19.10.2021, 9:27
Оқылды: 64

Жер кодексінің талаптары қадағаланады

Облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуына бақылау басқармасы қызмет барысында ҚР Жер кодексінің 147-бабының 2-тармағын басшылыққа алады. Мемлекеттiк құрылымдардың, кәсiпорын-мекемелердiң, ұйымдар мен азаматтардың еліміздің жер заңнамасын сақтауын, жер учаскелерiн нысаналы мақсатына сәйкес пайдалануын бақылайды. Жергiлiктi атқарушы құрылымдардың ҚР жер заңнамасы саласында қабылдаған шешiмдерiнiң заңдылығына, жер учаскелерiнiң иелерi мен жер пайдаланушылардың құқықтарының сақталуына  мемлекеттік бақылау ұйымдастырады.

4ac4a32-field

Биылғы қыркүйек айына дейін жер заңнамасының сақталуына қатысты 110 тексеріс жүргізіліп, 43 заңбұзушылық анықталды. Отыз үш адамға  3645274 теңге айыппұл салынып, 2998 887 теңге өндірілді.

Басқарма ҚР Жер кодексінің 92, 94-баптары негізінде жер учаскелерінің иелері мен жер пайдаланушыларға заңбұзушылықты жою жөнінде бір жылға нұсқама береді. Аталған нұсқаманы орындамаған жағдайда, пайдаланылмаған жерді  мемлекет меншігіне қайтару бойынша талап-арызбен сотқа жүгінеді. Былтыр коммерциялық құрылысқа арналған 1,6712 га жерді игеру жөнінде 12 адамға нұсқама берілді. Солардың оны  56,42  га жерді игерсе,  екі адам 0,052 гектарды өз еріктерімен мемлекетке қайтарды. Бір адамның 0,7070 га жерін мәжбүрлеп алып қою жөнінде сот шешімі шығарылды. Сондай-ақ бір адамның 0,4 гектар жерінің құжаттары сотта қаралуда. Биыл бір жер учаскесі бойынша нұсқама берілді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда.

ҚР Салық кодексінің 509-бабының 5-тармағына сәйкес ауыл шаруашылығы және коммерциялық мақсаттағы жерлер пайдаланылмаса, жер салығының базалық мөлшерлемелері он есеге дейін жоғарылайды. Сондықтан басқарма қызметкерлері жерлерін игермей отырған адамдардың тізімін мемлекеттік кіріс басқармасына  белгіленген уақытта жолдап отырады.

Мемлекеттік кіріс құрылымдары 2015-2020 жылдары коммерциялық мақсаттағы жерлердің жер салығының базалық мөлшерлемелерін он есеге дейін жоғарылату арқылы субъектілерден 20 911  мың теңге өндірді. 2015-2018 жылдары ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге салынған 15 983 мың теңге салықтың  13 млн.  791 теңгесі өндірілді. Биыл берілген нұсқамалардың мәліметтері жыл соңында есепті салық кезеңіне сәйкес жолданады.

Мемлекеттің иелігіндегі жер учаскелерін заңды құжатсыз пайдалануға болмайды. Заңсыз пайдаланған жағдайда басқарма заңбұзушылыққа жол берген жеке немесе заңды тұлғаларға ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 136-бабына сәйкес шаралар қолданады. Мысалы, мемлекет меншігіндегі жерлерді заңсыз алса, жеке тұлғаларға 75 (218 775 тг), лауазымды тұлғаларға, шағын кәсіп иелеріне 100 (291 700 тг), ал ірі кәсіпкерлерге 700 (2 041 900 тг) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Басқарма қызметкерлері тұрғындарға осы мәселе бойынша   түсіндірме жұмысын үнемі жүргізіп келеді.  Сонымен бірге «Ескертілсе  – қорғаласың» акциясын өткізеді. Акция барысында қолданыстағы жер учаскелерін сәйкестендіру құжаттарына сай пайдалану, заңбұзушылықтар үшін қолданылатын шаралар мен салынатын айыппұлдар жөнінде  айтылады.

Қорыта айтсақ, жеке және заңды тұлғалар жер учаскелерін әу баста белгіленген мақсатына сай пайдаланулары керек.

 

Мендеш Өтепов, 

БҚО жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау
басқармасының бас маманы

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале