2.02.2023, 10:45
Оқылды: 53

Жеңіс сарбазы 100-ге толды!

Соғыс және еңбек ардагері, 1945 жылы Мәскеуде Қызыл алаңда өткен Жеңіс шеруіне қатысқан жеңіс сарбазы  Гапич Иван Степанович 1923 жыл  2 ақпанда  Ақмола қаласында туған. Өзінің 35 жылдық прокурорлық еңбек өтілін  Қарағанды қаласында бастап, Батыс Қазақстан облысында аяқтаған. 1986 жылдан бері құрметті еңбек демалысында. Ол  – бірнеше орден-медалдің иегері. Майдандағы ерлігі үшін Қызыл Жұлдыз, үшінші дәрежелі Даңқ ордендері мен «Ерлігі үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарын өңіріне тақса, бейбіт өмірде «Құрмет» пен ІІ  дәрежелі «Даңқ» орденімен, І, ІІ, ІІІ дәрежелі«Мінсіз қызметі үшін» медалімен және «Прокуратураның құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталған.  

A8C71E8E-9CB2-4D02-8A5C-6050C742115A

Кеше «Атамекен» өнер ордасында өңіріміздің, тіпті күллі қазақ елінің тарихына алтын әріптермен айшықтап жазуға тұратын ізгі іс-шара өтті. Небір жақсылар мен жайсаңдардың басын қосқан бұл жиын соғыс және еңбек ардагері, Орал қаласы мен Батыс Қазақстан облысының құрметті азаматы, прокуратура құрылымдарының құрметті қызметкері Гапич Иван Степановичтің 100 жасқа толуына арналды. Сән-салтанаты келіскен аталған мерейтойлық іс-шараны облыстық прокуратура ұйымдастырып, оған облыс әкімі Нариман Төреғалиев пен Астана төрінен келген құрметті меймандар қатысты.

7878E638-FC80-40E7-AB68-9B1D913924E4

Ең алдымен сөз алған облыс прокуроры Серік Шалабаев Иван Степановичтің өнегелі өмір өткелдеріне аз-мұз тоқтала келіп, өңіріміздің ортақ мақтанышына айналған ардақты азаматтың ғасырлық тойына ортақтаса келген жандардың баршасына ризашылығын білдірді. Одан кейін көпшілік назарына майдангердің жүріп өткен жорық һәм еңбек жолдарынан сыр шертетін бейнебаян ұсынылды. Әрі ардагердің ғұмыр-дариясы баяндалған  «Человек чести и долга» атты кітаптың тұсаукесері өтті.

4DC3FBAD-15B9-4F8B-83D4-35FCDEAAA9B2

Келесі кезекте ҚР Президенті әкімшілігі мен Бас прокурордың арнайы тапсырмасы бойынша Елордадан келген ҚР Бас прокуроры аппаратының басшысы Ғалымжан Қойгелдиев ардагер И. С. Гапичке Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғысхатын табыстады.

548CDF64-6116-4DFC-AAEE-38CB2B99BFF5

– Ардақты ағайын, бүгін осы жерде отырған үлкен-кішіміз үшін ерекше күн. Бұл басқосудың мән-маңызы мен тәлім-тәрбиесін сөзбен айтып жеткізудің өзі қиын. Небір қиын-қыстау кезді бастан кешіп, Отан үшін от кешкен аға ұрпақтың өкілі, қиын да құрметті, ауыр да абыройлы қызметімен ел-жұртына танылған Иван Степанович ортамызда отыр. Біз өзіңізбен мақтанамыз, туған еліңіздің абырой-даңқын арттыруға қосқан үлесіңіз ешқашан ұмытылмайды. Деніңізге саулық, сарқылмас күш-қуат тілейміз, – деген өңір басшысы Нариман Төреғалиев ардагерге шапан кигізіп, Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновтің құттықтаухатын табыстады.

C4BEE4CF-534B-4DAC-A940-B20C6553B2CD

Өз кезегінде Бас прокуратураның кадр жұмысы бойынша департаментінің басшысы Мұрат Тілеубердиев, прокуратура құрылымдары ардагерлер кеңесінің төрағасы Әсет Әділхан, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Берген, тағы басқа меймандар той иесіне шынайы лебізін білдіріп, өзіндік сый-сияпаттарын тарту етті.

EBDFC19B-FD19-4FFF-BE08-E7371968DB42

Іс-шара соңында Иван Степанович осындай жиын ұйымдастырған барша жерлестеріне шексіз ризашылығын айта келіп, алыста қалған жастық шағынан, алғашқы еңбек баспалдақтарынан, қызметтес болған адамдар өмірінен тебірене сыр шертті.

0FA49B98-E5A0-4D6C-98ED-66A02CF70E13

Ғасыр той! Ал сол күнге адамдық болмысын асқақ ұстап, ұрпағына ұлағатты үн қатып, қариялық қадір-қасиетіне кір жұқтырмай жетіп отырған майдангер азамат Иван Степановичтің ғұмырынан түйер тағылым мол.

Бауыржан Бисенов,

zhaikpress.kz 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале