9.05.2021, 17:52
Оқылды: 47

Жеңіс сыйлағандарға құрмет

Бүгінгі Ұлы күн – Жеңіс күнін оралдықтар да атап өтті. Карантинге байланысты салтанатты жиын, мерекелік концерт болмаса да, Ұлы Отан соғысы жауынгерлеріне арналған ескерткіштерге гүл шоқтары қойылды. Өнерпаздар ардагерлердің үйлерінің алдында майдан әндерін шырқап, мерекелік көңіл күй сыйлады. 

 мән 00

Бұл күні алдымен қазақтың үш батыр қызының рухына тағзым етілді. Кеңес Одағының батырлары Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова және Халық Қаһарманы Хиуаз Доспановаға арналған «Қазақтың батыр арулары» ескерткішіне гүл шоқтарын қойған оралдықтар олардың ерлігі ел жүрегінде екенін атап өтті.

мән 3

– Жеңіс күнінің мән-мазмұнын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Оның қадір-қасиеті ұрпақтан-ұрпаққа ананың сүтімен, әкенің қанымен дарыса керек. Алайда соғыстың салдары оңай болған жоқ. Қалалар қирап, өндіріс тоқтап, түрлі қиындық туындады. Бірақ халықтар арасындағы  ынтымақ, достық зұлмат жылдардың зобалаңын ұмытып, қиындықты жеңуге серпін берді. Бүгінгі бейбіт тұрмысымыздың іргесі берік, аспанымыз ашық болсын деп тілеймін, - деп жүрекжарды тілегін білдірді «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешенінің құрылтайшысы, ҚР Ұлттық инженерлік академиясы БҚО филиалының төрағасы, БҚО қоғамдық кеңесінің хатшысы Ақсерік Әйтімов.

Гүл шоқтарын қою рәсіміне қоғамдық ұйымдар да атсалысты.

мән 22

«Жер бетінде әрдайым бейбітшілік, халықтардың достығы бекем болсын деп тілеймін. Біз батыр қыздарымыздың жеңіс сыйлаған ерен ерлігі үшін алғысымызды айтамыз. Оларды балаларымызға, немерелерімізге үлгі етеміз және әрдайым құрметтеуге үйретеміз», - деді «Жайық дауысы» ҚБ төрайымы, Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі Қадиша Мұқанова.

Сонымен бірге түрлі қоғамдық бірлестіктер, ұйымдар соғыс кезінде Орал қаласындағы әскери госпитальда қаза тапқан жауынгерлер жерленген бауырластар зиратына, Кеңес Одағының Батыры Темір Масин, Кеңес Одағының маршалы Георгий Жуковтың ескерткішіне және «Ол күндердің даңқы өшпейді» мемориалына гүл шоқтарын қойды.

Жеңіс алаңында ұлы күннің жарқын жыры шарықтап, жауынгер-ардагерлердің рухын асқақтатқан көрініске куә болдық. Мұнда да елдегі індетке байланысты аса көп халық жиналмады. Алайда майдан даласынан оралмаған әкесі не ағасын, атасы мен туысын еске алып, ерлердің рухына тағзым ете келгендер бар екен. Олар Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойып,  жауынгерлердің есімдері  жазылған ескеткіш тақтаның жанында сырласып, мұңдасқандай еді. Солардың бірі – Ибраева Рая есімді әже.

6

«Бұл тақтада әкем Жұма Ибраев пен әпкемнің күйеуі Хакім Ахметғалиевтің, мамамның ағасы Жанша Литуповтың есімдері жазылған. Мен Теректі ауданындағы Подстепное ауылында дүниеге келдім. Қазір Оралда тұрамын. Әкем ағам екеуміз кішкентай кезімізде, ұмытпасам 1942 жылы соғысқа кеткен. 1944 жылы ауыр жараланып, майданда қаза тапқан. Жыл сайын 9 мымыр күні осы жерге келіп, тағзым етемін», - дейді әкеге деген ыстық ықыласын жеткізген кейуана.

2

Бұл күн соғыс ардагерлерінің жастық шағы өткен отты жылдарды, майдандастарын еске түсіреді. ҰОС-ның ардагері Вениамин Скаленко Мәңгілік алау жанында майдандас-замандастарын есіне алып, рухына тағызм етті.

8

– Соғыс және тыл ардагерлерін Ұлы Жеңістің 76 жылдығымен құттықтаймын. Бұл күн тек мейрам емес, бұл – қайғы-қасірет күні. Өйткені 27 млн адамды жоғалттық. Әрине бұл тек ресми тіркелгені ғана. Кеңес халқы Батыс Европаны қорғап, сұм фашистерді жеңді. Гитлер Кеңес Одағын көп ұлтты, халқының басы бірікпейтін мемлекет деп ойлады. Бірақ сол кездегі біздің елдің біртұтас, еңбекқор халық екенін білмеді. Одақтас елдер жан-жақтан жұмылып, Жеңісті жақындатуға бірауыздан үлес қосты. Мен жастарды бейбітшілікті сақтауға, тату болуға шақырамын. Бірлесіп еңбек етіп, экономиканы көтеріңдер дегім келеді. Біз біртұтас, тату, берекелі Қазақстанда тұрамыз. Болашақта да осындай бейбіт тұрмыс болсын. Ең қымбат нәрсе – бейбітшілік, - деді ардагер Вениамин Пантелеевич.

5

Жеңіс алаңындағы Мәңгілік алауға «Ауған соғысы мүгедектері және ардагерлерінің Батыс Қазақстан облыстық қоғамы» қоғамдық бірлестігінің мүшелері де гүл шоқтарын қойды.

«Жеңіс күні аталарымыздың қанымен, ерлігімен келген күн. Қаншама боздақ майдан даласында опат болды. Бүгінгі ұрпақ қантөгіспен, қыршынынан қиылған өмірдің арқасында келген бейбіт күннің қадір-қасиетін ұғынып, қастерлеуі керек», - деді аталмыш бірлестік төрағасының орынбасары Анатолий Боровский.

4

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Бергеннің айтуынша, бүгінде 28 ардагер облыс орталығында, 10-ы аудандарда тұрады. Жеңіс күніне орай биыл соғысқа қатысушыларға 1 млн теңгеден қаржылай көмек бөлінді. Ал тыл ардагерлеріне 120 мың теңгеден және коммуналдық қызметтерді төлеуге қолдау көрсетіледі.

1

«Бұл соғыста тек ер азаматтар емес, әйелдер де Кеңес Одағының батыры атанды. Олардың арасында біздің қазақтың қаракөз қыздары Мәншүк, Әлия және Хиуаз да бар екенінін мақтан етеміз. Әрине біз ардагерлерге көмек көрсетіп қана қоймай, олардың жанқиярлық ерлігін, отаншылдығын әрдайым құрметтеуіміз керек», - деді ол.

3

Мереке күнгі іс-шара Ұлы Отан соғысы ардагерлері тұратын үйлердің аулаларында жалғасты. Майдангерлер Жастар Мәдениет үйі, Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театры, Жастар шығармашылық орталығы сынды өзге де мәдениет ошақтары өнерпаздарының өнерін балконда тұрып тамашалады.

үй1

Мәселен, Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония әртістері Алевтина Митрохина мен Сағызбай Серекешевтің үйінің алдында майдан әндерін шырқап, ардагерлердің батасын алды.

Айта кету керек, М.Абаков, В.Аникин, И.Болтанов, Г.Чуб және Оралда тұратын басқа да майдангерлердің үйінің қасында осындай мерекелік шағын іс-шара өтті.

үй2

үй3

 

Айна Имашева,

zhaikpress

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале