Жеңіліп көрмеген қазақстандық кәсіпқой боксшы Сұлтан Зәуірбек Prosports.kz тілшісіне берген сұхбатында Ұлыбританиядағы Факунде Арсеге қарсы өткен жекпе-жегі туралы айтып, алдағы жоспарларын бөлісті.

Фото: Prosports.kz
- Сұлтан, Болтондағы бокс кешінде Факунде Арсені жеңуіңізбен құттықтаймын. Барлығы жоспар бойынша өтті ме?
– Барлығы жоспар бойынша өтті деуге болмайды. Жекпе-жекке он күн қалғанда қарсыласым өзгерді. Менің WBO European титулына он раундтық жекпе-жек өткізуді жоспарлаған болатынбыз. Бірақ, өкінішке қарай, қарсыласым жарақат алып, шұғыл түрде басқа қарсылас іздеуге мәжбүр болдық.
– Бұған дейін бір жылдай жұдырықтаспадыңыз. Рингті сағындыңыз ба?
– Иә, белгілі себептерге байланысты үзіліс жасауға тура келді. Кейінгі жекпе-жектен кейін қолыма ота жасалды. Ұзақ уақыт қалпыма келдім.
- Сіздің жеңісті серияңыз жалғасып келеді. 2023 жылға қандай жоспарлар бар? Қанша жекпе-жек өткізуді жоспарлап отырсыз?
- Осы жылға үлкен жоспарларымыз бар. Біз ірі бокс кештерінде өнер көрсетіп, танымал тұлғалармен жұдырықтасқымыз келеді. Көптеген ұйымдардың рейтингінде мен ТОП-10 қатарындамын. Сондықтан жақын арада бізді жақсы жекпе-жектер күтіп тұр.
– Қазір қандай промоутерлік компаниямен жұмыс жасайсыз?
- Әзірге, жоқ. Бірақ үш компаниядан ұсыныс келді. Қазір менеджермен осы нұсқаларды қарастырып жатырмыз. Жақын арада дұрыс шешім қабылдаймыз деп ойлаймын.
- Жақында Бекман Сойлыбаев пен Жанқош Тұраров шаршы алаңға сәтті оралды. Сіз олардың жекпе-жегін көрдіңіз бе?
– Өкінішке қарай, қарауға уақыт болмады. Жанқошты IBO титулын жеңіп алуымен құттықтаймын.
– Сіз қазір рейтингте жақсы келе жатырсыз. Титулдық жекпе-жекке дайынмын деп ойлайсыз ба?
- Мен менеджеріме титулдық жекпе-жекке дайын екенімді үнемі айтамын. Бірақ кәсіпқой бокста бәрі оңай емес екенін түсіну керек. Чемпиондар мұндай жекпе-жектерге бірден келісе бермейді. Қаржы мәселесі бірінші орында болады. Биыл титулдық жекпе-жек болмайды. Бірақ келесі жылдан үміт бар. Өйткені екі ұйымда чемпиондық белбеу бос. Міндетті үміткер болуға тырысамын.
- Геннадий Головкин чемпиондық титулдарынан айырылды. Бұл карьерасын аяқтауға байланысты деп ойлайсыз ба?
- Менің ойымша, Головкинге ештеңе дәлелдеудің қажеті жоқ. Ол барлығына бәрін көрсетті. Алты ай сайын титулды қорғайтын жаста емес. Менің ойымша, ол әлі де бір-екі жекпе-жек өткізеді. Әрине, карьерасын аяқтауға жақын. Бірақ біз үшін ол әрқашан чемпион болады. Енді оған атақ қажет емес, оны кәсіпқойларда бәрі біледі және құрметтейді.
Еске салайық, 24 наурызда Болтонда (Англия) Сұлтан Зәуірбек аргентиналық Факунде Арсені техникалық нокаутпен жеңген болатын. Жалпы, 26 жастағы қазақстандықтың кәсәпқой рингте 14 жеңісі (оның 10 нокаутпен) бар.