«Жер – қазына, су – алтын»
(Халық даналығы)
Орал қаласының аумағынан үй салуға жер алу көпшілік үшін арманға айналып кетіп еді. Тұрғындарға есеп берген кезінде қала әкімі Абат Шыныбеков Круглоозерный кентінде 1141 жер учаскесі дайындалып жатқанын айтқанда, тұрғындар елең ете қалғаны рас. ҚР Жер кодексіне сәйкес, ел азаматтарына жеке тұрғын үй құрылысы үшiн 0,10 гектар, саяжай құрылысы үшiн 0,12 гектар жер тегін берілуі тиіс. Осы кодекстің 94-бабының 4-тармағында көрсетілген жағдайды қоспағанда, жер учаскелерін аталған мақсаттар үшiн қайталап тегiн беруге тыйым салынған. Бірақ жер телімін күтіп жүргендердің біразы күдер үзіп те қойған секілді.
Қала әкімдігінің баспасөз қызметі ұсынған деректерге сүйенсек, қазіргі уақытта Круглоозерный кенті аумағында егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы әзірленді. Биыл жер телімін сумен жабдықтау үшін бюджеттен 152,737 млн теңге, электр желісін тартуға 641,076 млн теңге, ал су құбырын салуға 309,198 млн теңге қаражат бөлінді. Орал қаласы бойынша жер кезегінде 72 519 адам есепте тұр. Ең соңғы рет жер учаскелері 2011-2012 жылдары берілген. Биыл жер кезегі жанданады деген күннің өзінде реттілік саны қатаң сақталады. Алдымен 2004 жылы есепте тұрғандардан бастап беріледі. Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін алу бойынша кезекке қою Қазақстан Республикасының 2003 жылғы Жер кодексіне сай жүргізіледі. Қала бойынша жер кезегіне тіркелу үшін өтініш беру әлі күнге толастамай келеді. 2020 жылы 400 адам жер учаскесін алуға кезекке тұрыпты.
Үкімет бекіткен ережелерге сәйкес, жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскелерін беру инженерлік инфрақұрылым дайындалған уақытта, яғни инженерлік желілермен толық қамтамасыз етілген соң жүзеге асырылады. Дайындалған егжей-тегжейлі жоспарлау жобасының және инженерлік инфрақұрылым тартылған алаңдардың болмауына байланысты жер учаскесін беру жұмысы тоқтаған. Заңға сәйкес жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін жеке меншікке тегін беру жер учаскелері игерілгеннен кейін жүргізіледі. Қала әкімдігінің рұқсатынсыз кез келген жерге баспана тұрғызуға болмайды.
Жер кодексінің 164-1-бабының 2тармағына сәйкес, мемлекет меншігіндегі және пайдалануға берілмеген жер құрамынан өз бетінше иеленіп алынған жер учаскесін қайтаруды жергілікті атқарушы құрылымдар талап ете алады. Заңсыз жер иеленуші ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы заңнамасында көзделген әкімшілік жаза қолданылған кезден бастап күнтізбелік отыз күн ішінде жер учаскесін босатуға және сонда салынған құрылысты, азаматтық заңнамада көзделген жағдайларды қоспағанда, өз есебінен бұзуды жүзеге асыруға міндетті.
Орал қаласы жер қатынастары бөлімінің ұсынған мәліметіне сәйкес, жер учаскесіндегі кезекті тоқсан сайын жаңартылатын қалалық әкімдіктің www.gov.kz сайтынан қарауға болады. Тіпті болмаса, Н.Назарбаев даңғылы 182/1-үй мекенжайы бойынша қала әкімдігі ғимаратының бірінші қабатында «Ашық әкімдік» кеңсесіндегі 9-үстелде отыратын маманға жолыға алады. Ол үшін қолда жеке куәлік пен жер кезегіне тіркелген кезде әкімдік өкілі берген рұқсат қағазы болғаны абзал. Бірақ көпшілік интернет арқылы ақпарат алудың оңай тәсілін көрсетуді сұрайды.
– Менің жер учаскесі кезегіне тұрғаныма 2004 жылдан бері 17 жыл өтіпті. Кезекке 6 мыңыншы болып тұрған едім, қазіргі кездегі кезек саны белгісіз. Себебі әкімдіктің сайтынан да, zem.kz порталынан да ешқандай ақпарат алу мүмкін емес. Бұрын exсel үлгісіндегі тізімнен қарауға болатын еді, қазір ол да жоқ. Менің ойымша, жер учаскелерін бөлу, үлестіру ашық болуы керек, – дейді Орал қаласының тұрғыны Ерлан Жұматаев.
Жәнібек ауданындағы Талов ауылының тұрғыны Жасұлан Пайдин 2010 жылы қала бойынша жер кезегіне тіркелген. Шалғайдағы ауылда тұратындардың шаһарға жиі жолы түсе бермейді. Сондықтан Жасұлан жер кезегіне байланысты тізімді интернеттегі ашық ақпарат көздерінен біліп отырғысы келеді. Тұрғындар сұранысына байланысты жер кезегіне тіркеу қызметін тездетіп цифрландыру, мобильді қосымшалар арқылы қадағалап отыруға мүмкіндік жасау – заман талабы. Облыстық ақпараттандыру, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Абат Ашық былтырғы желтоқсан айында іске қосылған «БҚО геоақпарат порталы» (https://map.e-batys.kz/) жетілдіріліп жатқанын, алдағы уақытта осы портал арқылы жеке үй құрылысына жер телімдерінің берілу тәртібін қадағалауға, жер кезегіне байланысты тізімді қарауға болатынын айтты.
ҚР Үкіметінің 2020 жылғы 10 шілдедегі тапсырмасы бойынша жеке тұрғын үй салуға өтініш берушілер туралы бар деректі жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін алуға кезекте тұрғандар тізіліміне енгізу жөніндегі жол картасы бекітілген. Мемлекеттік жер кадастрының аутоматтандырылған ақпараттық жүйесі (АИСГЗК) дерекқорына баспана тұрғызу үшін жер учаскесін алуға кезекте тұрған азаматтарды бірыңғай тізілімге енгізу жұмысы жүргізілуде. Заңнама аясында жер учаскесіне қол жеткізуге қатысты құжат айналымымен танысып алуға болады. ҚР Ұлттық экономика министрі міндетін атқарушының 2015 жылғы 27 наурыздағы №255 бұйрығымен бекітілген «Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелеріне құқықтар беру қағидаларының» 2-тарауында жер учаскесіне құқық беру тәртібі толық жазылған.
Баспана тұрғызғысы келген азамат «Жер қатынастары саласында мемлекеттік қызметтер көрсету жөніндегі қағидаларды бекіту туралы» ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2020 жылғы 1 қазандағы №301 бұйрығымен бекітілген «Елді мекен шегінде объект салу үшін жер учаскесін беру» мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларына сәйкес өтініш береді. Құжат айналымына жауапты мекемелер кезең-кезеңімен сәулет-жоспарлау тапсырмасын, инженерлік желілерге қосуға арналған техникалық шарттар және жер учаскесін түпкілікті таңдау актісін дайындайды. Өтініш беруші түпкілікті таңдау актісімен келіскеннен кейін оған қол қою үшін уақытша жер пайдалану шартын алу күні туралы хабарлама беріледі. Одан кейін жер-кадастрлық жоспарының бекітілуі қала әкімінің жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесіне құқық беру туралы оң шешім қабылдауына негіз болады. Жер учаскесіне құқықты растайтын құжаттарды алғаннан кейін ғана тұрғындар жылжымайтын мүлікті иелену құқығын мемлекеттік тіркеуге өтініш береді.
Бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған ақпаратқа сүйенсек, тұрғындарға 2010 жылы – 265, 2011 жылы – 1831, ал 2012 жылы бар болғаны 25 учаске беріліпті. Сол кезеңдерде инфрақұрылым жобаларынсыз пайдалануға берілген жерлер шаһарды билегендердің бас ауыртар мәселесіне айналады. Қалаға қоныс тепкендер кейін аутожолды салуды талап етті, коммуналдық желілер тарту қажет болды, әлеуметтік нысандарға сұраныс артты. Ертерек келіп, қала маңына қоныстанған тұрғындар, бір жағынан, әлі күнге есепсіз жер берудің зарбадын тартуда. Әлі күнге ауылдан қалаға ағылғандардың қарасы үзілген емес. Олардың дені саяжайларды қоныстанып жатқаны урбанизацияға қатысты қат-қабат мәселені алға тоса беретінінен билік хабардар. Қазіргі уақытта баспанамен бірге тоқымдай жер учаскесінің құны да шарықтап тұр. Қала әкімдігі не қат-қабат үй салып, не қоныс тебер жер телімін дайындап үлгеруге мұршасы келмей жатыр. Оралдан жер учаскесін алуға үмітті 72 мыңнан астам адамның сұранысын шешуге он жылдан кейін назар аудару әзірше айсбергтің ұшын ғана көру сияқты.
Нұртай ТЕКЕБАЙ,
zhaikpress.kz