25.04.2023, 11:00
Оқылды: 2095

Жемсаудың алғашқы белгілері қандай?

Жемсау (зоб) дертіне шалдыққандар саны жыл сайын артып келеді. Былтыр облыстың 208 тұрғыны осы сырқатқа шалдыққан. Асқынған кезде алқымнан қысып, тыныс алуға мүмкіндік бермейтін жемсау қандай сырқат? Алғашқы белгілері қандай? Алдын алу үшін не істеу қажет? Жемсауға шалдыққандардың кейбірі янтарь моншағын тағады. Жемсау безінің ұлғаймауына бұл әдіс көмектесе ме? Осы сауалдардың жауабын Орал қалалық №5 емхананың эндокринологі Назгүл Жармұхановамен (суретте) жолығып, білген едік.

4ea493f6-7631-44b7-bf52-5debf2cd0b0d

Йод тапшылығы жасөспірімдерде жиі ұшырасады

Эндокринолог маманның айтуынша, жемсау дерті – қалқанша без көлемінің ұлғаюынан  пайда болады. Яғни қалқанша без қызметін дұрыс атқармаған соң одан гормондар аз немесе көп мөлшерде бөлінеді. Бездің клиникалық белгілеріне байланысты дерт бірнеше түрге бөлінеді. Өңір тұрғындары арасында кездесетін түрлеріне тоқталсақ.

Біріншісі, токсикалық түйінді жемсау. Токсикалық түйінді жемсауға шалдыққан науқастардың қалқанша безінде түйіндер, өскіндер (киста) пайда болады. Солар қалқанша бездің гормондарын шамадан тыс көп бөледі. Сондай-ақ бездің көлемі түйіндерсіз өзімен-өзі ұлғаюы да мүмкін.  Адам жұтынған кезде тамағында бірдеңе тұрғандай (ком в горле), өксіп жылаған кезде түйін бардай сезіледі. Бұл – дерттің алғашқы белгісі. Екінші түрі – диффузды эндемиялық жемсау. Оған өңіріміз былай тұрсын, ел  тұрғындары да жиі шалдығады. Өйткені Қазақстан мұхиттан шалғай орналасқандықтан, ел аумағындағы судың, топырақтың және өндірілетін өнімдердің құрамында йодтың мөлшері тым аз. Біздің облыс та эндемиялық аймаққа жататындықтан, аталмыш дертке шалдыққандар саны жыл сайын артып келеді. Нақтырақ айтсақ, күнделікті тұтынатын тағамдардан ағзаға йод аз мөлшерде түсетіндіктен, қалқанша бездегі гормондар жеткіліксіз дамиды. Бұл ауруға, әсіресе, балалар, жасөспірімдер, жүкті әйелдер мен жас босанған аналар жиі шалдығады. Жас ағзада йод жетіспесе, физиологиялық дамуы, интеллектуалдық қабілеті нашарлайды. Ал жүкті әйелдерде түсік тастау немесе мезгілінен бұрын босану  қаупі  күшейеді.

Тыныс алу қиындайды

– Жемсаудың алғашқы белгісі – қалқанша бездің ұлғаюынан байқалады. Эндокринолог дәрігерлер көзбен көріп немесе без аймағын қолымен ұстап, басып байқай алады. Без көлемі ұлғайған сайын қасындағы ағзалар (трахея) қысылып, науқастың жұтынуы, тыныс алуы қиындайды. Басы солқылдап ауыруы мүмкін. Әлсіздік басып, тез шаршайды, жүрек соғуы жиілейді, ашушаң болады. Әйел адамдардағы қалқанша бездің көлемі қалыпты жағдайда 18 мл (миллилитр), еразаматтарда 25 мл болуы керек. Бездің ұлғайғанын байқасақ, науқасты УДЗ-ға жіберіп, тексертеміз. Онда жемсаудың қандай түрі екені және көлемі анықталады. Егер түйін көлемі 1 сантиметрден асса, қатерлі ісіктің белгілері болса, түйіннен биопсия алып, қатерлі ісікке тексертуге жібереміз. Бұл амбулаторлы жағдайда жүргізіледі. Науқастың мойнына ультрадыбыстық датчикті қойып, дәрігер иненің бағытын бақылап отырады. Мойынға ине шаншу үйреншікті жағдай болмағандықтан, мұндай әрекет (процедура) көп жағдайда науқастарға қорқыныш сезімін тудырады. Айта кететін жайт, биопсия қалқанша безі жасушаларының өсуін тудырмайды. Егер қалқанша безде обырдың белгісі пайда болса, оның көлемі 40 мл-дан асса, онда хирургиялық жолмен емдеу қажет. Жалпы түйін алты айға дейінгі мерзімде 1 см-ге немесе одан да көп өскен жағдайда науқастың халі нашарласа, биопсия қайтадан тағайындалады. Бір қуантарлық жайт, тұрғындар қалқанша бездің қатерлі ісігіне сирек шалдығады. Кей сырқат түрлерінде қарапайым түйіндіісіктен қатерлі ісікке айналып кеткені айтылады. Бірақ жемсау диагнозында түйін  қатерлі ісікке айналатындай ушығып кетпейді, тек елімізде бірен-саран ғана кездесуі мүмкін. Өңірімізде жемсаудың эндемиялық, яғни йод тапшылығы түрі жиі кездеседі, –  деді Назгүл  Бейбітқызы.

Янтарь моншақтың пайдасы дәлелденбеген Сырқаттың алдын алу үшін не істеу қажет? Эндокринолог жасөспірімдердегі зоб ауруы көп жағдайда мектепте өтетін медкомиссиядан анықталатынын айтады. Жүктілікті жоспарлап жүрген келіншектер құрамында йод бар дәрі-дәрмекті қабылдау қажет. Емханалардағы отбасын жоспарлау кабинетінде сәби сүюге ниеттеніп жүрген келіншектерге міндетті түрде жүктілікке дейінгі 6 айда немесе жүктіліктің алғашқы үш айында йод дәрілерін ішуге кеңес береді. Мұны босанғаннан кейін де жалғастыру керек. Бұл – құрсақтағы шарананың дені сау болып тууы үшін қажет. Ағзасына йод жетіспеген жағдайда бала кемтар  болып туады екен. Әсіресе, сәбиде ақыл-ой кемістігі, психологиялық ауытқу пайда болуы ықтимал. Ересектерде йод тапшылығы холестерин көбею, салмақ бұзылу, летаргия (ұйқышылдық) мен күйзеліске душар етеді. Қала берді, адамның ми  дамуы  тоқтайды.

Дерттің алдын алу мақсатында барлық аяғы ауыр келіншектерге йодид  дәрісі емханаларда тегін таратылады.

Белгілі бір топтағы адамдарға йодомарин, йодобаланс, йодид калий дәрілері жас ерекшеліктеріне  қарай беріледі. Сондай-ақ жасөспірімдердің ағзасына тәулігіне 120 мг, жүкті келіншектерге 200-250 мг йод  қажет.

Эндокринолог  жемсау дертіне шалдыққандар жиі тағатын янтарьдан жасалған моншақтың пайдасы медициналық түрде дәлелденбегенін тілге тиек етті. Яғни ол жемсау безінің ұлғаймауына  әсер етпейді.

Йодқа бай тағамдар

Йод – адам ағзасына аса қажет микроэлементтердің  бірі.

Бұл ретте эндокринолог Назгүл Бейбітқызы йодтың қайнар көзі – теңіз тағамдары екенін айтады. Бұл дәрумен уылдырық, креветка, кальмар, теңіз капустасы өнімдерінде көп шоғырланған. Мәселен, теңіздің бір орамжапырағындағы йодтың мөлшері бір күндік мөлшерден 4 есе көп. Оны салат немесе сорпаға қосып тұтынсаңыз болады. Ал жемістердің ішінен құрма йодқа өте бай. Сондай-ақ грек жаңғағы, қарақұмық,  пияз бен көк пиязда да йод аз мөлшерде болса да кездеседі. Йод тапшылығының алдын алу үшін йодталған тұзды пайдаланған жөн.

    Мүкжидек – жақсы антиоксидант (қатерлі ісіктің алдын алушы). Құрамында йод мол.

120 грамм мүкжидекте 400 мкг (микрограмм) йод болады. Йодтың күндік мөлшерін алғыңыз келсе, аздап мүкжидек жеңіз немесе бір стақан балғын шырынын ішсеңіз жеткілікті. Асбұршақ (фасоль). Жарты стақан асбұршақ пен теңіз асбұршағының құрамында  32 мкг  йод  болады.

Жемсаудың алғашқы белгісі байқалған жағдайда науқас дәрігердің берген емін қабылдап, құрамында йоды көп тағам жесе, тез сауығып кетеді. Ал дерттің тұқымқуалайтын немесе қатерлі түрлеріне шалдыққандар құлантаза жазылып кетпесе де, дер кезінде емделсе, аурудың асқынуына жол бермейді. Сырқаттың күрделігіне қарай ем алу уақыты 8 айдан 2  жылға  дейін  созылады.

Бір жұтым судың қадірін қатты шөлдеген адам білер. Сол секілді дерт алқымнан қысып, бір жұтым ауаға зар болғанда дүниенің кеңдігінен не пайда?! Ауырмайық! Тынысымыз тарылмасын, ағайын!

Гүлсезім Бияшева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале