30.05.2025, 10:00
Оқылды: 219

Жеңімпаз шәкіртке - 100 мың теңге

«Атамекен» өнер  ордасында  республикалық  және  халықаралық  пәндік  олимпиадалар,  ғылыми  жобалар  байқауларының  жеңімпаздары мен жүлдегерлері  марапатталды. 

Дарынды балалар -мади салык (11)

«Ақ Жайық жас дарыны - 2025»  атты облыстық форумға арнайы келген  облыс әкімі Нариман Төреғалиев биылғы оқу жылында жетістікке жетіп, өңір мерейін асырған жеңімпаз шәкірттер мен ұстаздарды құттықтады.

– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев IV Ұлттық құрылтай отырысында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының атауы «Адал азамат» атауына ауыстырылып, еліміздің барлық білім беру мекемелерінде енгізілетінін атап өтті. Сондай-ақ халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында елімізде «Қазақстан балалары» атты бағдарлама аясында түрлі танымдық іс-шаралар өткізілуде. Солардың бірі  – өздеріңізбен жүздесу. Биылғы жылы білім саласында оқушыларымыз жоғары  жетістіктерге қол жеткізді. Өңіріміздің 3 оқушысы  халықаралық деңгейдегі О. Жәутіков атындағы олимпиадада 1 қола, Ө. Жолдасбеков атындағы математика және механика бойынша зерттеу жобалар конкурсында 1 күміс, 1 қола медаль иегері атанып, үздік көрсеткіштерге ие болды.  Ал осы халықаралық олимпиадалардың алдыңғы кезеңі республикалық олимпиадалар мен конкурстарда 76 оқушы 14 алтын, 23 күміс, 41 қола медальдің иегері атанды. Бұл жеңіс – оқушы  мен ұстаздың бірлескен еңбегінің нәтижесі.

Батыс Қазақстан облысы – қазақ білімінің алтын бесігі, тарихи тамыры терең, ғылым мен әдебиетке өлшеусіз үлес қосқан тұлғалар мекені. Осыдан 184 жыл бұрын, яғни  1841 жылы еліміздегі көне тарихы бар алғашқы мектепті Бөкей ордасында Жәңгір хан  қазақ балаларына арнап ашқан болатын. Батыс өңірінің киелі топырағынан талай ғалымдар мен ақындар түлеп ұшқанын мақтанышпен атап өткім келеді. Мақаш Бекмұхамедов, Мұхамед-Салық Бабажанов секілді ғалымдар, қазақ әдебиетінің ірі тұлғалары Ғұмар Қараш, Қажым Жұмалиев, Қадыр Мырза Әли, Жұбан Молдағалиев – барлығы осы өңірдің төл перзенттері. Біздің оқушылар осы аталған ұлы тұлғалардың ізін жалғастырушылар,  – деп сөзін сабақтаған облыс әкімі жеңімпаздар мен жүлдегерлерге 100 мың теңгенің сертификаттары мен алғысхаттарды табыстады.

Батыс Қазақстан облысында білім саласын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда.  Оқушылардың сапалы білім алуына жағдай жасау мақсатында соңғы үш жылда өңірімізде 7526 орынға 26 мектеп салынды.

(соның ішінде «ҚПО б. в.» компаниясының әлеуметтік инвестициялық жобасы аясында 1344 орынға 16 мектеп, жергілікті бюджет есебінен 1982 орынға 7 мектеп, «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында 4200 орынға 3 мектеп пайдалануға берілді). Өңірдегі 24 мектепке күрделі жөндеу жүргізіліп,  2,7 миллиард теңгеге 230 заманауи пәндік кабинет сатып алынды. Алдағы үш жылда бес мыңға жуық орынға лайықталған жаңа мектептер пайдалануға беріліп, 86 мектеп күрделі жөндеуден өтеді деп жоспарлануда.

Соңғы үш жылда мектептерде материалдық-техникалық әлеуетті жаңғырту үшін 960 миллион теңгеге 133 мектепке жиһаз және 2,7 миллиард теңгеге 54 мектеп аутобосы сатып алынды. Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 480 миллион теңге  қаражат  бөлінді.

Өз білімдері мен біліктіліктерін интеллектуалды сайыстарда дәлелдеген жас дарындардың жеңісін айқындайтын салтанатты шарада О. Жәутіков атындағы халықаралық олимпиада, Ө. Жолдасбеков атындағы математика және механика бойынша халықаралық конкурс, жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиада, жалпы білім беретін пәндер бойынша зерттеу жобалар байқауы және басқа да сайыс жеңімпаздары марапатталды. Сондай-ақ  облыстық форумда  ойлау қабілеті жоғары, ерекше шешім қабылдай алатын дарынды оқушыларды даярлап жүрген педагогтерге  де  құрмет  көрсетілді.

Гүлжамал Жолдығали,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале