынша департаментінің басшысы Рустам Ақмырзаев, «Ақжайық – Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Әлия Сәлиева, облыстық, қалалық мәслихаттардың депутаттары, мемлекеттік құрылымдардың, саяси партиялардың, үкіметтік емес ұйымдардың және БАҚ өкілдері қатысты.
– Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына арналған Жолдауында «Сыбайлас жемқорлықпен тиімді күресті жалғастыру қажет. Құзырлы агенттік жыл соңына дейін орта мерзімді кезеңдегі іс-қимылымыздың бағдарламасын айқындайтын стратегиялық құжатты бекітуге ұсынуы керек» деп тапсырма берген болатын. Сонымен қатар маңызды құжатта тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жоюға айрықша назар аударылғаны баршамызға мәлім. Жолдауды іске асырудың Жалпыұлттық жоспарының 88-тармағына сәйкес агенттік «Қазақстан Республикасының 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының жобасын» дайындады. Елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың пәрменді моделі қалыптасты. Ол қоғамның сұранысына қарай ұлттық және шетелдік озық тәжірибелерге сүйене отырып, ұдайы жетілдіріліп отырады.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» жаңа заңның қабылдануына байланысты 2015 жылдан бастап алдын алу және қылмыстық-құқықтық тетіктерді қамтитын сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларының жүйесі құрылды, – деді Рустам Сапарбекұлы.
Оның айтуынша, қоғам дертіне қарсы күреске сыбайлас жемқорлыққа қарсы ағарту жұмыстары мен оның кез келген көріністеріне «нөлдік» төзімділікті қалыптастыруға азаматтық қоғам өкілдері тартылуда. Жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламалары «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет негіздері элективті пәнімен толықты.
Жиында аталмыш департаменттің первенция және парасаттылық басқармасының басшысы Біржан Хайруллин тұжырымдама жобасында лоббистік қызметтерді реттеу, Парламент және мәслихат депутаттарының әдеп кодекстерін қабылдау қарастырылғанын әңгімеледі. Сонымен қатар пара беру туралы уәде беру мен ұсыныс жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікті енгізу және сыбайлас жемқорлықты қабылдаудың ұлттық индексін қалыптастыру мәселелері де жобадан көрініс тапқан.
«Қазіргі кездегі сыбайлас жемқорлыққа қатысты басты мәселелердің бірі – тұрмыстық жемқорлық. Азаматтар өз шаруаларын шешу барысында мемлекеттік қызметкерлерге немесе оларға теңестірілген тұлғаларға заңсыз сыйлық, пара беру арқылы тұрмыстық жемқорлыққа барады. Мемлекеттік сатып алулар үрдістері мен бөлінетін қаржы-қаражаттың ашық еместігі, мемлекеттің экономикаға қатысу үлесінің көптігі, әкімшілік кедергілер мен дискрециялық құзыреттіліктер, мемқұрылымдардың ашық еместігі, сот және құқық қорғау құрылымдарындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдері секілді жиі кездесетін түйткілдер негізінде жаңа тұжырымдама жобасы дайындалды. Құжат жобасындағы басты мәселе – қоғамда парасаттылықты қалыптастыру. Соған орай сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюымыз керек. Тұжырымдаманың басты мақсаттарының бірі – жемқорлыққа қарсы күреске азаматтық қоғамды тарту және қоғам өкілдерінің қатысына мониторинг жүргізу. Мониторингті тек мемқұрылымдар қоғамдық ұйымдардың қатысуымен жүргізеді, – деді Б. Хайруллин.
Оның түсіндіруінше, елімізді алқымнан алған тәжтажалға байланысты шектеу шаралары кезіндегі кейбір келеңсіз жайттар жемқорлыққа қарсы саясатты одан әрі жетілдіру қажеттігін көрсеткен. Бүгінде мүдделер қақтығысы (ол мемлекеттік қызметшілердің билік уәкілеттілігін өзінің жеке мүддесіне пайдалануларынан көрінеді) заңмен толығымен реттелген. Мысалға, облыс әкімі қызметке келгенде өзімен бірге тек хатшы мен көмекшісін әкеле алады. Басқа қызметкерлер әкімдік аппаратына конкурстық негізде қабылданады. Ақпараттардан, ғаламтордан кейбір депутаттардың бойынан қоғамға жат қылықтары көрініп қалады. Қайсыбірі сыбайлас жемқорлық фактілеріне де жол береді. Осындай келеңсіздіктерді ауыздықтау мақсатында депутаттардың әдеп кодексі дайындалмақ. Мемлекеттік сатып алу үрдістерінде сыбайластық, құқықбұзушылық көп кездеседі. Әсіресе, мемлекеттік құрылымдардағы мемлекеттік сатып алу ісінің 70 пайыздан астам үлесі бір көзден сатып алу тәсілімен шешілуде. Онда нәтижені өздері қолдан жасайтыны, тамыр-таныстың мерейі үстем түсетіні анық. Сондықтан бірыңғай бағаларды енгізу жүйесі қарастырылуда. Сонымен қатар негізсіз баюға тосқауыл қойылмақ. Мұндай жауапкершілікті енгізу БҰҰ-ның сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясының талаптарынан туындайды. Заңсыз баюға жауапкершілікті енгізу жалпыға бірдей декларациялау рәсімінің ажырамас бір бөлігі болып табылады. Мысалға, мемқызметкердің заңсыз байығаны, оның өзінің және туыстарының тапқан табыстары мен шығындарының арасында алшақтық пайда болғанда анықталады. Тапқан табысы аз бола тұра, зәулім жеке жайда шалқып тірлік кешіп, қымбат көлік мінетіндердің тірлігіне салықшылармен қатар, жемқорлыққа қарсы күрес қызметі де «араласады». Талқылауға қатысушылар тұжырымдама жобасы еліміздегі сыбайлас жемқорлықтың «желкесін» қиып жібермегенмен, ондай факторлардың алдын алады және сыбайлас жемқорлықты азайтады деген сенімдерін білдірді.
Гүлбаршын Дыбысқалиқызы,
zhaikpress.kz