25.11.2025, 15:30
Оқылды: 168

Жер – басты стратегиялық ресурс

Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті  мәселелер  және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер  арқылы  шешу» атты биылғы Қазақстан халқына арнаған  Жолдауында жер  қатынастары  мәселесіне арнайы тоқталды.  Онда: «Жер – стратегиялық ресурс.  Оның бар игілігі  елді дамытып,  халықтың  тұрмысын жақсартуға арналуы керек.  Әкімдер қайтарылған жердің бәрін  келесі  жылдың  ортасына  дейін тұрақты  айналымға  енгізу керек», – деп  атап  көрсеткен болатын.

жп казах виллидж казталов (3)

2025 жылғы 11 айдың қорытындысына сәйкес облыста 2022 жылдан бастап бүгінге дейін 747 мың гектар пайдаланылмаған немесе заңсыз алынған ауыл шаруашылығы жері мемлекет меншігіне қайтарылды. Оның ішінде 463 мың гектар жер қайтадан айналымға енгізіліп, ауыл шаруашылығымен айналысамын деген азаматтарға бөлінді. Ал 284 мың гектар қосалқы жер қорында қалып отыр. Алдағы уақытта бұл жерлерді де қайта айналымға шығару үшін аудандық және қалалық әкімдіктермен жүйелі  жұмыс  жүргізіледі.

Президент атап өткендей, жер тек қана оның қадірін білетін азаматтарға берілуі тиіс. Өкінішке қарай, тәжірибе көрсетіп отырғандай, қолында бірнеше жер учаскесі бола тұра, жаңа конкурстарға қатысып, жерді мақсатсыз пайдаланатындар, уақыт созып соттасатындар, тіпті жерді басқаға сату үшін ғана ұстап отыратындар да бар. Мұндай әрекеттер ауыл шаруашылығының дамуына кедергі келтіреді. Сонымен қатар кейбір шаруалар өздеріне берілген жердің көлемін ескермей, мал басын шамадан тыс көбейтіп, содан кейін жайылым жетпейді деп шағымданады. Мұның барлығы – жерге деген жауапсыздықтың  көрінісі.

Айта кету керек, Қазақстанда жер ресурстарын тиімді басқару үшін заманауи цифрлық технологиялар кеңінен қолданылып келеді. «Жер кодексінің» 159-бабына сәйкес жер мониторингі қашықтықтан зондтау арқылы жүзеге асырылады. Ғарыштық бақылау және электрондық кадастр жүйесі пайдаланылмай жатқан жерді дер кезінде анықтап, оны мемлекет меншігіне қайтаруға мүмкіндік беруде.

Сондай-ақ Президент тапсырмасына сәйкес жерді бөлу барысында ашықтықты қамтамасыз ету үшін электрондық конкурстар енгізіледі. Бұл тәсіл жер қатынастары саласында әділдікті арттырып, заңсыз әрекеттердің алдын алуға ықпал етуде. Алдағы уақытта спутниктік мониторинг пен жасанды интеллект технологиялары да кеңінен қолданылады.

Қандай салада болмасын алынған жерді  мақсатына сай пайдалану әрбір азаматтың ұстанатын қағидасы  болуға тиіс.

Нұржан Мақсотов,

облыстық  жер  қатынастары  басқармасының  басшысы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале