8.04.2025, 11:45
Оқылды: 197

Жеңісті біздің әулеттен үш арыс жақындатты

Ұлы мейрам  –  Жеңістің  80  жылдығының  қарсаңында  бізге  ашық  аспан,  бейбіт  өмір  сыйлаған  аталарымыз  бен  әкелеріміздің  қаҺармандық  ерлігіне  бас  иіп,  көзімізге  жас  ала  отырып,  тағзым  етеміз.

baf12a51-aaff-4d7e-af74-fdf64164915c

Біздің әулеттен Ұлы Отан соғысында Жеңіс күнін жақындатуға біз үшін орны алабөтен үш адам үлес қосты. Ол менің – атам Хами Жүсіпқазиев. Атам елге оралмады, майданда ерлікпен қаза тапты.
Оның аты-жөні қаламыздағы Мәңгілік алаудың жанындағы мемориалдық тақтаға қашалып жазылған. Украин майданының сарбаз-сардарларының қатарында атамның бауыры Шалмен Жүсіпқазиев соғысқа қатысты, оның әскери атағы аға сержант еді. Ол сұрапыл соғыстағы ерлігі үшін бірінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен марапатталды. Қан майданнан Жеңіспен оралған соң елге келіп, Қаратөбе ауданының шаруашылықтарында агроном болып қызмет істеп, бейбіт еңбекке де үлесін  қосты.

Хами Жүсіпқазиевтің ұлы, менің әкем Далабай Хамиев те Ұлы Отан соғысына қатысты. Ол 1921 жылы жарық дүниеге көрінген. Әкем әскери міндетін өтеуді 1942 жылдың 21 қаңтарында бастаған,  әскери  шені –  аға лейтенант.

WhatsApp Image 2025-04-08 at 12.39.14

Жан алып, жан беріскен қырғын шайқастардың бірінде әкем қолынан жараланып, Ленинград қаласының аумағындағы №1486 госпитальде емделген. Емделіп шыққан соң сұрапыл соғысқа қайта кірген. Жолсыз, жыртылған жерлермен аяғында байпақ, үстінде шолақ тонмен күніне 40 шақырым жылжып отырған. Ол құрамында болған полк Днепр, Прут өзендерінен шабуылмен өтіп, Румыния аумағына кірген. Бұл полк Румыния және Польша жеріндегі соғыс қимылдарына қатысып, Польшаның астанасы Варшаваны және басқа қалаларын азат етіп, кейін Германия аумағында шайқасқан. Әкемнің әскери бөлімі Сталинградты азат етуге қатысып, неміс-фашистерді жоюға зор үлес қосты. Советтік және шетелдердің біраз елді мекендерін азат етудегі ерлігі үшін ержүрек жауынгер Далабай Хамиевке командирлері бірнеше рет алғыс жариялаған. Бұл әскери бөлім Берлинге жетіп неміс әскерлерінің Берлин тобын жоюға және фашистік Германияның астанасы Берлинді  алуға  қатысты.

Жарты әлемді фашизмнен құтқарудағы ерен ерлігі үшін жан әкем I дәрежелі Ұлы Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз ордендерімен және «Берлинді алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске – 20 жыл», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске – 30 жыл», «КСРО-ның қарулы күштеріне 50 жыл», «КСРО-ның қарулы күштеріне – 60 жыл», «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталды.

WhatsApp Image 2025-04-08 at 12.38.42

Әскерден оралған соң әкем 1946 жылы Орал педагогикалық институтының тарих факультетіне оқуға түсіп, бірақ үшінші курсты аяқтаған соң жанұя жағдайына байланысты оқуын жалғастыра алмады. Қаратөбе ауданының Каганович орта мектебінде тарихтан сабақ беріп, кейін Қаратөбе ауданының Қоскөл қой совхозының орталық қоймасында меңгеруші болып зейнетке  шықты.

Зейнетке шыққан соң әкем жеңіс сарбазы ретінде Ұлы Отан соғысына арналған мектепте, шаруашылықта, ауданда өткен салтанатты шараларға белсенді қатысып, жас ұрпақты отаншыл бағытта тәрбиелеуге атсалысты. Әкем марқұм немерелерін жанындай жақсы көретін, оларға бейбіт күннің, бейбіт заманның қадірін білу жөнінде жиі әңгімелейтін. Әкемнің тағдыры мен өмір жолы – маған, менің інілерім мен қарындастарыма және барлық туыстарымызға қашанда үлгі. Әкем өте бауырмал адам болатын, кіндіктен жалғыз болғандікі болар деп те кейде ойлаймын. Ешкімнен қамқорлығын аямайтын. Шалмен көкемді туған ағасындай қатты сыйлайтын, оны айтып отырған себебім, көкем дүние салғанда Егіндікөл совхозының Тұщықара дейтін бөлімшесінде тұратын. Ал мезгіл болса, наурыз айы сең жүріп жатқан кез еді, ауыл адамдары Тұщықараға жерлейік, арғы бетке өткізе алмаймыз деген екен. Далабай әкеміз болмай, аттың көмегімен бергі бетке өткізіп, Егіндікөлге жерлепті. Қазір ойлап қарасам, қандай ақылды шешім жасаған. Бертін келе Тұщықара фермасы жабылды, орнында бірде-бір үй жоқ, жол қазірде екі бастан жоқ. Өзіміз ара-тұра Егіндікөлге барған кезде зиратқа соғып, Құран  бағыштап  кетеміз. Бүгінгі таңда облысымызда Ұлы Отан соғысының 9 ардагері ғана қалыпты.

Иә, жеңімпаздар күн санап азайып барады. Ал олардың ерлі-гін қастерлеу – бізге, бізден кейінгілерге де өмірлік борыш, мәңгілік  парыз!

Майдангердің ұлы Мәлік Шалменов,

ветеринария ғылымдарының  докторы, профессор,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале