31.08.2022, 11:45
Оқылды: 22

Жеңіс жалғаса бергей!

Өткен жұма күні Оралдың «Ақжайығы» өз алаңында Атыраудың «Атырауын» жеңіп,  жанкүйерлерін мәре-сәре қуанышқа бөледі. 

13

Есепті ойынның сегізінші минутында оралдықтардың №10-ойыншысы Артур Газданов ашты. Арада 12 минут өткенде Тома Табатадзе (№22) екінші голды салып, есепті еселеді. Осыдан кейін біздің жігіттер арқаны кеңге салып, жағалары жайлауда кейіпте жүріп алғандай әсер қалдырды. Ал қарсылас команда әлгіндей босаңсуды мүлт жіберген жоқ. Атыраулық Петр Гжельчак (№10) кездесудің 33-минутында ала допты «Ақжайықтың» қақпасында тулатты. Абырой болғанда бірінші кезеңнің соңына таман Т. Табатадзе тағы бір гол салып, жергілікті жанкүйерлердің көңілінде қоюлана бастаған күдік-күмәнді сейілткендей болды.

14

Үзілістен кейін атыраулықтар дүркін-дүркін шабуылдап, доп айырмасын барынша қысқартуға тырысып бақты. Біздің қақпаның алдындағы сондай қарбалас сәттердің бірінде алтыншы нөмірлі оралдық қорғаушы Сергей Шустиков өкінішке орай, аутоголдың ауторы атанды. Осыдан кейін саналарында әрине, ең алдымен жеңіске, ал нағыз болмаса, тең ойынға деген үміт оты маздаған атыраулықтар атқа қамшы басты. Бірақ біздің жігіттер сәтті қорғана жүріп, шабуылдың шоғын көсеуді де ұмытпады. Сондай сәттердің бірінде оралдық Оралхан Өміртаев (№17) атыраулықтардың қақпасына төртінші голды соғып, қарсыластарының салын суға кетірді. Осылайша 4:2 есебімен Оралдың «Ақжайығы» өз алаңында жеңіс туын желбіретті. Тура осы жеңістің нәтижесінде біздің команда оныншы орынға көтеріліп, көштің соңынан әжептәуір  ұзады.

Бақытжан Ғабдуллин,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале