2.07.2022, 0:02
Оқылды: 76

Жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару және жайылым мәселесі қаралды

Бүгін «AMANAT» партиясының облыстық филиалы жанындағы мемлекеттік басқаруды дамыту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Күн тәртібінде жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару және жайылым мәселесі қаралды. Жаңақала ауданында пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтарумен айналысатын бастамашыл топтың жұмыс нәтижесі талқыланды.

WhatsApp Image 2022-07-01 at 20.22.09

Қоғамдық кеңес төрағасы Бауыржан Атауов айтып өткендей, Жаңақалада жеке тұрғындардың малы көбейгендіктен, жайылым жетіспей жатыр. Мұндай мәселе барлық ауданда кездеседі. Сондықтан кезінде жерді меншігіне алып, бүгінде оны мақсатына сай пайдаланбай отырған шаруашылықтар көпшіліктің назарында тұр. Олардан жерді кері қайтарып алу өте өзекті болып отыр. Оларға жерді мақсатты пайдалану қажет екені, олай болмаса, мемлекет жер телімін қайтарып алатыны жөнінде талай айтылып жүр. Алайда көңіл көншітетіндей нәтиже жоқ. Жаңақалалықтар осы мәселені оңтайлы шешуді қолға алыпты. Нәтижесі де жаман емес. Бұл туралы кеңес отырысында аудан әкімінің орынбасары, жұмыс тобының жетекшісі Асқар Мұқамбетжанов баяндап берді.

- Төрт түлік мал басының өсуі ауданда жайылымдық жерлердің жетіспеушілігін туындатып отыр. Атап айтқанда, барлық малдың 30 пайыздан астамы жеке тұрғындардың үлесінде. Бұл жайылымдарға деген қажеттілік артты деген сөз. Осы бағытта аудан бойынша бірқатар нақты жұмыс қолға алынуда. Биыл аудан әкімінің өкімімен құрамына прокуратура мен жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері, аудандық мәслихат депутаттары мен қоғамдық ұйымдар өкілдері кіретін арнайы жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобы сәуір айында барлық ауылдық округке барып, шаруа қожалықтарымен және жеке тұрғындармен кездесіп, түсінік жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде 7 шаруа қожалығының басшысы пайдаланылмай жатқан 20205 гектар жайылымдық жерді мемлекет меншігіне қайтарды. Қайтарылған жерлер, ең алдымен, ауыл тұрғындарына қолжетімді болуы керек. Себебі ауыл тұрғындары мал жаятын жайылым таппай, қиналып отыр. Аудан бойынша 55 ауыл шаруашылығы тауар өндірушісінің (АШТӨ) 75354 га жерді тиісті мақсаттарда пайдаланбай отырғаны анықталды. Қазіргі уақытта 27 АШТӨ жалпы көлемі 31403 га жерді айналымға енгізді. Он сегіз АШТӨ-нің 34794 га жері тексерілуде. Алты АШТӨ-нің  9157 гектарына қатысты құжаттар сотқа жолданды. Сонымен қатар аудан әкімдігі елді мекендердегі 40 мың гектардай жайылымды кеңейтумен айналысуда, – деді Асқар Жомартұлы. Ол бұл жұмыстың биылғы екінші жартыжылдықта да жалғасатынын айтты.

WhatsApp Image 2022-07-01 at 20.22.11 (1)

Жаңақала ауданының прокуроры Ғалымбек Мұхитов болса, елде жарияланған мораторийге байланысты, жеке қожалық иесінің жерін тексеру мүмкін емес екенін айтты. «Біз ауыл шаруашылығы жерлеріне қатысты мониторингті, яғни тексеруге қойылған шектеуді заң жүзінде алып тастау қажет деп есептейміз. Қазір тек ақпараттық жүйелердегі мәліметтерге мониториг жүргізу арқылы пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтап отырмыз. Желтоқсан-қаңтар айларында өткізген мониторингтің нәтижесінде жерін пайдаланбайтын 63 қожалықты анықтадық. Ал халықпен кездесудің арқасында тағы да осындай 20-дан астам шаруашылық бар екенін білдік», – дейді прокурор. Сондай-ақ бұл бағытта көбінесе заңнамалық тұрғыда кедергілер кездесетінін айтты. Кеңес барысында жұмыс тобының мүшелері жер телімін мемлекетке қайтару барысында кездесетін қиындықтарға, кедергілерге тоқталды. Мәселен, «Жер кодексінің» 43-1, 48-баптары бойынша кедергілер бар екенін жеткізді. Сондай-ақ жаңадан қожалық жүргіземін деген азаматтарға 400 гектарға дейін жер учаскелерін конкурссыз негізде беруді енгізу, жер комиссиясын алып тастау немесе конкурстарды өткізу тәртібін электронды түрге айналдыру қажет деген ұсыныстарын айтты.

Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Мұрат Өмірәлиевтің баяндауынша, 2019-2022 жылдар аралығында 1 млн 389 мың га (соның ішінде жайылым – 1 060 мың га) пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер анықталған. Ал биыл осындай 196 мың гектар (жайылым – 188 мың га) белгілі болған. Осы жерлердің 220 мың гектары (жайылым – 143 мың га) мемлекет меншігіне қайтарылыпты. Басқарма басшысы жайылымдық жерлер тозып кетпес үшін, мал бағымын оңтайлы ұйымдастыру қажет екенін айтты.

WhatsApp Image 2022-07-01 at 20.22.10

Қоғамдық кеңеске барлық аудан әкімдерінің орынбасарлары, партия филиалдарының атқарушы хатшылары, кеңес төрағалары зум платформасы арқылы қатысты. Кеңеске сондай-ақ «AMANAT» партиясы орталық аппараттың партиялық бақылау департаментінің бас инспекторы Венера Батырқызы да қашықтан қосылды. Ол республикалық деңгейде шешілетін мәселелер бойынша ұсыныс-пікірлерді отырыстың қаулысына енгізіп, орталыққа жеткізу қажет деді. «Жаңақала ауданында құрылған жұмыс тобының іс-әрекетінің нәтижесінде жарты жылға жуық уақыттың ішінде 20 мың гектардай жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл мәселеде елге сыйлы, беделді азаматтардың сөзі өтімдірек болып отыр. Біз, партияластар, бұл бастаманы құптаймыз. Жаңақалалықтардың бастамасын өзге аудандарға да үлгі етіп, насихаттауымыз қажет. Шаруалар ел игілігі жолында атқарылатын істің мән-мазмұнын түсінеді деп ойлаймын. Аудан әкімдіктері, партияластар осы жұмысты одан әрі жандандыруы тиіс», –  деді қоғамдық кеңес төрағасы. Отырыстың қаулысына сәйкес, барлық аудандық партия филиалының төрағалары, аудан әкімдері қыркүйектің біріне дейін аудандарында осындай бастамашыл топ құрулары қажет.

Айна Имашева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале