12.11.2025, 11:15
Оқылды: 167

Жер дауы: сот шешімі орындала ма?

Газет редакциясына Жаңақала ауданындағы «Бірлік мал зауыты» ЖШС директоры Қанат Ешимов (суретте) келіп, жерге қатысты мәселесін айтты. Бұл азамат «Соттың шешімі неге орындалмайды?» деген сұрағын алға тартты. Ендеше, бұл қандай мәселе, нендей шешім? Сот болған соң екі тарап бар. Сондықтан екі жақтың да пікірін тыңдап көрдік.

канат ешимов

2022 жылы елімізде заңсыз жеке меншікке өткен  және пайдаланылмай жатқан жерді мемлекетке қайтару мақсатында «AMANAT» партиясының жанынан «Жер аманаты» комиссиясы  құрылды. Жер-жерде жер мәселесіне байланысты жиналыстар өтіп жатты. Бұл науқаннан Жаңақала ауданы да сырт қалған жоқ. Осы комиссия өткізген кезекті бір жиында кейбір тұрғындар «Бірлік мал зауыты ауылдық округтегі бүкіл жерді иеленіп отыр, халықтың малы жайылатын жер жоқ, шаруа қожалық ашқысы келетіндерге де жер жетпейді» деген мәселе көтерген. Серіктестік директоры Қанат Мұхтарұлының айтуынша, жиналысқа аудан прокуроры, «Shopan ata» ұлттық қой өсірушілер қауымдастығының өкілі, аудан әкімінің орынбасары да   қатысқан. «Бірлік мал зауыты» ЖШС 2003 жылы тұрғындардың малы жайылуы үшін иелігіндегі 10 870 гектар жерді берген. Кейін «Бірлік мал зауытының» құрылтайшылары ақылдасып, 9 000 гектар жерді тағы да ұсынған. Ал бұл жер бұрын малшылар отырған қыстақтың орындары дейді. Яғни онда серіктестіктің есебінде тұрған үйлер бар.

– Жоғарыда айтқан 9 000 гектардан басқа 14 000 га жерді тұрғындарға шаруашылық ашу үшін ұсындық та, мал бағатын жерді босатуды сұрадық. Біршама адам өз еркімен өзге ауылдарға көшіп кетті. Кейбіреуі қожалық ашты. Ал Саралжын деген қыстақта отырған Жасқайрат Нәсіпқалиев деген азамат біз берген жерді аламын деп жүрді де, жеме-жемге келгенде бас тартты. Енді мал жайылатын жерде қоныстанып отыр. Кейін бұл азамат «Әділдік жолы» РҚБ БҚО филиалының заңгерлеріне жүгініп, біздің ісімізге қарсы шықты. Заңгерлердің дұрыс және бұрыс іс-әрекеттерінің кесірінен сот шешімі орындалмай отыр. Дұрыс дейтінім, ол азаматтың заңгерге жүгінуге құқы бар. Ал бұрыстығы, олар сот орындаушының атқарушылық ісіне қайта-қайта арыз жазып, уақыт созып, шешімді орындауға мүмкіндік бермей отыр. Осы әрекетті бір емес, бірнеше рет қайталады. Осылайша сот шешімі орындалмай қалды. 2023 жылы соттың ұйғарымы шығып, бұл азаматты 2024 жылдың 20 мамырына дейін өзімен тұратын адамдармен және жеке меншігіндегі малымен бірге босатуды міндеттеді. Бірақ бұл шешім орындалған жоқ. Одан соң былтыр 4 қазанда тағы да сот отырысы болды. Онда Нәсіпқалиевтің заңгерлерінің аппеляциялық тәртіппен шағымданып, сот шешімін орындау 2025 жылдың 1 мамырына қалдырылды. Бірақ сот шешімі әлі орындалмады. Сот орындаушының жұмысына кедергі келтіріп отыр. Менің айтайын дегенім, сонда сот шешімінің салмағы жоқ па? Аудан әкімі мен ауылдық округ әкімдерінің де жерді босату жөнінде жазған хаттары бар. Бұл азаматқа айыппұл да салынды. Менің мақсатым біреуді қаралау емес. Сот мәселені жан-жақты тексерген соң барып шешім шығарады ғой. Ал неге бұл азамат сот шешімін орындамайды? Әділдік неге орнамайды? – дейді Қанат Мұхтарұлы.

Осы дау бойынша аудандық соттың ұйғарымы негізінде БҚО жеке сот орындаушылары өңірлік палатасының сот орындаушысы Лилия Шатимова атқарушылық іс жүргізуді қозғаған. Сондықтан сот орындаушымен де сөйлестік. Оның айтуынша, Жаңақала аудандық соты 2023 жылдың 7 желтоқсанында борышкер Ж. Нәсіпқалиев өзімен бірге тұратын адамдармен және мал-мүлігімен Саралжын қыстағындағы №2 тұрғын үйдің 2-пәтері мен қора-қопсысын 2024 жылдың 20 мамырына дейін босатуы тиіс деген ұйғарым шығарған. Бірақ бұл ұйғарым орындалмаған. Қос азаматтың арасындағы дау-дамайға қатысты атқарушылық іс жүргізу 2024 жылдың 2 қыркүйегінде Жаңақала аудандық сотының атқару парағы бойынша қозғалыпты.

– Борышкер, яғни Нәсіпқалиевтің айтуынша, оның әкесі осы қыстақта 1984 жылдан бастап мал баққан. Қазір өзі ата кәсіпті жалғастырып келеді. Бүгінде оның мыңға жуық малы, төрт баласы мен жұбайы бар. Балаларының екеуі кәмелетке толған. «Әкемнің жұмысын мен жалғастырдым. Әзірге бұл жерді тастап кете алмаймын. Себебі малымды апаратын не қора, не жерім жоқ», – деді борышкер. Мен «Саралжын» қыстағына үш рет барып келдім. Борышкерге үстінен атқарушылық іс жүргізу қозғалғаны жөнінде хабарлама да берілді. Яғни үй мен жерді босатуы қажет. Тексеріс барысында қыстақтағы үйдің және жайылымның оның меншігі емес екені анықталды. Ол жердегі қорасы да заңсыз салынған. Қолында жер мен үйдің өзінікі екенін дәлелдейтін ешбір құжат жоқ. Бірлік ауылында Нәсіпқалиевтің үйі бар, бірақ мал ұстайтын қорасы жоқ, – деді сот орындаушысы.

Лилия Шатимованың мәліметінше, «Атқарушылық  іс жүргізу және сот орындаушылардың мәртебесі туралы» заң бойынша борышкерден ақша өндіру қажет болса, екі ай, ал мүліктік емес  атқарушылық іс жүргізуге төрт ай уақыт қарастырылған. Сондықтан борышкерге төрт айға дейін уақыт берілген. Кейін оның екі өкілі облыстық сотқа шағымданып, соттың ұйғарымын орындауды кейінге қалдыруға шағымданған. «Осы кезде екі тарап өзара келісімге келді. Яғни борышкер малын басқа шаруашылықтың жеріне көшіргенше атқарушылық істі кейінге қалдыратын  болды. 2024 жылдың желтоқсан айынан 2025 жылдың 1 мамырына дейін атқарушылық құжатты орындау кейінге қалдырылды. Облыстық сот ұйғарым шығарды. Алайда биыл мамырда борышкер сөзінен айнып қалды. Атқарушылық құжатты әзірге орындай алмайтынын жеткізді. Кейін мен сот орындаушы ретінде 23 шілдеде қыстақты босату жөнінде атқарушылық құжат тағайындалды. Бірақ сол күнге бір күн қалғанда Жаңақала аудандық прокуратурасының сұратуымен атқарушылық іс жүргізу құжаты прокуратураға жолданды. Мен тағайындаған іс-әрекет тоқтап қалды. Осылайша атқарушылық құжат екінші рет тоқтатылды. Үшінші рет борышкерге 8 тамызда қыстақты босату жөнінде ұйғарым шығарылды. Осы кезде борышкер мен оның өкілдері облыстық әкімшілік сотқа менің бұл іс-әрекетіме шағым түсірді. Яғни борышкерді үйден шығармасын деп отыр. Бірақ сот шешімі шығып, олар жазған арыздарын қайтарып алды. Күні бүгінге дейін сот шешімі орындалған жоқ. Қазір аудандық соттың атқару парағын орындамағаны үшін әкімшілік құқықбұзушылық  жөнінде материалдар жіберіледі. Биыл 8 тамызда борышкерге және оның өкілдеріне егер атқару парағы қыркүйек айының 18-іне дейін орындалмаса, әр өткен күн үшін мемлекет пайдасына өсімпұл өндіру туралы сотқа жүгінетініміз туралы хабарлама берілді. «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушылардың мәртебесі туралы» заңның 104-бабы осыны талап етеді. Аудандық сотқа борышкерден атқарушылық іс жүргізуді кейінге қалдыру жөнінде тағы да арыз түскен», – деді Лилия Сәлімжанқызы.

Осы ретте Жаңақала ауданына қарасты Бірлік ауылдық округінің әкімі Ерболат Жақашевті сөзге тарттық. Ол да азаматтық іс бойынша дау болып жатқан қыстақ жері бұрын «Бірлік мал зауыты» ЖШС-ның иелігінде болғанын айтып отыр. Аталған серіктестік жекенің малы жайылуы үшін 2023 жылы ауылға іргелес жерден 9 000 және 14 000 гектарды иелігінен шығарған.

– Жердің мақсатын жайылымдық жерге ауыстырып, халықтың пайдалануына берді. Бұдан бөлек, шаруа қожалығын ашамын деген азаматтарға 500-1 000 гектардан жер бөліп берді. Соның арқасында 14 шаруа қожалығы ашылды. Ал ауыл іргесінен босатылған жерде осы серіктестіктің малшылары отырды. Олар мал-мүлкін жинап алып, қыстақты босатуға тиіс еді. Алайда Ж. Нәсіпқалиев қыстақтан көшпей отыр. Бұл азаматпен жеке де сөйлестім, құжат түрінде де ескертілді. Бірақ нәтиже жоқ. Себебі қыстақ жерін қожалық ашу үшін жекешелендіріп алғысы келеді. Кезінде оған да өзгелер секілді қожалық ашуға жер ұсынылды. Алайда ол «Бірлік мал зауыты» ЖШС шаруашылық ашуға берген  жерден бас тартып отыр. Кезінде бұл жер ауылдың халқы пайдаланатын жайылым ретінде ұсынылған соң оны бір адамның иелігіне беріп қоя алмаймыз. Ал қыстақтағы үй осы ЖШС-ның жеке меншігінде, – деді әкім.

Біз екінші тараптағы азамат Жасқайрат Нәсіпқалиевке хабарласқан едік. Алайда ол өзінің заңгерлерімен сөйлесуді ұсынды. БҚО Заң консультанттар палатасы заңгерлерінің сұрауы бойынша ресми сауал жолдап, жауап алдық. Олардың мәліметінше, былтыр жазда Жаңақала ауданының Бірлік ауылы «Саралжын» қыстағында тұратын бұл азамат заң кеңесіне барған. Өзінің осы қыстақта 1984 жылдан бері тұратынын, қазір жұбайы екеуі төрт бала тәрбиелеп отырғанын, мал бағып, жеке шаруамен айналысатынын айтқан. Бұл қыстақта әке-анасы да тұрып, совхоздың малын баққан.

«Қыстақтағы үйдің құжаттары өздерінде бола тұра, «Бірлік мал зауыты» ЖШС ол үйді жекешелендіріп алғанын білген. Соған байланысты аталған ЖШС 2023 жылы осы үйді босату жөнінде сотқа талап-арызбен жүгінген. Сот барысында ЖШС-ның басшысы Қ. Ешимов Ж. Нәсіпқалиевке жолығып, татуласу туралы келісіміне (үйді өз еркімен босату жөнінде) қол қойдырып алған. Алайда Ж. Нәсіпқалиев ол құжатқа қол қойған кезде нақты қандай құжатқа қол қойғанын білмегенін, тек Қ. Ешимовтың айтуы бойынша «осы үйді басқа да малшылар сияқты пайдалану үшін келісімшарт» деп айтқан соң қол қойғанын айтқан. Яғни бір жылдан соң алданып қалғанын білген. Соған байланысты сот шешімімен келіспейтінін айтып, жанұясымен бірге тұрып жатқан баспанасын босатып беру заңсыз деп есептеп, бізден көмек сұрады. Соған байланысты, заң шеңберінде біз Ж. Нәсіпқалиевтің және оның жанұясының Конституцияда көзделген құқықтарын қорғау мақсатында бірінші кезекте «Бірлік мал зауыты» басшысы Қ. Ешимовпен кездестік. Ауыл және аудан әкімдерінің жеке қабылдауларында болдық. Содан соң ғана бірнеше рет талап-арызбен сотқа жүгіндік. Қазіргі таңда Ж. Нәсіпқалиевтің тарапынан жазылған арыз бойынша Жаңақала аудандық сотында бір іс қаралуда. Сонымен қатар Ж. Нәсіпқалиевтің зайыбы Балаусаның атынан жазылған екінші іс те сотта қаралуда. Екі іс те аяқталған жоқ. Осылайша, негізсіз сот актісі мен атқарушылық істің нәтижесінде дау туындап отыр» делінген Жасқайрат Нәсіпқалиев пен жұбайы Балауса Нәсіпқалиеваның заңды өкілдері Бауыржан Ахметжан және Сәлім Нұржанның берген жауабында.

Қос тарап та тыңдалды. Соттың шешімі де бар. Құқықтық мемлекетте әділдік қана үстемдік құрады деген сенімдеміз.

Ясипа Рабаева,

«Орал өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале