22.09.2025, 12:30
Оқылды: 247

Жер – біздің басты стратегиялық ресурсымыз

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында жер қатынастары мәселесіне арнайы тоқталып: «Жер – стратегиялық ресурс. Оның бар игілігі елді дамытып, халықтың тұрмысын жақсартуға арналуы керек. Әкімдер қайтарылған жердің бәрін келесі жылдың ортасына дейін тұрақты айналымға енгізу керек» деп атап өткен болатын.

Снимок экрана 2025-09-22 123154

15 қыркүйек 2025 жылғы мәліметке сәйкес, Батыс Қазақстан облысында 2022 жылдан бастап бүгінге дейін 720 мың гектар пайдаланылмаған немесе заңсыз алынған ауыл шаруашылығы жерлері мемлекет меншігіне қайтарылды. Оның ішінде 462 мың гектар қайтадан айналымға енгізіліп, ауыл шаруашылығымен айналысамын деген азаматтарға бөлініп берілді. Ал 258 мың гектар босалқы жер қорында қалып отыр. Алдағы уақытта бұл жерлерді де қайта айналымға шығару үшін аудандық және қалалық әкімдіктермен жүйелі жұмыс жүргізілмек.

Президент атап өткендей, жер тек қана оның қадірін білетін азаматтарға берілуі тиіс. Өкінішке қарай, тәжірибе көрсетіп отырғандай, қолында бірнеше жер учаскесі бола тұра, жаңа конкурстарға қатысып, жерді мақсатсыз пайдаланатындар, уақыт созып соттасатындар, тіпті жерді басқаға сату үшін ғана ұстап отыратындар да бар. Мұндай әрекеттер ауыл шаруашылығының дамуына кедергі келтіреді. Сонымен қатар кейбір шаруалар өздеріне берілген жердің мүмкіндігін ескермей, мал басын шамадан тыс көбейтіп, кейін жайылым жетпейді деп шағымданады. Мұның бәрі жерге деген жауапсыздықтың көрінісі.

Айта кету керек, Қазақстанда жер ресурстарын тиімді басқару үшін заманауи цифрлық технологиялар кеңінен қолданылып келеді. «Жер кодексінің» 159-бабына сәйкес, жер мониторингі қашықтықтан зондтау арқылы жүзеге асырылады. Ғарыштық бақылау және электрондық кадастр жүйесі пайдаланылмай жатқан жерді дер кезінде анықтап, оны мемлекет меншігіне қайтаруға мүмкіндік беруде.

Сондай-ақ Президент тапсырмасына сәйкес, жерді бөлу барысында ашықтықты қамтамасыз ету үшін электрондық конкурстар енгізіледі. Бұл тәсіл жер қатынастары саласында әділдікті арттырып, заңсыз әрекеттердің алдын алуға ықпал етуде. Алдағы уақытта спутниктік мониторинг пен жасанды интеллект технологиялары да кеңінен қолданылатын болады.

Қандай салада болмасын, алынған жерді  мақсатына сай пайдалану - әрбір азаматтың ұстанатын қағидасы болуға тиіс.

Нұржан Мақсотов,  

БҚО жер қатынастары басқармасының басшысы 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале