Сейсенбі күні БҚО Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатына БҚО қоғамдық денсаулық сақтау Департаментінің басшысы Жайдар Құрманов қатысып, облыс бойынша өткен жылғы өнімдердің қауіпсіздігіне жүргізілген мониторинг қорытындыларын жария етті.
Тұрғындардың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз ету мақсатында, қоғамдық денсаулық сақтау Департаменті ерекше тәртіп бойынша тексеріс және өнімдердің қауіпсіздігіне мониторинг жүргізу барысында өнімдердің сапасына бақылау жүргізеді.
Жайдар Бисенбайұлының мәлімдеуінше, өткен жылы облыс аумағындағы 223 сауда және 17 қоғамдық тамақтану нысандарында тағам үлгілері мен тағамдық емес өнім үлгілері (тауарлар) тексеруге алынған (2016 жылы – 383 сауда нысаны, қоғамдық тамақтану нысаны - 0). Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама жүргізу мақсатында жалпы құны 3,5 млн. теңге құрайтын 2402 өнім үлгісі, атап айтқанда, 1879 үлгі (78,2 %) тағамдық өнімдер және 523 үлгі (21,8 %) тағамдық емес өнімдер (2016 жылы – 2430 үлгі) сатып алынып, зерттелген. Тағамдық емес өнімдер қатарына балаларға арналған ойыншықтар, иіссу-косметикалық құралдар, тұрмыстық химия тауарлары, баспа өнімдері, жеңіл өнеркәсіп және жеке бас гигиенасы өнімдері, тағамдық өнімдермен байланысқа түсетін материалдар (қораптар, орамалар) жатады. Зерттеуден өткен тағамдық өнім үлгілері ішінде ет-сүт, балық, май, құс еті, кондитерлік, кулинарлық, астық, нан-бөлке өнімдері, жеміс-жидектер, шырын-тосап өнімдері, алкогольді және алкогольсіз ішімдіктер, таза ауыз су, балалар тағамдары, биологиялық белсенді қоспалар, мамандандырылған тағам өнімдері болған.
Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама жүргізу нәтижесінде, іріктеліп алынған 2402 өнім үлгісінің арасынан 268 үлгінің Кеден Одағының техникалық регламенттеріне сәйкес келмейтіндігі анықталды. Жалпы жүйелі жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде техникалық регламенттер талаптарын бұзу фактілері жылдан-жылға азаюда. Егер 2015 жылы сәйкес келмеушіліктер тексерілген өнімдердің 67,3% табылса, 2017 жылы ол тек 11,1% анықталған.
-1879 тағам үлгілерінің 77-сінен (4%) сәйкессіздіктер анықталды (2016 жылы - 321 үлгі -18,6%). Сондай-ақ жергілікті өндірушілер өндірген 11 өнім түрінен микробиологиялық көрсеткіштер бойынша сәйкессіздіктер табылды. Атап өтсек, «Говорухина В.Н.» ЖК кондитерлік цехы өндірген, Орал қаласындағы «Эльдар» және «Биатрис» дүкендерінен алынған кондитерлік өнімдер (барлығы 4 үлгі: торттар мен тіскебасар), «Утепкалиева А.К.» ЖК өндірген облыс орталығындағы «Дауешова» ЖК-нің «Продукты» дүкенінен алынған ет өнімдері, құс еті (барлығы 3 үлгі: «Манас» котлеттері, сиыр етінен тефтели), «Шарипова А.» ЖК өндірген «Донериум парк» кафесінен алынған кулинариялық өнімдер (барлығы 2 үлгі: сиыр және тауық етінен сэндвич), сондай-ақ «Идеал Маркет» ЖШС өндірген «Азиза» СҮ ішіндегі «Лидер» дүкенінен алынған ет және ет өнімдері (барлығы 2 үлгі: сиыр еті, сиыр етінен фарш), Самара қаласындағы «Аметист» ЖШҚ өндірген «Звягинцев В.А.» ЖК-нің қатырылған жартылай фабрикаттарды сақтау қоймасынан алынған құс еті (барлығы 2 үлгі: бройлер-балапандардың етінен жартылай фабрикат және фарш) тексеруден өтпей, сатылымнан алынды,-деді Жайдар Құрманов.
Жалпы өнімдердің таңбасында орыс және мемлекеттік тілде ақпараттың болмауы және тағам өнімінің дайындалу-сақтау мерзімі мен өндіруші туралы толық мәліметтің көрсетілмеуі жиі кездесетін олқылықтар. Сонымен қатар өнім қорабында Кеден одағына мүше мемлекеттер нарығында өнім айналымының бірыңғай белгісінің жазылмауы да тауарды сатылымнан алып тастауға негіз бола алады.
Департамент басшысының айтуынша, өткен жылы қауіпті балалар ойыншықтарының саны азайған. Егер 2016 жылы 74 сәйкессіздік тіркелсе, 2017 жылы - 34 факті анықталған. Облыстың сауда нүктелеріндегі сапасыз ойыншықтардың негізгі бөлігі, яғни 88%-ы Қытай және Ресей Федерациясында жасалған.
Орын алған олқылықтарды жою мақсатында өткен жылы БҚО қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мамандарымен жоспардан тыс бес тексеріс ұйымдастырып, 60 ұйғарым берілген. Жалпы сомасы 181 520 теңгені құрайтын 5 айыппұл салынған.
Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,
«Орал өңірі»