Әлеуметтік желілерде Қостанай облысындағы қызыл жалынмен күрестен кейін, үрлемелі қаптарда ұйықтап жатқан өрт сөндірушілердің суреті жарияланды. Бұл жарияланымға қазақстандықтар қызу қолдау көрсетіп, құтқарушыларға ізгі тілеген жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Нағыз батырлар», «Сіздер өз миссияларыңызды абыроймен орындадыңыздар», «Міне, нағыз құрметке лайық азаматтар», «Сіздерге алғысымыз шексіз», «Жарайсыңдар, жігіттер», «Ең қауіпті әрі бағалана бермейтін кәсіп» деген пікірлер арқылы әлеуметтік желі қолданушылары құтқарушыларға қолдау білдірді.
Еске салайық, Қостанай облысы Әулиекөл ауданындағы өрт салдарынан 43 мың гектар орман өртенді. Сондай-ақ, тілсіз жау кесірінен 108 құрылыс нысаны толық жанып кетті.
Сонымен қатар, қызыл жалын салдарынан 12 адам түрлі жарақат алып, 1935 жылы туған тұрғын көз жұмды. Ал, өрт басталғаннан бері 2091 адам қауіпсіз жерлерге көшірілді.
Жедел штабтың қазіргі уақыттағы мәліметі бойынша, өрт толық бақылауда. Елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ.